Қазақтың Қажымұқаны: 23 жастағы жігіт жүз тонналық пойыз вагонын сүйреді

Ел арасында Қажымұқан атанып кеткен Алмат Жұманов жүз тонналық пойыз вагонын сүйреп көпшілікті тәнті етуде. Табиғи күштің арқасында ауырды бұйым көрмейтін ол бұған дейін де қоғамдық көлік, ауыр техниканы да тартқан екен. Тіпті, ирандық Халкпен де ережесіз жекпе-жекке шығуға дайын. «Қазақ титан» деген лақап аттың иесі 23 жастағы жігіт болып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентітгі Еуразия бірінші арнасына сілтеме беріп.

Бала кезінен ауыр затты ұршықша иіріп, салмағымен санаспайтын 23 жастағы жігіт бүгінде жүз тонналық пойызды орнынан жылжытып, сүйрейді. Бұған біраз көпшілік сеніңкіремей көмектесті десе, енді бірі алыптың еңбегін бағалап, алғысын жаудырып, қошемет көрсетті.

Алматтың айтуынша, өзіне дейін ресейлік Кокляев 80 тонна тартқан екен. Сондықтан, мен рекорд жаңарттым дейді.

"Кокляевті әлемдік рекорд деп шығарды жаңалықтардан. Енді біз, Қазақстан, 100 тонна тарттық, менікі одан асып тұр. Менікін әлем рекорды деп есептеймін", - дейді ол.

Алмат бала кезінен күрес, жекпе-жек, самбоға қатысып, спортқа бейімдігімен ерекшеленген. 

Қазіргі уақытта өзіне «Қазақ титан» деген лақап ат қойып алыпты. Бастауышты тәмәмдап, 5-сыныпқа барған кезде күресте қолы сынып, жарамай қалғандықтан дәл осы металл түрін денесінің бір бөлігі ретінде ішіне салғанын айтады. Есейе келе темір көтеріп, ауыр заттарды тартуға көшкен.

"Мұның басты ауырлығы аяққа түседі. Белге және басқа жерге мүлде түспейді. Бұл жерде аяқ мықты болса, бәрін итеруге болады. Аяққа әрине, аптасына екі рет жаттығу жасау керек. Сол кезде аяқта күш болып итерген затты оңай алуға болады", - дейді ол.

Алмат бұған дейін де 6 тонналық ауыр техниканы тартып, қоғамдық көлікке жұртты лық толтыра мінгізіп сүйреген. Оның барлығы мен үшін оңай деген алыптың күшіне көпшілік таңырқауда. Тіпті, кішкентай кезінен бастап табиғи күшті болғанын інісі де дәлелдеп отыр. Қара күшке ие балақай ағаштың томарын оңай арқалап кете беретін дейді.

"Бала кезінде дәу томарларды алып-алып, 3-4 томарды алып алады да, біз арбамен әрең тасып жүрсек, иығына салып кете береді. Біз артында тоқта десек, жоқ. Ол мықты. Кішкентай кезінен бастап өзі солай мықты болып өсті", - дейді інісі Бексұлтан Римов.

Енді «Қазақ титан»-ды тағы бір бәсеке күтіп тұр. Ирандық Саджад Гарибимен жекпе-жекке шығатын болады. Әлеуметтік желіде басталған кикілжіңнің соңы Түркиядағы рингте аяқталмақ.

Олар ережесіз жекпе-жек талаптары бойынша жұдырықтаспақ. Саджад Гарибидің бойы 186 сантиметр, салмағы 180 келі болатын бұрынғы ауыр атлетик. Көпшілік оны Ирандық Халк деп таниды. Алайда, ел намысын бермеймін деген Алмат қазірдің өзінде жекпе-жекке дайын.

"Ол бізге намысқа тиетін видео түсіріп жіберді. Содан кейін біз де өзіміздің жауабымызды жібердік. Менеджерлер ол жақтан бізге шығып, осы жылға ұйымдастырып жатыр", - дейді інісі.

Қазіргі уақытта ережесіз жекпе-жекке дайындалып жатқан Алматтың нақты қай күні рингке көтерілетіні белгісіз. Алайда қос алыптың кездесуі қызықты болатыны сөзсіз. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр