Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

23 млрд теңге жымқырған: Tengri Bank-тің бұрынғы басшысы 10 жылға сотталды

Жабылған Tengri Bank-тің бұрынғы басқарма төрағасы Ержан Шайкенов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: lsm.kz

Алматы қалалық сотының мәліметінше, басқалардың қаражатын жымқыру және сеніп тапсырылған мүлкін талан-таражға салу, банк ақшасын заңсыз пайдалану және өз өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілері бойынша 14 адамға айып тағылды.

Соттың мәліметінше, 2015-2020 жылдары банкті басқарған Ержан Шайкенов 13 адамнан тұратын қылмыстық топ құрған. Олардың көмегімен ол қарыз алушылардың теріс параметрлеріне, соның ішінде стандартты несие шарттары мен қарыз алушылардың кірістері туралы деректер арасындағы сәйкессіздіктерге, қарыз алушылардың төлем қабілетсіздігіне қарамастан, заңсыз несиелер берумен айналысқан.

"Айыпталушылардың жоғарыда аталған әрекеттерінің нәтижесінде қаржы ұйымына жалпы сомасы 23,5 млрд теңге залал келтірілген", – делінген сот хабарламасында. 

Сот банктің бұрынғы басшысы Ержан Шайкенов пен банк төрағасының бұрынғы орынбасары Бақтияр Ілиясовты қызмет бабын асыра пайдаланды және бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемденіп, жымқырды деп айыпты деп тапты. Оларға қаржы ұйымдарында басшылық қызметтер атқаруға өмір бойына тыйым салынып, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Сот тағы алты айыпталушыны аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру фактісі бойынша кінәлі деп тапты. Оларға мүлкі тәркіленіп, 10 жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық және қаржылық жауапты қызметтерді атқару құқығынан айыру арқылы 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үшеуі банк ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды, олар жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекпен бір жылдан бір жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы берілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау