Шахизада: Арсыз әншілерді жарнамалайтын телеарналарды жазалау керек
Ұрпағымның болашағына алаңдаймын! Әнші Шахизада елімізде арсыз әртістер мен оларды жарнамалайтын телеарналарға ренішін жеткізді. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берген өзін толғандырып жүрген мәселе жайында сыр шертті.
– Шахизада ханым, күннен күнге құлпырып, жасарып барасыз. Мұның сыры неде?
– Ешқандай да жасырын құпия – сыры жоқ. Өзім ес білгелі сұлулыққа құмармын. Ал, халықтың алдында жүргендіктен бұл жауапкершілік екі еселенеді. Бізді бірі сынап қарайды, бірі сыйлап қарайды. Сондықтан, үнемі әдемі болып жүруіміз керек. Кез-келген адамның ішкі жаны сұлу болса, көзі жайнап, жүзі жарқырап тұрады. Мұндай жаны таза жандарға тіпті, опа-далаптардың да ешқандай қажеттілігі де болмайды. Өзім күнде таңертең бөлме температурасында бір стақан су ішемін. Бұл ағзамыздың дұрыс жұмыс жасауын қамтиды. Ағзасы дұрыс адамның беті таза, көңіл-күйік көтеріңкі болады. Одан бөлек спортпен айналысамын. Жас емеспін. Косметологқа да барамын. Ота жасатқан емеспін, бірақ дамыған біздің заманда түрлі-түрлі процедуралар бар. Соларды косметолог маманның кеңесімен жасап тұрамын.
– Туған күніңіз де жақындап қалды. Дайындық қалай?
– Алла қаласа, сіздерді міндетті түрде шақырамын. Туған күнімнің қарсаңында Республика сарайында жеке кешімді бергенім көрермен есінде шығар. Биыл да туған күнімді ерекше өткізуді жоспарлап жүрмін. Өзімнің туған күнім мен екінші немеремнің тұсаукесер тойын жасаймын. Қазір дайындық үстіндеміз. Себебі, тойдың боларынан, боладысы қызық ғой. Кімді шақырамыз, қандай өзгешеліктер болады, кім асаба болады, қайда жасаймыз дегендей көп сұрақтардың шешуін рет-ретімен табудамыз.
– Қос немереңіздің тәрбиесіне қаншалықты мән бересіз?
– Немере баладан да тәтті болады екен. Ұрыса алмаймын. Тек еркелетіп, сұрағанын алып беруге дайынмын. Сағынып қала беремін. Әр қылықтары, былдырлаған тілдері мен үшін тым тәтті. Алайда, әр нәрсе өз орнымен болу керек. Кәусар қызым телефон десе есі шығып кетеді. Әке-шешесі бермегенге қоймайды. Жер теуіп жатып жылауы әбден мүмкін. Ал, менің телефон бермейтінімді біледі. Сондықтан, тіпті, сұрамайды да. Балаларыма: «Телефонмен бірге құшақтасып ұйықтайсыздар ма? Әлде ішіне кіріп кетесіздер ме, өздерің біліңдер. Бірақ, мына екі баланы телефонға үйретпеңдер» деп жиі айтамын.
– Телефон дегеннен шығады, өзіңіз ұялы телефонның маркаларына қаншалықты құмарсыз?
– «Ойбай, мынадай телефон шығыпты, алу керекпін» деп телефон қумаймын. Алайда, ортамның алды болмасам да ортасы болуға тырысамын. Қазір соңғы шыққан қымбат телефондардың бірін ұстап жүрмін.
– Сатып алдыңыз ба? Қаншаға алдыңыз?
– Мұны маған ұлым айтты. «Мама осындай телефон шығыпты. Өзіңізді ескі ғой. Осыны алсаңызшы» деді. Содан жарайды деп дүкенге бардық. Алатын кезде бөліп төлейтін –рассрочка деген пәле арқылы алдым. Алты ай бөліп төлеу керек болдым. «Жарайды, бастысы несие емес қой», – деген ойым алғашқы айдан бастап күрт өзгерді. Өзімді біреуге қарыз сезініп, әр айдың қарыз төлейтін күніне дейін уайымдап жүрдім. Алты айдан соң «уф» деп терең дем алдым да, енді мүлдем несиеге де, бөліп төлеуге де жақындамауға уәде еттім.
– Бұған дейін несие алып көрдіңіз бе?
– Жоқ, өмірімде алған алғашқы несием осы болатын. Бұған дейін ешқашан алған емеспін. Тіпті, пәтерім жоқ кезде де талай несиемен пәтер алу мүмкіндігі туған еді. Мен бас тарттым. Орыс кемпірлердің үйін жалдап тұрсам да, кредит дегенді алмаймын деген шешіммен өмір сүрдім. Шүкір, өзімнің маңдай терімнің арқасында қолым өз пәтеріме жетті. Кейін көліксіз жүрген кезде де талай достарым арзан пайызбен несие алып, көлік сатып ал деп айтатын. Мен келіспедім. Біреуге қарыз болғанша, жаяу жүргенім дұрыс деп шештім. Есесіне, ешкімге қарыз болмадым. Уақыты келіп, ақша жиналған кезде сатып алдым. Кредит деген сөзді өз басым «кіреді ит» деп түсінемін. Әр отбасының шырқын бұзып, шаңырағын шайқалтатын мұндай ит-кредиттен аулақ болу керек. «Кредитке жақындамаңдар» деп өзімнің бауырларым мен балаларыма жиі айтып жүремін. Елге мақтану үшін кредитке көлік алғанша, жан тыныштығы үшін жаяу жүрген абзал.
– Қарыз беруге қалай қарайсыз?
– Қарыз бермеуге және алмауға тырысамын. Қарыз деген күліп барып, жылап қайтатын ақша ғой. Мұндай ақша екі жаққа да береке әкелмейді. Сондықтан, шынымен жақындарымның мұқтаждығын көрсем сыйлыққа деп қомақты қаржы болса да бере аламын. Бірақ, қарызға сұраса бермеймін.
– Қоғамда қандай мәселеге жаныңыз ашиды?
– Ғаламтордағы екі кішкентай қыздың өрескел қылықтарын көргенде қатты жүрегім ауырды. Олар бала ғой. Балалықпен не істегендерін түсінбейтін шығар. Бірақ, соны таратушылар нағыз арсыздар екен. Қазір ғаламтор деген бәрінің қолжетімді ермегі болып қалды. Еңбектеген баладан, еңкейген шалға дейін осы ғаламтордың құлы болған заман ғой. Осыны ойлаған кезде, болашақ ұрпағымның ертеңі үшін алаңдаймын. Бірақ, бәрі тікелей тәрбиеге байланысты деп ойлаймын. Мысалы, мен өзімнің немерелерім ертеңгі күні мұндай қателік жібереді деп ойламаймын. Себебі, мен олардың әкесіне жақсы тәрбие бердім. Ұлым мен ар мен ұятты, адамгершілікті, жамандық пен жақсылықты жақсы ажырата алады. Әкесінің тәрбиесіне қарап бой түзеген ұл – қызда әрдайым тәртіпті, инабатты болады деп білемін.
– Кішкентай қыздардың мұндай қателігіне өзіңіздің әріптестеріңіздің де кей әрекеттері түрткі болды деп ойламайсыз ба? Мысалы, қазір жартылай жалаңаштанатын әнші көп. Ол аздай, бейнебаяндарда «еркек пен әйелдің сүйісуі заңдылық» деп ашық кадрлар түсіретін болған. Мұны көрген балалар «ана әнші солай жасады. Бәріне ұнады. Яғни маған да болады» деп ойлауы әбден мүмкін ғой.
– Білмеймін. Өз басым ұятсыз бейнебаян түсірген емеспін. Алайда, «бәріне өнер иелері кінәлі» деу қателік болар. Мүмкін, сондай арсыз әншілер мен бейнеклиптерді жарнамалайтын арналарды жазаға тарту керек шығар. Жарайды, отандық арнаны, әншіні жазаға тарттық делік. Ал, әлемдік арналар мен әншілерді не істейміз? Қазір ғаламторды ашсаңыз мұндай ұятсыз, ашық-шашық дүниелер толып жатыр. Олардың бәрін жазғыруға біздің шамамыз келе ме екен?! Меніңше, ата-аналар өзгені кінәлағанды қойып, бала тәрбиесіне өздері мұқият көңіл бөлу керек сияқты. Қазір көптеген ата-аналар таңнан кешке дейін жұмыста немесе өздері телефонның ішінде, бала-шағасы теледидардың алдында. Сосын әрине, ол бала ойына келгенді жасайды. Сондықтан, әркім өз тәрбиесінен бастау керек деп ойлаймын.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.
Тағы оқыңыз:
Мөлдір Әуелбекова басшылық қызметке тағайындалды
Айгүл Иманбаеваның ұлы чех қызымен көңіл қосты
“Қалаулым” жұлдызы Жанерке: Пиар үшін жігіттің әке-шешесімен танысатын көргенсіз емеспін
Өз тілім емес: Заңғар Нұртас “ағылшынша әнді акцентпен айтты” деп сынағандарға жауап берді