Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сенат педофилдер мен экстремистерге елге кіруге тыйым салу туралы заңды қабылдады

Сенат халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay
Заңда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктерге Қазақстан Республикасына кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу қарастырылған. Экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынбақ.

Сонымен қатар көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі айқындалады. Мәселен, аумақтық ішкі істер органдары жүзеге асыратын шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды, жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітіледі.

Егер жеке басын куәландыратын құжаттарды және қолданылу мерзімі өткен басқа құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаса, оларды төтенше жағдайларда пайдалану мәселесін реттеу қарастырылған. Мұндай құжаттар қолданылу мерзіміне қарамастан жарамды деп танылады.

Қос азаматтықты болғызбау мақсатында Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін (яғни, адам Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін шетелдік паспортты пайдаланған кезде) басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пайдаланған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтудың жаңа негізі енгізіледі.

Қолданыстағы заңнамада шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана Қазақстан азаматтығын жоғалтуды тіркеу көзделген.

Сонымен бірге Заңда мынадай:

- Қазақстан Республикасының үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алуға жағдай жасауға бағытталған түзетулер ұсынылады.

Қоныс аударушыларға жер учаскелері иеліктен шығару құқығынсыз, ең аз мөлшерден аспайтын мөлшерде конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқа мерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. 

Бұл ретте осы өңірлерден тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыру жер пайдалану құқығын тоқтатуға алып келеді. Сонымен бірге қоныстану өңірлерінде 5 жылдан астам уақыт тұратын қоныс аударушылар жаңа мерзімге ұзақ мерзімді жер пайдалану шартын жасасуға құқылы болады;

- ерікті қоныс аударуға қатысушыларға көшуге, тұрғын үйді жалдау шығыстарын өтеуге және коммуналдық көрсетілетін қызметтерді төлеуге, тұрғын үйді сатып алуға, төленетін субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы кредиттік міндеттемелер бойынша өндіріп алудан қорғау туралы нормалар бекітіледі. 
Оларға тыйым салынбайды, сондай-ақ шығыс операцияларын жасауға уақытша және өзге де шектеулер қойылмайды; 

- егер жеке басын куәландыратын құжатта этностық қазақтың ұлты көрсетілмеген жағдайларда, ұлтын айқындау бөлігінде қандас мәртебесін беру рәсімін жетілдіруге бағытталған түзетулер ұсынылады.

Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жеке басын куәландыратын құжаттарда не үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда қандас мәртебесін және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екенін айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттігі бекітіледі. 

Айта кетейік, кәмелетке толмағандарға зорлық жасағандар өмір бойы бас бостандығынан айырылмақ.

Талқылау