Қарағандыда ерлі-зайыптылар көлік аламыз деп отырған 2 млн теңгесін жоғалтып алған
Қарағандылық полицейлер ерлі-зайыптылардың екі млн теңге салынған сөмкесін тауып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
3 маусым күні сағат 12:25 шамасында Қарағанды қалалық ПБ-на қарасты орталық полиция бөліміне белгісіз біреу Нүркен Әбдіров даңғылындағы үйлердің бірінің ауласындағы орындықтан ішінде екі миллион теңге ақшасы бар қол сөмкені алып кетті деген хабарлама түскен. Арада он минут уақыт өткенде оқиға орнына құрамында тергеуші Арман Иманқұлов, жедел уәкіл Ізмұрат Мүслімов және криминалист Нұрлан Бейсенбеков бар жедел-тергеу тобы жеткен.
Алдымен сол жерге барған полиция қызметкерлері ірі көлемде ақшаның жоғалуы бойынша анықтау жұмыстарын жүргізген. Ерлі-зайыпты Медет және Вероника Кокышевтер көлік сатып алу мақсатында Ақмола облысынан Қарағандыға келген. Нүркен Әбдіров даңғылының бойындағы үйлердің бірінің ауласында олар Қарағанды қаласынан сатып алмақшы болған көлікті көрсететін өзінің танысын күтіп отырған.
Арада уақыт өткенде танысы келіп, ерлі-зайыптыны сатып алатын көліктерін көрсетуге апарған. Көлік алуға барар жолда Вероника отырған жерлерінде ішінде екі миллион теңге ақшасы бар қол сөмкесін ұмытып кеткенін айтып, Нүркен Әбдіров даңғылына қайтып оралады. Олар ақша салынған сөмкені таппағандықтан полицияға хабарласқан.
“Оқиға орнына келген біз бірден аумаққа оқиғаның куәгерлерін анықтау мақсатында жұмыстар жүргіздік. Алайда куәгерлер болмады. Іздеу жұмыстары барысында сол маңда орналасқан ойын-сауық мекемесінде орнатылған бейне-бақылау камерасы барын анықтадық. Мекеме директоры бізге бейнебақылау камерасының жазбасын қарауға рұқсат берді.
Бейнетаспаны қарау кезінде біздің назарымызға жәбірленушінің қалдырып кеткен қол сөмкесін қойнына тығып кетіп бара жатқан шамамен 30 жастағы адам ілінді. Біз оның жеке басын және тұрғылықты мекенжайын анықтадық. Үйіне кіргенімізде ол бізге бірден ішінде екі миллион теңге ақшасы бар қол сөмкені берді. Біз оны иесіне қайтарып бердік, – дейді Ізмұрат Мүсілімов.
“Шынын айтқанда, полиция қызметкерлері жоғалған ақшамызды тауып береді деп ойламадық. Ақшаның жоғалғанына өзім кінәлімін. Алайда абырой болғанда полиция қызметкерлері жоғалтып алған ақшамды бір сағаттың ішінде тауып берді. Тауып алған адам ақшамызды жұмсап үлгермеген. Орталық полиция бөлімінің қызметкерлеріне зор алғысымды білдіремін”, – деді Вероника Кокышева.
Таңертеңгілік селекторлық кеңесте жоғалған ақшаны іздеу жұмысына жұмылдырылған жедел-тергеу тобы қызметкерлерінің жұмысын Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин жоғары бағалап, өзге қызметкерлерге үлгі ретінде көрсетіп, өз құқығымен марапаттайтынын жеткізді.