Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

TOR платформасы ІІМ-ге AI Governance Cup байқауында "AI Қауіпсіздік" номинациясы бойынша жеңіс әкелді

TOR платформасы
Фото: ІІМ

 

Ішкі істер министрлігі AI Governance Cup республикалық байқауында "AI Қауіпсіздік" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Қазылар алқасы жол қауіпсіздігін басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа – TOR-ды жоғары бағалады. Бұл өнім ІІМ мен қазақстандық IT-компания Sergek Group-тың бірлескен жұмысының нәтижесінде әзірленген. Жеңімпаздарға марапатты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.

Платформаның атауы оның мәнін дәл жеткізеді: "тор" – өзара байланысқан жүйе. TOR әртүрлі жүйелерді, камераларды, деректер ағындарын және патруль қызметін бір ортаға біріктіріп, елдегі жол қауіпсіздігін басқарудың тұтас цифрлық инфрақұрылымын қалыптастырады.

Бүгінде платформа Қазақстан бойынша 30 мыңнан астам құқықбұзушылықты тіркейтін құрылғыларды біріктіріп отыр. Олардың қатарында стационарлық камералар, мобильді кешендер мен дрондар бар. Әртүрлі операторларға тиесілі бұл жүйелер бір платформада біріктіріліп, жол қозғалысын толық қамтуға мүмкіндік береді.

TOR-дың басты ерекшелігі – алдын ала әрекет етуге бағытталған аналитика. "Қауіпті жүргізуші" және "Шаршаған жүргізуші" атты ЖИ модельдері жолдағы тәуекелді жағдайларды ерте анықтап, патрульдік полицияға дер кезінде хабар береді. Бұл ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.

"Біз үшін технологияның нақты пайдасы болуы маңызды. TOR жүйесі тек құқықбұзушылықты тіркеп қана қоймай, жолдағы қауіпті жағдайларды алдын ала байқап, тәуекелдерді ерте анықтауға көмектеседі. Мысалы, жүргізу құқығынан айырылған адамдарды, іздеуде жүрген көліктерді немесе қауіпті әрекеттерді дер кезінде анықтай аламыз. Соның арқасында оқиғаға жедел әрекет етіп, құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік бар", – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов.
TOR платформасы
Фото: ІІМ

 

TOR – ІІМ мен Sergek Group арасындағы көпжылдық бірлескен жұмыстың жалғасы. Бұл – серіктестіктің кезекті әрі ең ауқымды өнімі.

"TOR полициямен күнделікті жұмыс барысында, нақты қойылған міндеттердің негізінде пайда болды. Бұл — ұлттық деңгейдегі платформа, ол миллиондаған адамның жолдағы қауіпсіздігін арттыруға қызмет етеді. Біз үшін бұл маңызды бір нәрсені дәлелдейді: қазақстандық мамандар нақты мемлекеттік міндеттерді шешу арқылы әлемдік деңгейдегі AI өнімдер жасай алады", – деді Sergek Group компаниясының CEO-сы Евгений Ким.

Қазіргі таңда TOR мемлекеттік басқару жүйелерімен біріктіріліп, республика бойынша жол қауіпсіздігін басқаруда бірыңғай тәсіл мен ашықтықты қамтамасыз етіп отыр.

Айта кетейік, AI Governance Cup байқауын ЖИ және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп өткізді. Байқау мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектті тиімді енгізу бағытындағы үздік жобаларды анықтауға арналған.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 27 Сәуір, 2026 09:34