Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менің таңдауым – Қазақстан": Бельгиялық студент 4 жыл бойы қазақ тілін үйреніп жүр

Бельгияның KU Leuven университетінің студенті Стейн Ромбоут 4 жыл бойы қазақ тілін үйреніп жүр. 17 жасында анасымен қазақ елін көріп кеткен ол, сол сәттен бері қазақ тілін үйреніп елге тағы да келуді мақсат еткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.

2018 жылы алғаш рет Қазақтанды көрген Стейн тілді бастапқыда Youtube арқылы оқығанын айтады. Дегенмен  кейін қазақ тілін тереңірек оқу үшін "Colloquial Kazakh" онлайн қазақ оқулығын пайдаланған.

“Бағдарлама ағылшын тілінде жазылғанымен, онымен грамматиканы өте жақсы түсінуге болады. Сонда да тіл меңгеруге тек грамматиканың жеткіліксіз екенін, тәжірибенің қажеттігін түсіндім. Сондықтан қазақтармен желі арқылы араласа бастадым. Осылайша кішкене нәтижелерге қол жеткізе бастадым”, –  деді студент.

Стейн Қазақстанда бір жыл уақыт аралығында болғысы келетінін айтады. Сөзінше елде 4 мезгілдің қалай өтетінін көріп, ғажайып табиғатын тамашалауды армандайды екен.

“Мен Қазақстанмен жақынырақ танысқым келеді. Мәдениетін, жергілікті асханасын көрсем бе деймін. Қазір Бельгияда біздің университетте оқитын бір ғана қазақ досым бар. Онымен бірнеше күн бұрын таныстым. Мұнда университет бітірген соң көпшілік Италияға, Испанияға барғысы келеді. Алайда менің таңдауым – Қазақстан. Мен Еуропада әлі танылмаған ерекше елге барғым келеді”, – деді ол. 

Студент саяхаттаумен қоса ағылшын тілін үйретіп, пайдалы жұмыспен айналысуды қалайтынын айтады.

Талқылау