Телефонына жаңа бағдарлама орнатқан петропавлдық әйел 5 миллион теңгесінен айырылып қалған
Петропавлдық тұрғын телефонына AnyDesk бағдарламасын орнату арқылы алаяқтардың құрығына түскен. Әйел 5 миллион теңге несиені қалай алғанын түсінбей қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Алаяқ банктен қоңырау шалдым деп қала тұрғынына біреу оның атынан несие алып жатқанын айтқан. Кейін телефонына AnyDesk бағдарламасын орнатуға кеңес берген. Содан кейін телефон соғушының нұсқауын орындап, әйел несие лимитін таңдау және бөгде адамның шабуылының қайталануын болдырмау үшін 5 миллион теңгеге банктен қашықта несие алған. Бұл ретте алаяқ тұрғынның сенімінен шығу үшін СМС арқылы келетін кодтарды айтудың қажеті жоқ екенін баса айтқан.
Көп ұзамай әйелдің шотынан несиеге алған қаражаттың барлық сомасы жоғалып кеткен. Өзінің алаяқтарға алданғанын түсінген әйел бірден құзырлы органдардың көмегіне жүгінген.
“Әдетте алаяқтарды жәбірленушінің жеке кодтары мен аккаунттарына қол жеткізу қызықтырады. Алайда бұл жағдайда AnyDesk бағдарламасы телефонды қашықтықтан бақылауға мүмкіндік береді. Сондықтан ол әйелдің телефонына келген барлық СМС кодтарын көріп отырған. Нәтижесінде барлық қаражатты да сол бағдарламаның көмегімен өзіне аударып алған”,- деді Аққайың аудандық полиция бөлімінің басшысы Руслан Сапаров.
Полиция өкілдері банктерден келетін қоңыраулардың бәріне сене бермеуге және белгісіз телефон қосымшаларын жүктемеуге шақырды.