Тоқаев мәжілістің жаңа депутаттарынан не күтетінін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің 1-сессиясының ашылуында мәжілістің VI шақырылымының депутаттарына алғыс айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Өткен шақырылымның депутаттарына ойдағыдай қызмет атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Бес жылға жуық уақытта Парламент қабырғасында 410 заң қабылданды. Депутаттар өздерінің заңға бастамашылық ету құқығын пайдаланып, 60-қа жуық заң жобасын дайындады", - деді Тоқаев.
Сонымен қатар, ол жаңа депутаттардан не күтетінін айтты.
"Жаңа депутаттар алдыңғы әріптестерінің осы қарқынын сақтай отырып, анағұрлым жемісті жұмыс істеуі қажет. Себебі бәрімізді зор міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұр.
Біз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі межесіне қадам бастық. Сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмі ширек ғасырлық белеске жетті. Осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар ел үмітін ақтап, Отанымызға адал қызмет етеді деп сенемін", - деді мемлекет басшысы.