"6 миллиард теңге кеткен": Қызылорданың бұрынғы әкімі Көшербаев салған көпір қирап жатыр
Әлеуметтік желіде Қызылордадағы 5,8 миллиард теңгеге салынған көпірдің қирағаны түсірілген фотолар пайда болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Облыс орталығындағы Сырдарияның екі жағалауын жалғаған көпір 2016 жылы Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен салынған. Оны ұмытпау үшін көпірдің оң жағына әкімнің аты жазылған тақтайша орнатылған еді.
Өткелді салуға 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Көпір 2 жыл ғана салынған. Құрылыстың ұзындығы – 386 метр, ені 22 метрден асады. Мұнда төрт жолақты автомобиль жолы мен жаяу жүргіншілер тротуарлары бар.
Алайда, 5,5 жыл ішінде көпірдің асфальты опырылып, бетонның үгітілгенін байқауға болады.
Осы жағдайға қатысты Қызылорда қаласының жолаушылар көлік басқармасы пікір білдірді.
“Қазіргі таңда аталған көпірдің теңгерім ұстанушысы Қызылорда қаласының әкімдігі. Әлеуметтік желідегі көпірге жыл басында бақылау барысында тиісті мамандардың қатысуымен ақау актісі жасалып сметалық есептемесі әзірленді. 2022 жылға аталған ақаулықтарды жою және жыл көлемінде күтіп ұстау жұмыстарына қала бюджетінен 12,1 млн теңге қаржы қаралып, қазіргі таңда "АрмирСервис" ЖШС-і мердігер мекемесімен келісім шарт әзірленді. Жақын арада көрсетілген кемшіліктерді қалпына келтіру бағытындағы тиісті жұмыстар ұйымдастырылатын болады”, – деді басқармадан.