Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық Парижде ауырып қалып, шақыртылған дәрігерді бір тәуліктен аса күткен

Фото: Stan.kz/AI Copilot арқылы жасалды

Қазақстандық Парижге демалысқа барып, ауырып қалғанын жеткізді. Сақтандыруы Freedom Life арқылы рәсімделген жерлесімізге 1 күннен аса уақыт көмек көрсетілмепті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Парижде демалыста жүрген қазақстандық күтпеген жерден сырқаттанып қалған. Ол сақтандыру арқылы медициналық көмек алуға тырысқанымен, нәтиже болмағанын айтып шағымданды. Оның сөзінше, Freedom Life арқылы рәсімделген сақтандыру полисі бойынша көрсетілуге тиіс қызмет кешіккен. 

Науқастың айтуынша, қолында бар дәрілер оған көмектеспеген, антибиотик қажет болған. Алайда Францияда антибиотикті дәрігердің арнайы жолдамасы болмаса алу мүмкін емес екен. Сондай-ақ қазақстандық жергілікті препараттардың қазақстандық баламалары қандай екенін де білмеген.

"Түнгі сағат 1-ден бастап дәрігер шақыруға тырыстым. Алғашында таңғы сағат 8-де дәрігердің қай уақытта келетінін хабарлаймыз деді. Дегенмен ешқандай хабарлама алмадым. 5 сағат бойы дәрігер жіберуін сұрадым. Арада 12 сағат өткен соң ғана дәрігер 6 сағат ішінде келуі мүмкін екенін хабарлады", – дейді азамат.

Алайда азаматқа дәрігер сол күйі келмеген. Тек бір күннен аса уақыттан соң көмек көрсетіліпті. 

Скрин: Threads yerkebulan.zarif

Медициналық көмекті ұйымдастыруға жауапты – Savitar Group компаниясы. Алайда қазақстандық олардың ресми аккаунтын таба алмаған соң барлық сұрағын Freedom Life-қа жолдаған.

“Freedom Life-пен хабарластым. Қызметкері сыпайы сөйлесіп, кешірім сұрады, бірақ жағдайдан хабарсыз болып шықты. Ұзақ сөйлестік, себебі бәрін қайта түсіндіруге тура келді. Әңгіме барысында олардың жауапкершілікті маған аударуға тырысқанын байқадым. Олар “неге жергілікті клиникаға бармадыңыз, кейін өтемақы талап ететін едіңіз” деген сарында әңгіме айтты. Оларға жағдайымды түсіндірдім. Барып өтініш жазып, құжат жинаумен айналысуға күшім жоқ екенін айттым”, – дейді қазақстандық. 

Аталған жағдайға қатысты Freedom Life компаниясы пікір білдірді. 

“Өз тарапымыздан қазақстандық азаматпен уақытылы байланыс орнатылды. Бізге берілген ақпаратқа сәйкес, Savitar Group Ltd ассистанс-компаниясы сізбен байланыста болып, дәрігердің консультациясын ұсынған. Қажет көмекті ұйымдастыруға дайын болған. Ал берілген скриншоттар ассистанс (сақтандыру жағдайы туындаған кезде сақтандырылған адамға нақты көмек көрсетуді ұйымдастыратын компания – ред.) тарапынан сізге ұсыныс берілгенін растайды. Алайда белгісіз себептермен, Savitar Group Ltd мәліметі бойынша, сақтандыру бағдарламасында көзделген қызметтерден бас тартылған”, – делінген хабарламада. 

Freedom Life компаниясы мұндай жағдайлардың алдын алу үшін, шетелге шығатын туристерден ерікті сақтандыру полисін рәсімдеуден бұрын сақтандыру шарттарымен танысуды сұрады. 

Дегенмен қазақстандық жігіт өзіне бір күн өтіп, желіде жазба жариялаған соң ғана көмек көрсетілгенін айтты. Сондай-ақ өзі көрсеткен скриншоттар уақытылы көмек көрсетілмегенін дәлелдейтінін жеткізді. 

“Скриншоттар сақтандыру компаниясы тарапынан уақытылы медициналық көмек көрсетілмегенін білдіреді. Сіздер ұсынған дәрігер мені тексеріп, кеңес беріп отыр. Алайда сіздер мені біз ұсынған қызметтен бас тартты деп айтып отырсыздар. Ең қызығы дер кезінде көмектесе алмайсыздар, серіктестеріңізбен байланыс нашар болып қана қоймай, медициналық көмектің көрсетілгенінен де хабарсызсыздар”, – дейді қазақстандық. 

Сондай-ақ ол Threads-тегі жазбасынан соң компания операторы хабарласып, өзін кінәлауға тырысқанын жеткізді. 

Шетелде ауырған жағдайда не істеу керек?

Сақтандыруды тексеріңіз. Сақтандыру полисіңізді ашып, қандай жағдайларды қамтитынын оқыңыз. Онда көрсетілген жедел байланыс нөміріне қоңырау шалыңыз (24/7 call-center). 

Сақтандыру компаниясына хабарласыңыз. Аурудың белгілерін айтыңыз. Қай елде, қай қалада екеніңізді нақты айтыңыз. Олар сізге жақын жердегі клиникаға баруды немесе дәрігерді үйге шақыруды ұйымдастырады.

Дәрігер келмесе / келуді ұзақ күтсеңіз жергілікті клиникаға өзіңіз баруға болады. Кейін сақтандыру компаниясына барып алған қызметке төленген чектер мен құжаттарды тапсырып, ақшаны қайтаруды талап ете аласыз.

Құжаттарды жинаңыз. Дәрігер берген барлық анықтамалар, рецептер, чек-фактуралар. Медициналық қызмет көрсетілгені туралы дәлелдер. Бұл құжаттар сізге өтемақы алу үшін қажет.

Егер сақтандыру болмаса!?

Жергілікті жедел жәрдем қызметіне немесе ауруханаға өз бетіңізбен жүгінуге тура келеді. Мұндай жағдайда емделу ақысын толығымен өзіңіз төлейсіз. 

Қазақстанның консулдығына хабарласыңыз (қажет болса).  Егер жағдай өте ауыр немесе төтенше болса, көмек сұрауға болады. Олар медициналық аударма, кеңес беру немесе туыстарыңызбен байланыс орнатуға көмектеседі. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025 12:02
Талқылау