Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түркияда болған жол апаты": Қаза тапқан қазақстандық туралы не белгілі?

Түркияда болған ірі апаттан қаза тапқан ер адам маңғыстаулық заңгер болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым марқұмның 49 жастағы Маңғыстау тұрғыны, Маңғыстау облысы адвокаттар алқасының адвокаты Кенже Мұңайтпасұлы екенін хабарлады. 

Кенже Мұңайтпасұлы 2018 жылы Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасының мүшелігіне қабылданған. Бұған дейін 2002-2013 жылдар аралығында прокуратура органдарында жұмыс істеген.

Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Бауыржан Мұсаев пен әріптестері марқұмның отбасына көңіл айтты.

"Кенже Мұңайтпасұлының қайтыс болғаны туралы хабар бізді қатты қынжылтты. Ол өте принципшіл, адал заңгер, кәсіби маман болды. Оның кетуі біздің қоғамда үлкен бос орын қалдырды. Кенже Мұңайтпасұлының отбасына, достары мен туыстарына қайғыра көңіл айтамыз", - деді Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Бауыржан Мұсаев.

Айта кетейік, Түркияның Алания облысында туристік шағын автобус пен жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан жол апаты орын алған еді. Нәтижесінде екі адам қаза тауып, 12 адам жарақат алған болатын. Оқиға кезінде 6-уы ауыр жарақат алып, 12 турист Алания және Манавгат аудандарындағы ауруханаларға жеткізілді.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Аланияда қазақстандықтар болған шағын автобус пен жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғанын растады. Сыртқы істер министрлігі Қазақстаннан барған туристердің жағдайы туралы айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркияда қазақстандық туристер мінген көлік апатқа ұшырағаны, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің апатқа қатысты мәлімдеме жасағаны және Түркияда апатқа түскен қазақстандықтардың бірі қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Талқылау