AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеті емес, 12 атадан қыз алысқан": Қазақтар не себепті қан тазалығын сақтайды және бұл не үшін керек?

Қазақтар ежелден Жеті атаға толмай қыз алыспаған. Осылайша бабаларымыз қан тазалығын сақтаған. Әлемде туыстық жақындықты сақтап, өзара некеге отырмайтын халық саны көп емес. Мәселен, көршілеріміз Өзбекстан елі енді ғана жас жұбайларға туыстық қатынастың жоқ екенін анықтау үшін молекулярлық-генетикалық тексеруден өтуді міндеттемек. Не себепті қан тазалығын сақтау маңызды? Қазақтардың Жеті атадан қыз алмау қағидасы қайдан шыққан? Мамандардан сұрап көрдік.

Қазақтардың қан тазалығын сақтауы қайдан бастау алады

Этнограф Досымбек Қатыран қазақтардың Жеті атадан қыз алыспауы сонау көшпелі мал шаруашылығына көшкен уақыттан бастап, сақ дәуірі кезеңдеріне, яғни б.з.д. 4-5 ғасырға сәйкес келеді дейді. Оның сөзінше, қазақтар жеті емес, 12 атадан қыз алысқан. 

“Шынтуайтында, қазақ 12 атадан кейін барып қыз алысады. Қазақтардың өмірінде 12 саны да көп кездеседі. Мәселен, рудың ішінде 12 ата бар, сағат тілі 12-мен бітеді, жыл мезгіліндегі 12 ай деген сияқты. Жеті деген тек шартты өлшем, яғни көп деген сөз. Жеті атаға дейін қыз алыспаудың себебі – қанда ауру болуы мүмкін, ол тұқым қуалайды. Ал жеті атадан соң ада болады, яғни ауру жоқ болады деген сөз”, – деп түсіндірді маман.

Этнограф қазақтар ұрпақтарды: өзімізге дейінгі, өзімізден кейінгі, қыз жағынан тарайтындар деп бөледі дейді.

Ұлдан тарайтындары: бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жегжат, жұрағат.

Қыздан туған балалардың да өз атаулары бар: қыз, жиен, жиеншар, көгеншар, дегеншар, жүрежат, туажат.

Жеті атадан соң қарғыс кетеді

Ғалым қазақтар қан тазалығын ұрпақ денсаулығы үшін ғана емес басқа да себеппен ұстанған дейді.

Оның сөзінше, қазақ қоғамында кейбір киелі саналған, сол сияқты қарғысы басым адамдар да болған. Олардың қарғысы сүйекке таңба болып, белгілі бір руға “сіңіп” кетеді деп есептелген.

“Бұл тұста да жаман сөз, қарғыс жеті атаға толған соң кетеді деген түсінік бар. Осылардың барлығын біліп отыратын сол кезеңде қариялар, үлкен кісілер болатын. Кімге үйлену керек, қай жермен құдаласу қажеттігінен хабар беріп отырады. Бұл жерде үлкен механизм бар.

Мәселен, алыстан құда болу деген нәрсе – өзінің, адамдардың малының қауіпсіздігін ойлайтын шара. Жайлау, қыстаудың арасы екі мың шақырымдық жер болуы мүмкін”, – дейді Досымбек Қатыран.

Өзбекстан еліндегі бастамаға қатысты этнограф екі елді салыстыра керек қазақтарда рулық сананың бар екені қуантатынын алға тартты.



“Өзбектерде рулық сана жоқ, мұны жоғалтып алды. Отырықшыланып, урбанизацияның әсер еткен сондай, бір ауылдың қызын ала беретін болды. Сондықтан Өзбекстан елі өте дұрыс жасап отыр. Рулық сана Құдайға шүкір, бізде бар”, – дейді ол.

Қан тазалығын сақтамағандарды қатаң жазалаған

Этнографтың айтуынша, бүгінде Қазақстанның солтүстік өңірі орыстанып, қан тазалығына мән бермей кеткен.

“Жеті ата туралы түсінік жоқтың қасы. Яғни, осы тұста жұмыс жүргізілу қажет. Жеті атаға толмай, жетінші атада үйленгендер бар. Бір-біріне жақын. Жек көріп араласпай кеткен жағдайларды мен жақсы білемін. Қазіргі таңда да кездеседі. Ежелде бұл үшін қазақтар қатты жазалаған. Мәселен, көпке белгілі “Қалқаман – Мамыр” жырының туу себебіне жұптың туыстық қатынаста құрылуы себеп болған.

Қазақта мынадай сөз бар: “Етегін түріп елден қуған”. Яғни қағиданы сақтамағандарды “айтқанымызға көнбедіңдер” дегендей елден қуған, солай олар тау-тас, үңгірді паналап кететін болған”, – дейді ол.

Елден аластатудан бөлек, мұндай жандарға теріс бата берген. Тас атып, үстінен мал айдап өткен жағдайлар да кездескен.

Жеті атаны қазіргі уақытта қалай есептеген дұрыс?

“Жеті деген сан көп деген сөз. Яғни сегізінші атадан болады екен деп қабылдамау керек. Жоғарыда айтқанымдай, он екі ата аралау керек. Мысалы, Дулат пен Дулат үйленбеген жақсы, Байбақты мен Байбақты қосылмаған жақсы деген сияқты. Мүмкін сегізден де көп шығар, тоғыз, он ата аралап кететін шығар. Әрине, ондай жағдайлар бар, бірлі-жарым кезігеді”, – дейді этнограф ғалым.

Ислам не дейді?

Жеті атаға дейін қыз алыспауды Ислам шариғаты құптайды. Мұны ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы, исламтанушы Бауыржан Абдуалиев растады.

“Өйткені, Омар ибн Хаттаб әс-Сәйиб отбасына (олар жақын туыстарынан үйленуге әдеттенгендер еді): "Уа, Бәни әс-Сәйиб! Тым әлсіреп кеттіңдер. Әйелдерді алыстан алыңдар, сонда әлсіремейсіңдер" деген (Ибраһим әл-Харби, әт-талхис әл-хабир, 3/146).

Бұл жердегі "алыстан" деген сөзді "алыс жерден" немесе "алыс рудан" деген мағынада түсінуге болады. Себебі туыстан емес, алыстан алған әйелден күшті әрі текті бала туылады. Ал жақыннан алса әлсіз бала туады.

Имам Шафиғи: "Қайсы бір қауымның әйелдері өздерінен басқа ер кісілеріне тұрмысқа шықпаса, ер кісілері де өздерінен басқа (туысқаннан емес алыстан) әйелдерге үйленбесе, онда балалары ахмақ болып туады" деген (әл-интиқа фи фәдәилу әл-әйіммәти әс-сәләсәти әл-фуқаһа, 98)”, – дейді маман.

Дегенмен оның сөзінше, Құранда аталған туыстық қатынастан басқаларына үйленуге болады.

“Тектілік мәселесіне Ислам қатты мән береді. Сол үшін де зинақорлықтан арылу үшін некені заңдастырған. Зинаға алып келетін жағдаяттардың барлығынан, мысалы көз тигізу, бөгде әйелмен жеке қалмау деген сияқты мәселелерді шариғатта заңдастырып қойған. 

"Тегін білмеген теріс бағады" демекші, жалпы дінімізде тектілікке қатты мән беріп, қарсы жақтың тегіне, ата-анасы, туыс-туғаны, бауырлары туралы біліп отырған. Шариғатта: дінді, ақылды, адам жанын, ұрпақ, текті сақтау және де мал-мүлікті сақтау секілді бес түрлі құндылыққа қатты мән берген. Соның ішінде, абыройды, текті сақтау шариғатымызда бұйырылған бұйрықтардың бірі”, – дейді исламтанушы.

Дін өкілі көрші Өзбекстанда қолға алынғалы жатқан шара туралы да пікірін білдірді.

“Қазақ халқы жеті атаны жақсы тарқатып, біліп отыратын болған. Білуімше, Өзбекстан елінде ру жағынан емес, Бұхаралық, Наманғандық деген сияқты елді-мекендеріне қарай бөлінеді.  Сондықтан да осындай қадамдарға баратын шығар. Дегенмен де, қазіргі біздің қоғамымызда жалпылама жеті атаға қатысты құндылықты қатаң сақтап, үйреткен дұрыс. Сол себепті де мұндай тәжірибенің бізге қажеті жоқ сияқты”, – деді ол.

Ислам бойынша ер адамға үйленуге болмайтын әйелдер 

"Сендерге аналарың, (әке-шешелеріңнің аналары) қыздарың, (ұл-қыздарыңның қыздары,) қыз туыстарың, (әке-шеше бір не бөлек,) әкелеріңмен туысқан әйелдер, шешелеріңмен туысқан әйелдер, еркек және қыз туыстарыңның қыздары, (олардың қыздары), сүт емізген аналарың, еміскен қыз туыстарың, қайын аналарың, жақындасқан әйелдеріңнің (бұрыңғы ерінен болған) қолдарыңдағы өгей қыздарың, егер ол әйелдерге жақындаспаған болсаңдар, сендерге бір оқасы жоқ. Бел балаларыңның әйелдері және екі қыз туысты бірге үйленулерің арам қылынды. Бірақ өткен өтті. Негізінен Алла тым жарылқаушы ерекше мейірімді. Некелі әйелдермен үйленулерің арам қылынды".

Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетіне назар аударсақ үйленуге тыйым салынғандардың бар дейді исламтанушы. Алты түрін маман тізіп берді.

Қан туыстығына жататындар:

1) Аналары және одан жоғары қарай. Бұл жерде әкесі мен анасы жағынан болған әжелерді де қамтиды.
2) Қыздары және одан төмен қарай. Яғни, барлық әйелдерінен болған қыздарына үйлену харам, тіпті туған немесе жалғасымды болса да барлығын қамтиды (қыздары, қызының қыздары, ұлының қыздары және төменгі қарай).
3) Қарындас-әпкелері, қай жағынан болса да. 
4) Немере әпкелері. 
5) Нағашы әпкелері.
6) Бауырының қыздары және одан төменгі қарай. 
7) Қарындас-әпкелерінің қыздары және одан төменгі қарай. 

Қайын жұрттық туыстық:

  • Әйелінің анасы. 
  • Рабиба (Өгей қыз). 
  • Өгей қыздарының немесе ұлдарының қыздары. 
  • Келіні. Бұған немересінің әйелі және одан төменгі санаттары жатады.

Әйелдердің арасын қосып үйлену

1) Ер кісіге төрттен артық әйелге үйленуге тыйым салынады. 

2) Әпке-сіңлілерді қосып үйлену харам.

3) Ер кісіге әйелді немере әпкесімен, немере әпкесі мен бауырының қызын, әйел мен нағашы әпкесін, нағашы әпкесі мен сіңлісінің қызын қосып үйленуі харам.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Әйелді немере әпкесінің және нағашы әпкесінің үстінен үйленбеңдер"  деген. Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта ол былай дейді: "Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелді немере әпкесімен, немере әпкесін сіңлісінің қызымен, әйелді нағашы әпкесімен, нағашы әпкесін сіңлісінің қызымен, үлкендерін (немере әпке, нағашы әпке) кішісімен (бауыры мен сіңлісінің қызы), кішісін үлкенімен қосып үйленуге тыйым салды" .


4) Әйелді қызымен қосып үйлену. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Маған қыздарың мен сіңлілеріңді ұсынбаңдар" деген. 

Басқа біреумен тұрмыс құруда туған кедергі

1) Біреудің әйеліне әрі идда мерзімін күтіп отырғандарға (қайтадан тұрмысқа шығу алдындағы мерзім -авт.) үйлену харам. Өйткені бұл тексіздікке алып барады. Сондықтан дінде бір әйелдің екі ер кісіге бердей тұрмысқа шығуына тыйым салынған.  

2) Басқа біреуден екіқабат болған әйелге үйлену харам. Яғни бұл өзге әйелдің жатырын ұрығымен суғаруға жол бермеу үшін жасалған.

Өзге дін өкілі

Пұтқа табынушылар мен отқа табынушыларға некелесуге болмайды. Яғни, мүшрік әйел мұсылман болмайынша оған үйлену харам. 

“Жоғарыда келген деректерден Алла Тағаланың ер адамға үйленуге тыйым салған әйелдердің белгілі бір түрлерін көреміз. Олардың кейбірі қан туыстығы, кейбірі сут туыстығы, сондай-ақ қайын жұрттық туыс, апа-сіңлілі туыстарды және өзгемен тұрмыс құрудан туған кедергі т.б. себептерге байланысты болып тұл.

Алла Тағала отбасын ажырасудан, күмәннан, алдамшылықтан, пасықтықтан, тексіздіктен аулақ болу үшін және әйелдер мен ердің арасында болатын ар-ұятты және құрметті сақтау үшін аталмыш әйелдер санатына үйленуді харам етті. Бұның барлығы асыл дініміздің кез келген жағдайда арды сақтауға әрі адамзаттың бақытты болуына мән беретіндігіне дәлел болады”, – дейді Бауыражан Абдуалиев.

Біреудің ұрығын пайдаланып бала көтеру қан тазалығына қайшы ма?

Ғұламалар кеңесі ЭКО арқылы бала табуға қатысты арнайы пәтуа шығарыпты.

“Егер тікелей ерлі-зайыптылардың арасында болатын болса, онда бұған Ислам қалыпты қарайды, яғни Шариғатта рұқсат етіледі. Ал егер, бөгде үшінші тарап қосылатын болса, шариғат бұған тиым салады. Себебі бұл жерде некелік одақ жоқ, тек араласып кетеді”, – дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы.

“Сүйіктіммен қимай қоштастым”

“Қалқаман-Мамыр” секілді оқиғалар бүгінгі күні де жетерлік. Мәселен, алматылық Қайсар Қасымжан сүйіктісі бір рудан екенін үйленуге дайындық басталып кеткен кезде білген. Өкінішке қарай, жұбымыз екіге айырылды дейді.

“Осыдан бірнеше жыл бұрын болған оқиға. Бір мекемеде жұмыс істедік, сол жерде таныстық. Бірнеше ай бойы араласып жүріп руымызды сұрау ойға кіріп-шықпапты. Сонымен не керек, екеумізде бір-бірімізді ұнатып, болашақты бірге жоспарлай бастадық. Әке-шешемізбен таныстыру ойда жүрген. Бірақ оған дейін жеткен жоқ”, – деп есіне алады Қайсар. 

Айтуынша, ойда-жоқта ру, жеті ата туралы әңгіме болғанда бір-бірінің рулас екенін біліп, бармақтарын тістеп, көңілдері су сепкендей басылған. Осылайша махаббат хикаялары ұзағынан сүйіндірмеген.

“Жаман хәлде болдық екеумізде. Ұзақ уақыт қабылдай алмай жүрдім. Ол да көзіне жас алып, “Неге дәл бізге мұндай сынақ түсті” дегені әлі есімде. Біраз уақыт бір-бірімізді қимай жүрдік. Қимай қоштастық. Не дегенмен тек, ру ойнайтын нәрсе емес қой”, – дейді ол.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр