Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәһірге қымбат көлік сұраған қалыңдық күйеу жігітінен айырылып қалды

Екі жас мешітке барып, неке қидырар алдында айырылысып кетті. Қалыңдығы мәһірге қымбат көлік сұрағандықтан, күйеу жігіт оған үйленуден бас тартқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы Сая Қасымбек Facebook-те жазды. Автор жақын құрбысының басынан өткен жайтты баяндаған.

Сөзінше, құрбысының қызы бақуатты кәсіпкер жігітпен сөз байласып, тойға дайындықты бастап кеткен. Алайда екі жас тойға бірнеше күн қалғанда мешітте айырылысып кеткен. Оған қалыңдықтың мәһірге Hummer көлігін сұрауы себеп болыпты.

"Болашақ жары ең қымбат машина сұрағанына шарт еткен күйеу бала үнсіз орнынан тұрып, "той болмайды!" депті де, ешкімге қарамай кетіп қалыпты! Қасындағы досы арқылы қыздың "ойнап айттым" дегенін естіп, "құдайдың үйінде ойнайтын қатын керек емес!" деп, шорт кесіпті. Екі ортада тойға шашылған шеше еңіреп тұр. Күйеу жақтағы құдағимен хабарласса, "Балам бет бақтырмайды. Біз жақта да той болмайтынын жарияладық. Баламыз Астанаға кетіп қапты. Қызыңыз өзінен көрсін" депті. Жұбатарға сөзім жоқ?!" — дейді Сая Қасымбек.

Аталған оқиға Шымкент қаласында болған. Желі қолданушыларының бірі мал-мүлікке қызыққан қыздың ақымақтығын айтса, екіншілері сүйіктісінің айтқанын алып бере қоймаған жігітті сынады.

"Алланың үйінде сыпайылық сақтап, әрі кетсе Қажылық сапар сұраса, ұтар еді. Ол дарақы құрбыларының алдында көпірейін деген ғой. Құдай басқа бермесін. Шешесіне қиын болған екен", "Жігітті қолдаймын!", "Қазақтың дәстүрінде жоқ әдет қой. Жастарға көрінгенге еліктегенді қою керек. Қазақ қызды жүгімен берген, ал жігіт жағы қалың малын берген. Сол да жетеді деп ойлаймын", "Мұндайда, мешітке бармас бұрын қызбен ақылдасып, келісіп алған дұрыс-ау, не сұрайтын болдың деп. Шындығында, жігіт қызды сүймейтін болып тұр ғой!" — деп жазды желі қолданушылары.

Талқылау