Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шындыққа жанаспайды": Саясаттанушы Димаш Әлжанға шабуыл жасамақ болғандарға қатысты тың дерек шықты

Белгілі саясаттанушы Димаш Әлжанов Алматыдағы үйінің кіре берісінде екі белгісіз ер адамның өзіне шабуыл жасамақ болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Оқиға 2 шілде күні сағат 03:00 шамасында болған. 

Әлжанов түн жарымда үйіне келгенде ауладағы көліктен екі адамның шыққанын байқайды. Олардың бірі “Бұл сенсің бе?” деп сұраған. Димаш оның бұл сауалына жауап берместен, үйіне қашып кіріп кеткен. Кейін полиция шақырған. 

“Бүгін сағат 03:00 шамасында үйімнің кіре берісінде екі белгісіз адам маған шабуылдамақ болды. Көлікпен келіп, ауладан шығуыма тосқауыл қойды. Қала орталығындағы аулалардың біріне маған шабуыл жасау үшін келіп, қашып бара жатқан кезі екі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ауладағы басқа камералар істемейтін болып шықты”, – деп жазды Димаш Әлжанов өзінің Instagram-дағы парақшасында. 

Күдіктілерді полиция ізін суытпай тапты. Бірі Түркістан облысының тумасы 21 жастағы Мейірбек Құдайберді. Ол полицияға Түркістаннан Алматыға таксист болу үшін келгенін, арасында тапсырыстарды таситынын айтқан. Бір апта бұрын ол "Форвард Индустри" ЖШС-нен көлік жалдап, 21 жастағы Бақдәулет Сейітжанмен бірге Алматыға жолға шыққан. Екеуінің де бұрын сотталмағыны анықталды.

Тергеуші олардың “Яндекстің” қарапайым курьер болып жұмыс істейтінін, сол түні тапсырысты шатастырып, ауыстыруға келгенін айтты. Мейірбек Құдайберді көрші үйге “отривин” тамшысын әкеліп, сәлемдемелерді шатастырып алған. Сөйтіп Бақдәулет екеуі тауарды қабылдап алатын адамды іздеген. Әлжановты көрген Мейірбек "Сенсің бе?" деп сұрағанда Димаш қашып кеткен.

Козачков Telegram-арнасының мәліметінше, полиция жігіттердің айтқан нұсқасын расады. Біріншіден, көршілердің бірі “отривин” тамшысына тапсырыс берген. Екіншіден, такси компаниясы көлікті 13 мың теңгеге жалға алғанын растады. Үшіншіден, сол түні аталмыш көлік “Яндекспен” тауар жеткізген. Сондықтан полиция жігіттер сол түні Димаш Әлжановқа шабуыл жасау дерегі расталмады деген қорытындыға келді.

Десес де Димаш пен оның адвокаты жігіттерден жауап алған. Сұрақ қою барысында кейбір жағдайлардың шындыққа жанаспайтынын анықтады.

“Біріншіден, “Яндекс” курьерлер екі адамнан жүрмейді. Екіншіден, олар тауарды бірінші подъездің 9 пәтерінде шатастырып алған. Бірақ олар менің үйімнің кіре беріс жағында, мен тұрған жерге келді. Логикалық тұрғыдан, егер олар тауарды айырбастайтын болса, онда ғимараттың арғы жағында, басқа подъезде тұратын адамның мекен жайына бару керек еді. Үшіншіден, курьерлер “отривинді” шатастырып, 9 пәтерге бургер беріп жіберген. Бұл жерде тапсырыс беруші тамшының орнына бургерді қала қабылдап алған? Әлбетте, екі тауарды шатастыру мүмкін емес”, – деп жазды саясаттанушы. 

Оның айтуынша, 9 пәтердегі тапсырыс беруші ер адам емес, қыз бала болған. “Неге бургерді менен сұрадың?” деген сұраққа жігіттер “Пәтердегі қыздың арғы жағында саған ұқсайтын жігіт бар еді” деп жауап берген. Димаштың қолында ол кезде ештеңе болмаған. 

“Курьерлер” көліктен шыға сала 2-подъезде түрған маған беттеді. Бірақ тапсырыс берген адам аулаға кіре берістегі 1-подъездегі 9-пәтерде тұрады. Мейлі, менен тапсырысты сұрағысы келді делік. Бірақ олар ештеңе сұрамастан менің артқы жағымнан келды. Сол сәтте мен өзіме қауіп төнгенін сездім. “Неге олай істедің?” деп сұрағанда олар олай жасамағанын айтып, ақталды. Қауіпті сезген сәтте-ақ подъезден алыстап кеттім. Бірақ олар тауарды ауыстырудың орнына менің артымнан жүріп отырды. Сөйтіп мен көрші үй жаққа қашып кеттім. Үйге жете бергенде бірі маған қолын созып, “Сенсің бе?” деп сұрады. Қандай курьер солай істейді? Екеуі өздері қалдырып кеткен пәтерге бармай, белгісіз адамның артынан жүгіріп, ауысып кеткен тауарды алмастырмақ болды”, – дейді Димаш Әлжан.

Димаш тағы бір қызық жайт туралы айтты. Ол адвокатымен полицияға барып, 20-30 минуттай өзара сөйлескен. Қысқа әңгімеден соң Қабанбай батырдың бойымен орталыққа қарай бет алған. 

“Сол маңда менің ісіммен айналысып жүрген полиция қызметкерін кездестірдім. Ол дәмхана немесе дүкеннің жанында екі “курьермен” энергетикалық сусын ішіп, достарша әңгімелесіп отыр”, – дейді ол.

Талқылау