"Мұғалім блогер, күзетші немесе чат модераторы емес": Аймағамбетов мұғалімнің құқығын қорғау күшейтілетінін айтты

Фото: ortcom.kz
Жыл сайын білім саласына елеулі өзгеріс енгізіліп, мүғалім мәртебесін көтеретін "Педагог мәртебесі туралы" заң жаңа ережелермен толығып жатыр. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов биыл заңға енгізілген өзгерістер туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, Президенттің мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек, оның басты жұмысы – баланы оқыту деген сөзін басшылыққа алып депутаттар "Педагог мәртебесі туралы" заңға бірқатар түзету енгізіп, Үкіметке жолдаған.
Қайталанатын есепке тыйым салынады
"Бір рет бір жүйеге енгіздің бе – жеткілікті" қағидаты енгізіледі. Мұғалім бір ғана форматта не қағаз түрінде, не цифрлық түрде есеп тапсырады. Егер ақпарат Күнделік, НОБД немесе Bilimland жүйелерінің біріне енгізілсе, басқа жүйеге қайта кіргізудің қажеті жоқ. Мақсат – бюрократияны азайту және уақытты үнемдеу.
Әлеуметтік желіні мұғалім өз еркімен жүргізеді
Мұғалімдерді Instagram, Facebook немесе басқа әлеуметтік желілерде пост жазуға мәжбүрлеуге болмайды. Ол өз аккаунтын тек өз қалауымен жүргізетін болады. Чаттар мен хабарламалар ресми платформаларда (LMS жүйесі, электронды пошта) ғана болады. Мұғалім енді тәулік бойы чат модераторы болмайды.
Мектептен тыс оқиғалар үшін мұғалім жауап бермейді
Мұғалім күзетші немесе детектив емес, сондықтан мектептен тыс болған жағдайларға жауап бермейтін болады. Заңға алғаш рет "мұғалімге тән емес функциялар" түсінігі енгізіледі. Бұл норма педагогты еңбек шартына кірмейтін жұмыстарды орындауға міндеттеуден заңды түрде қорғайды.
Мектеп пен ата-анаға ортақ жауапкершілік жүктеледі
Енді мектеп пен ата-анаға бала үшін ортақ жауапкершілік жүктеледі.Бала тәрбиесі үшін екі тарап бірдей жауапты болады. Мұғалімге бар жауапкершілікті арту тәжірибесі жойылады.
Мұғалімнің құқығын қорғау күшейеді
Педагог мәртебесін бұзғаны үшін айыппұл көлемі өседі. Мұғалімге психологиялық немесе физикалық зорлық-зомбылық жасауға мүлдем тыйым салынады. Бұл мұғалімнің құқықтық және моральдық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды норма.
"Біз, депутаттар Мемлекет басшысының берген тапсырмалары мен педагогтердің ұсыныстары негізінде арнайы түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібердік. Енді ресми қорытындысын күтеміз.Бұл нормалар тек мектеп мұғалімдері ғана емес, сонымен қатар балабақша тәрбиешілері, колледж және ЖОО оқтушыларының да құқығын қорғайтын болады", - дейді депутат.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025–2026 оқу жылынан бастап "Цифрлық сауаттылық" және "Информатика" пәндері біріктіріліп, "Жасанды интеллект" пәні енгізілді. Пилоттық жоба бойынша ЖИ пәнін оқытуға кемінде 12 сағат бөлінеді. 200 мыңнан астам мұғалім ЖИ-ді тиімді пайдалану бойынша онлайн курстан өтіп, 140 мыңға жуығы куәлік алған. Мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру бағдарламасы жалғасуда.
Заңнамалық өзгерістер
"Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқылануда. Бұл түзетулердің мақсаты - педагогтердің құқықтары мен кепілдіктерін күшейту; әкімшілік жүктемені азайту; желілік мектептер институтын дамыту; уәкілетті органдардың өкілеттігін нақтылау;оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың жауапкершілігін нақтылау.
Оқу орындарындағы тамақтану стандарты
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Ас мәзірін енді денсаулық сақтау ұйымдары әзірлейді. Бұл өзгеріс мектептегі тамақтану сапасын біріздендіруге және денсаулықты қорғауға бағытталған.
Смартфонды пайдалану ережелері
2024 жылдың 23 ақпанында Президент қол қойған заңға сәйкес, орта білім беру ұйымдарында сабақ кезінде смартфон қолдануға тыйым салынды. Бірақ оқушылар телефонды мектепке әкелуге құқылы. Ол сабақ кезінде арнайы ұяшықта немесе сөмкеде сақталуы тиіс, тек оқу мақсаты немесе төтенше жағдайларда қолдануға рұқсат беріледі.
Бұл шектеулер көз және психикалық денсаулықты қорғау, назарды арттыру және гаджетке тәуелділікті азайту, онлайн буллингтің алдын алуға бағытталған.
Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі
Барлық мектептер антитеррорлық қауіпсіздік талаптарына сай қамтамасыз етіледі. Мектептерге лицензиясы бар күзет ұйымымен шарт жасасу міндеттеледі. 2025 жылғы 15 мамырдағы №112 бұйрық бойынша бекітілген Үлгілік конкурс құжаттамасында күзет ұйымдарына және қызметкерлеріне кеңсе үй-жайының болуы; кемінде 2 жедел әрекет ету тобы; радиобайланыс жүйесі; күзетшілердің жасы 25–50 жас аралығында; физикалық және арнайы дайындықтың болуы, соттылығы болмауы (әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты) секілді нақты талаптар қойылады.
Қорыта айтқанда, 2025 жылдан бастап білім беру жүйесінде цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, мұғалім мәртебесін көтеру, оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ мектеп қауіпсіздігін күшейту бағыттарында кешенді реформалар жүзеге асырылуда.
Ата-анамызды асырауға біз міндеттіміз бе?: Бұл сұрақ қазақстандықтардың пікірін екіге бөлді