Қазақстанда әлеуметтік желілер мен интернеттегі заңсыз үгіт-насихат үшін айыппұл енгізіледі

Мәжіліс сайлау туралы заңға өзгерістерді бірінші оқылымда мақұлдады. Енді оған сәйкес онлайн-платформалар кандидаттарға тең жағдай жасамаса немесе үгіт материалдарын жариялаудан бас тартса, айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жаңа түзетулер сайлау рәсімдерінің ашықтығын күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, сайлау қорларынан тыс қаржыландыруға тыйым салынып, заң бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Жаңа нормаға сәйкес:
- онлайн-платформалар кандидаттарға тең емес жағдай жасағаны үшін жеке тұлғаларға 20 АЕК (86 500 теңге), заңды тұлғаларға 50 АЕК (216 250 теңге) көлемінде айыппұл салынады;
- кандидаттар мен партиялардың сайлау қорларынан тыс материалдық көмек алуына тыйым салынады. Мұндай жағдайда жеке тұлғаларға 25 АЕК (108 125 теңге), заңды тұлғаларға 55 АЕК (237 875 теңге) айыппұл қарастырылған;
- кандидаттардың бюджеттен бөлінген үгіт-насихат қаражатын жұмсау тәртібін бұзғаны үшін айыппұл көлемі 25 АЕК-ке (108 125 теңге) дейін ұлғайтылады.
Сонымен қатар құжатта әкімдікке үміткерлердің дауысы тең түскен жағдайда қайта дауыс беру тәртібі енгізіледі. Бұдан бөлек, бір адамның бір уақытта әрі әкімдікке, әрі мәслихат депутаттығына кандидат болуына тыйым салу ұсынылды.
Министрдің сөзінше, бұл өзгерістер сайлау науқандарын жасырын қаржыландырудың алдын алуға көмектеседі. Оның үстіне қатысушылар үшін бірыңғай әрі түсінікті ереже қалыптастыруға бағытталған дейді.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай сайлауын өткізуге 15,5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалатынын жазған едік.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз