"20 жыл бойы алысып келеміз": Батыс Қазақстандағы ауылдың тұрғындары жол мен жарықтың жоқтығын айтып, көшеге шықты
3 желтоқсан күні Теректі ауданы Подстепное ауылының тұрғындары шешімін таппай жатқан мәселені айту үшін көшеге шықты. Ауыл тұрғындарының сөзінше, Жеңіс көшесінде 20 жылдан бері жол да, жарық та жоқ. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Мой город басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Зейнеткерлер өз күштерімен шұңқырларды саз және құрылыс қалдықтарымен жабуға тырысқан, бірақ мұндай “жөндеу жұмыстарының” нәтижесі ұзаққа бармайды, дейді олар. Сондай-ақ тұрғындар өз қаражатына екі көше шамын орнатқан, өйткені лайда жүру қиын, ал жарықсыз бұл мүлдем ауырлайды.
Ауыл тұрғыны Ермек Жармұхамбетов аудан әкімінің қабылдауына барғанын, онда көшенің жобалық-сметалық құжаттары дайын болғанымен, әлі ақша бөлінбегені белгілі болғанын жеткізді.
“20 жыл бойы осы көшемен алысып келе жатырмыз. Балалар мектепке бара алмайды, себебі балшық пен су тізесінен келеді. Көлігі барлар балаларды күтіп алады. Жазда қатты жаңбыр жауса да жағдай тура осындай. Былтыр жазда бұл көшенің сметасы дайын болып, сараптамадан өткен. Бірақ ақша бөлінбегендіктен, құрылыс жүріп жатқан жоқ. Оның үстіне мұнда әлі жарық жоқ, бір шамды үй иесі орнатты, екіншісін өзім іліп қойдым. Қазір сағат алтыда қараңғы болады, балалар қараңғыда фонарьмен жүреді. Шынымен де екі шам орнатып қоюға болмас па?!”, – дейді Ермек Жармұхамбетов.
- "Іші суық, қабырғалары жарылған, су кіреді": Қостанайлық азамат жетім санаты үшін мемлекет берген жалдамалы пәтерін көрсетті
- Көлікте қонып жүр: Ақтөбеде сот алты адамнан тұратын отбасыны пәтерден шығармақ
Бибігүл Бекжанованың Жеңіс көшесінде тұрып жатқанына 20 жыл болған, оның үйі бірінші болып салынған. Оның жанынан кейін балабақша мен мектеп пайда болғанымен, оларға жету әлі де қиын. Подстепное тұрғындарының пайымдауынша, жергілікті билік бұл мәселеден хабардар, бірақ ештеңе істемейді.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Болат Қойшекенов жағдайды өз бетімен түзетпек болған: ер адам арба сатып алып, саз, құрылыс қалдықтарын тасып, шұңқырларды толтыруға тырысқан. Алайда алғашқы жауыннан кейін көше бұрынғы қалпына қайта түскен.
Теректі ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тұғызбаев жобалық-сметалық құжаттамасы дайын екенін және жоба үш көшеге есептелгенін айтты. Бюджеттік өтінім жазылып қойған.
“Біз үнемі жұмыс істейміз, осы аптада біз жол бөлімінде болдық. Бұл үш көше – Юбилейная, Жеңіс және Целинная 2024 жылға арналған бағдарламаға облыстық бюджет комиссиясының қарауына енгізілген. Олар бізді қолдаса, келесі жылы байқау жариялайды. Жеңімпаз мердігер компания бірден үш көшені жөндейді. Бұл көшелердің ғана емес, басқалардың да құжаты дайын. Бірақ тағы да бәрі қаржының бөлінуіне байланысты. Бұл үш көшеге шамамен 360 миллион теңге қажет. Жобаның жалпы ұзындығы 2,4 шақырым, Жеңіс көшесі шамамен 500 метр. Жарықты аудандық бюджеттен бөлек қаржыға жүргіземіз. Бұл жаңа трансформатор қажет дегенді білдіреді", – дейді Теректі ауданы әкімінің орынбасары.