Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2022 жылы Қазақстаннан 80 шетелдік қылмыскер экстрадицияланған

2022 жылы Қазақстаннан 80 шетелдік қылмыскер экстрадицияланған. Қылмыстың санаттары бойынша адамдар негізінен алаяқтық, ұрлық, кісі өлтіру, есірткі саудасына қатысты экстрадицияланады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде бас прокуратура мәлімдеді.

кісен

"Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экстрадициялау рәсімі іздеудегі адамды ұстауды, оған қатысты соттың санкциясымен 40 тәулікке уақытша күзетпен ұстауды, содан кейін 12 ай мерзімге экстрадициялық қамаққа алуды қамтиды. Осы уақыт ішінде күзетпен ұстаудағы адамға қатысты экстрадициялық тексеріс жүргізіледі және оны шет мемлекетке беру мүмкіндігі туралы шешім қабылданады. Бұл ретте, бас прокуратураның құзыретіне іздеудегі адамдарды экстрадициялау туралы шешімдер қабылдау мәселелері кіреді. Атап айтқанда, 2022 жылы біз шет мемлекеттердің ұстап беру туралы 90-нан астам сұрау салуын қарадық, оның 80-і қанағаттандырылды", – делінген бейсенбіде тараған ақпаратта.

Ведомство өкілдері қылмысқа қарсы күрес және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету саласында шет мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып жатқанын атап өткен. Сонымен бірге, заңды институт ретінде азаматтардың конституциялық құқықтарына барынша әсер ететін экстрадиция сияқты маңызды салада айтарлықтай жұмыс атқарылып жатқанын жеткізген.

"Қазақстанның негізгі әріптестері – Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан, олармен экстрадициялау мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың ең үлкен көлемі атап өтіледі. Аталған мән-жайлар мемлекеттердің құқықтық жүйелерінің ұқсастығына, олардың географиялық орналасуының жақындығына және көші-қон ағындарының қарқындылығына байланысты", –  деп қосты прокуратура.

Қылмыстың санаттары бойынша адамдар негізінен алаяқтық, ұрлық, кісі өлтіру, есірткі саудасына қатысты экстрадицияланады.



"Мысалы, Ресей Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша 2022 жылы осы елдің азаматы А.Ж. Урзагулов мемлекетаралық іздеуде болған және Ақтөбе облысының аумағында ұсталған. Ресейдің құқық қорғау органдары оны Н.М. Жумагазиевті атыс қаруымен топтық өлтірді деп айыптады. Орынбор облыстық сотының үкімімен А. Ж. Урзагулов аталған қылмысы үшін 15 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. 75 000 АҚШ доллары сомасына алаяқтық жасағаны үшін Өзбекстанға берілген Г.Т. Нәбиев Самарқанд қалалық қылмыстық сотының үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды", – дейді прокуратура.

Сондай-ақ өткен жылы ресейлік  құқық қорғау органдарына Давлатов С.Т., Авдеев С. В., Алиев Р. Х. және Транда Е. В. ауырлататын мән-жайларда адам өлтіргені үшін; Р. С.Хатов, А. А.Соколов, Х. М. Гадамаури есірткі сатқаны үшін берілген.

"Сонымен қатар Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа бірігуі бізге алыс шет елдерден келген шетелдік әріптестермен тиімді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Мұндай ынтымақтастықтың құқықтық негізі біздің мемлекетіміз қатысушы болып табылатын екіжақты және көпжақты шарттар болып табылады. Экстрадициялау туралы шарттары жоқ елдермен адамдарды ұстап беру туралы мәселелер халықаралық құқықта қолданылатын өзара іс-қимыл қағидаты негізінде қаралады. Бұл ретте, біз әрекетті қылмыс ретінде өзара тану талабын басшылыққа аламыз. Атап айтқанда, соңғы жылдары біз АҚШ, Түркия, Литва құзыретті органдарының сұранысы бойынша іздеуде жүрген адамдарды бердік", – делінген ақпаратта.

Шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарына экстрадициялау мәселелерінде уақтылы және сапалы көрсетілетін құқықтық көмек біздің шетелдік әріптестеріміздің адамдарды ұстап беру туралы қазақстандық сұрау салуларды оң қарауына көп жағынан ықпал ететіні атап өтіледі.

"Жалпы, осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс жасырын қылмыскерлерді әшкерелеуге және ең бастысы олардың жасалған қылмыстар үшін заңмен белгіленген қылмыстық жауаптылықтан кетуіне жол бермеуге мүмкіндік береді", – деп түйіндеді бас прокуратура.

Талқылау