Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ деген ұлт болмаған": Орыс тарихшысы Ресей өз жерін түрлі этникалық топтарға бөліп берді деп есептейді (видео)

Ресейлік тарихшы Михаил Смолин "Вездений" ток-шоуында 1917 жылғы революцияға дейін қазақтар да, өзбектер де ұлт ретінде болмағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Кадрдан алынған скрин

Тарихшының айтуынша, 1917 жылғы революцияға дейін өзбектер мен қазақтар мүлдем болмаған.

"Қазақстан қалай пайда болды?  Шын мәнінде әу баста РСФСР құрамындағы Қазақ ССР-і пайда болды. Демек ешқандай қазақ деген ұлт болған жоқ. Кейін Қазақ ССР-інің құрамында Қырғыз ССР-і дегенді құрды. Одан кейін оларды РСФСР-ден бөліп шығарды. Ол жерде ұлт қалыптастыруға қатысты небір сорақы шешімдер іске асты. Мысалы, өзбектер революцияға дейін болмаған. Тіпті өзбек деген этникалық атау болмаған. Алды да бірнеше Орталық Азиядағы ұлттан өзбектерді жасап шықты. Тура солай, Әзірбайжан ұлтын айтсақ болады. Әзірбайжан деген ұлт революцияға дейін болған емес. Айтпағым Ресей империясы өз жерін түрлі этникалық топтарға бөліп берді", - деді Смолин "Место встречи" ток-шоуында.

Айта кетейік, бұған дейін  ресейлік журналист Тина Канделаки Telegram-арнасына жазба жариялап, “Қазақстан орыс тілін мемлекеттік деңгейде ығыстырып жатыр" деп айыптаған еді. Сондай-ақ ол  қазақтарды "мәңгүрт" деп атап, Қаңтар оқиғасы кезінде Ресейдің көмекке келгенін еске салды. Оның осы мәлімдемелерінен кейін Канделакиге Қазақстанға кіруге тыйым салынды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресейлік режиссер Тигран Кеосаян “Қазақстан ешқашан мықты мемлекет болған емес" деп атап,  ашық қоқан-лоққы жасап, балағат сөздер айтқан болатын. Кеосаянға да Қазақстанда нон грата персонасы статусы берілді. 

Талқылау