Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жұбайымның туыстарымен тіл табыса алмадық": Қазақстандық мамандар ажырасудың негізгі себептерін атады

Елімізде ажырасуға тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың бірінің ішімдік пен есірткіге тәуелді болуы жиі себеп болады екен. Ажырасқан ерлі-зайыптылардың үштен бірінен көбі некеде 10 жылдан аса тұрғандар дейді сарапшы маман. 2021 жылдың І тоқсанындағы статистикаға сәйкес Қазақстанда неке коэффициенті 13,5%-ға өсіп, ал ажырасу саны 2,2 есе азайған. Қуануға себеп бар ма? Шын мәнінде елдегі ахуал қандай? Қазақстандықтар мамандарға қандай отбасылық проблемамен жүгінеді? Ерлі-зайыптылардың ажырасуына әдетте не себеп, отбасыны қалай сақтауға болады, барлық жағдайда сақтау керек пе? Stan.kz тілшісі мамандардан сұрады.

фото: Islam.kz

Атырау мен Маңғыстау облысында ажырасу көрсеткіші аз

2020, 2021 жылдары Қазақстандағы ажырасқандар көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылықтар байқалмайды – 48 мыңнан аса адам. Ал некеге тұрғандар саны керісінше 129 мыңға жуық адамнан 140 мыңға өскен. Биылғы және былтырғы статистиканы салыстырсақ, 2021 қаңтар-ақпанда некеге тұрғандар саны 19 мыңнан асса, биыл сол айларда 16 мыңға түскен. Соңғы үш жылғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, некеге тұрғандар саны ең көп өңір – Алматы қаласы және Алматы облысы болса, ең азы –  Солтүстік Қазақстан облысы болған. Ал ажырасу жиі тіркелетін де –  Алматы мен Алматы облысы екен. Керісінше, Атырау мен Маңғыстау облысында ажырасу көрсетіші аз.

2021 жылдың қаңтар-ақпан айларының көрсеткіштерін 2022 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштермен салыстырсақ, биыл алғашқы екі айда некеге тұрғандар саны 2021 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 1,2 есеге аз екенін көреміз.

Тарих ғылымдарының докторы, Eurasian Center for People Management (ECPM) бас директорының талдау жобалары жөніндегі орынбасары Леся Қаратаева Қазақстанда ажырасқан ерлі-зайыптылардың үштен бірінен көбі некеде 10 жылдан аса тұрғандар дейді.

Ал төрттен бірінен көбі – 5-9 жыл некеден кейін, ал 4,5%-ы бір жылға жетпей ажырасқандар. Бірақ сарапшының сөзінше, 50-60 жыл бірге тұрып жатқан ерлі-зайыптылар да бар.

“Яғни биыл былтырмен салыстырғанда әрбір мың адамға шаққанда бір жұпқа кем тіркелген. Бірақ сәйкесінше ажырасу фактілері де аз. Егер 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында 2784 ерлі-зайыпты ажырасқан болса, биыл дәл осы кезеңде – 2299 жұп айырылысқан”, – дейді Леся Каратаева.

Әлеуметтанушы некеге тұру және ажырасу жағдайларына әсер еткен бірқатар факторлардың бар екенін айтады.

“Қаңтар оқиғасына байланысты биыл қаңтар айында некеге тұру мүмкіндігі аз болды деп болжауға болады. Өткен жылдың басындағы ажырасу көрсеткішіне келсек, пандемиялық дағдарыстың салдарын да есепке алуға болады. Биыл ауыл тұрғындарына қарағанда қала тұрғындары 3,5 есеге отбасын көбірек құрған. Тиісінше ауыл тұрғындарына қарағанда қала тұрғындарының арасында ажырасу фактілері 4,3 есе жиі кездескен. Осылайша, қаладағы некеге тұру және ажырасу көрсеткіші қарқынды өсіп келе жатқанын көреміз”, – дейді ол.

“Қаншалықты оғаш естілгенімен, біз Қазақстандағы отбасылардың нақты санын білмейміз. Біздің статистикамыз неке мен ажырасудың жыл сайынғы нақты көрсеткіштерін, бала саны бойынша отбасының үлесін ескереді, бірақ нақты өмір сүріп жатқан отбасы санын көрсетпейді”, – дейді әлеуметтанушы.

Қазақстандағы ажырасудың себептері

Сарапшы кейбір себептер қазақстандық қоғамның құрылымдық өзгерістерінің нәтижесі болса, енді бірі жеке жағдайларға байланысты болуы мүмкін екенін айтады.  

“Орыс әдебиетінің классигі Лев Толстойдың сөзі бар: "Барлық бақытты отбасы бірдей бақытты, әр бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз". Яғни ажырасу әртүрлі себеппен болады. “Мінезіміз жараспады", "махаббат үшбұрышы пайда болды", "жұбайының туыстарымен тіл табыса алмадық" және т.б. бұлар – жағдайға байланысты себептер.

Қоғамдағы құрылымдық өзгерістер тудырған себептерге келетін болсақ, бұл жерде ең маңыздысы: отбасы мүшелерінің арасындағы гендерлік рөлдердің өзгеруі және патриархалдық өмір салтынан бірте-бірте алшақтау сияқты мәселелер. Қазір әйелдерге өздерін біреу асырау үшін тұрмысқа шығудың қажеті жоқ. Экономикалық жағынан тұрақтылық әйелдерге ажырасса да, болашағына сенімді болуға мүмкіндік береді. Дегенмен, әйелдер эмансипациясы (тәуелділіктен арылу – авт.) дұрыс емес деп ойлауға да болмайды. Ерлі-зайыптылар бір-бірін құрметтейтін және серігінің дамуына кедергі жасамайтын отбасылардың ажырасу фактілері сирек кездеседі”, – дейді Леся Қаратаева.

Ажырасудың жиі кездесетін себебі – тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың бірінің ішімдік пен есірткіге тәуелділік болады дейді маман.  Оның сөзінше, бұл жағдайда некенің бұзылуына қайғырмау керек.

Ажырасуға алып келетін факторлар

Леся Қаратаева ерлі-зайыптылар неғұрлым жас болса, соғұрлым олар сезімді бірінші орынға қойғыш, ал күнделікті тұрмысы туралы сәйкесінше көп ойлана бермейді дейді. Сондай-ақ, елімізде некеге тұру үлесі де азайып, қазақстандықтар 30 жас шамасында отбасын құратын жағдайлар көбейіп келеді екен. 

“Бұл отбасын құруға келгенде прагматизмнің артқанын көрсетуі мүмкін. Бірақ сонымен бірге, бұл жасқа келген адамдар жеке тұлға ретінде өздерін қалыптастырып алады, тиісінше олардың бір-біріне бейімделуі, үйренісіп, түсінісуі қиынырақ болады”, – дейді маман.

Ерлі-зайыптылар арасындағы ажырасу жағдайына алып келетін факторларға маман отбасы институты туралы білімнің жетіспеушілігін де атап отыр.

“Бізді қоршаған әлем тез өзгеруде. Меншікке деген көзқарас, гендерлік рөл өзгеріп жатыр, бірақ біз өткен ғасырда қалыптасқан бірқатар клишелерге сүйене отырып, отбасының маңыздылығын насихаттауды жалғастырып келеміз. "Отбасы – қоғамның ұясы!" Қазіргі таңда ерлі-зайыпты атанатын заманауи жастар бұл ұғымның мән-мағынасын түсіндіре алмайды деп ойлаймын.

Отбасы атқаратын функциялардың ішіндегі ең маңыздылары репродуктивті, тәрбие мәселесі және әлеуметтік, экономикалық жағдайлар, сондай-ақ отбасы мүшелерінің мәртебе мәселесі. Алайда біз оны қоғамның шын мәнінде таптырмас институты ететін маңызды функциясы туралы айтуды мүлдем доғардық. Отбасы – бұл ең алдымен жағымды эмоциялар, стресске қарсы релаксация, руханият әлеуеті және барлық сыртқы қиындықтардан қорғайтын сенімді қалқан. Одан бөлек, отбасы деген күнделікті үлкен еңбек пен жауапкершілік дегенді де естуден қалдық”, – дейді отбасылық сарапшы.

“Отбасылы болу" қоғамда – статус

Ажырасу санының 2%-ға азайғаны отбасылық қарым-қатынас жақсарғанын білдірмейді дейді отбасылық психолог Ақан Мергембай.

“Заңды тұрғыда ажыраспай-ақ ерлі-зайыпты бола тұра бір аптадан бірнеше айлап бөлек тұрып жатқандар бар. Ажырасу деген кезде көп отбасы үшін мәселе тудыратын алимент деген нәрсе бар. Алимент төлегісі келмеген үшін де заң жүзінде ажыраспай жүргендер бар. Сол секілді "отбасылы болу" қоғамда – статус. Біреулер өздерінің мансаптық өсуіне кедергі болмауы үшін де отбасынан бөлек кетсе де заңды ажыраспай жүргендері бар. Сондықтан, статистикадағы бұл көрсеткіштер отбасыдағы жағдайдың көрсеткіші емес”, – дейді сарапшы. 

Маманның сөзінше, ажырасу көбейді деп айту да қате. Өз тәжірибесінде ажырасып араға уақыт салып қайта қосылып жатқандар да бар екенін тілге тиек етеді.

“Бірақ олар бұл қадамға бармас бұрын арнайы бізбен жұмыс істеу арқылы саналы түрде шешім шығарғандар. Жақсы бір үрдіс ретінде айтатын нәрсе – тойға дейін отбасылық өмірге дайындалатын кітаптар басылып шығуда. Оның кейбірі өзіміздің қазақ қоғамының ортасынан шыққандар. Меніңше, бұл қуантатын жағдай.  Психолог кеңесіне жүгінетіндер қатары азайды деп айта алмаймын. Ол да қуантады. Себебі, олар өз отбасын сақтап қалуды, отбасын құруға дайындалуды, арадағы қарым-қатынасты одан әрі жақсартуды қалайтындар. Ал егер ажырасамыз деп шешкендер болса, олар сотқа жүгінеді”, – дейді ол.

Қазақи түсініктегі отбасын құру өзгеріске ұшырауда

Ақан Мергенбай отбасы ішіндегі қарым-қатынас және отбасын құрғанға дейінгі қарым-қатынас мәселесі бойынша өзіне жүгінетіндерде келесідей проблемалар туындайды дейді.

“Халық ішінде институционалды тұрғыда шешіліп келе жатқан мәселелер үлкен проблемаға айналып барады. Өзіміздің қазақи түсініктегі отбасын құру өзгеріске ұшырауда. Ол бірінші кезекте осы уақытқа дейін Батыстық менталитеттің жемістері көрінуде. Ал ол өз кезегінде адамдарды эгоцентризмге алып келуде. Отбасында адамның тек өз эгосын ғана ойлауы – қауіпті. "Мен" деген шеңберден шықпай қалады. Бұндай болған жағдайда "ене мен келін", "ерлі-зайыптылардың түсінісуі", "ерлі-зайыптылардың бала тәрбиесімен айналысуы қиындап кетеді”, – дейді психолог.

Оның айтуынша, елімізде ажырасуға алып келетін топ үш себеп бар.

“Бірінші, ерлі-зайыптылардың бір-бірінің психологиясын түсінбеуі; екінші, ерлі-зайыптылардың арасына үшінші адамның араласуы; үшінші, жігіт жұртының келіннің "келіндік қырына" көңіл толмауы. Азаматтық некеге байланысты айтарым, бұл – әйел баласын қолданып тастап кетудің төте жолы. Бұдан зардап шегетін тек әйел ғана. Баламен қалады, қамтамасыз етпейді, көмектеспейді – екеуінің арасын тек бір төсек қатынасы ғана ұстап тұратын дүние. Жігіт кез келген уақытта қыз баланы тастап кете беретін болады. Некеге тұру деген сөзі болмаса, азаматтық неке дегенде ешкім ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Бұл – қауіпті үрдіс”, – дейді Ақан Мергенбай.

Адамның психологиялық жасының неке құруда рөлі зор дейді маман. Әсіресе, ер адам әлі есеймеген болса отбасын құрғаннан кейін көптеген келіспеушіліктерге алып келеді. 

“Ажырасуға менталитет, дәстүр сияқты факторлардың барлығы әсер етеді. Егер адам үшін ол нәрсе құндылық болса. Кеңес сұрағандардың ішінде нумерологиямен, жұлдыз жорамалмен, буддизммен, жайнизммен өмір сүретіндер кезікті. Бұл сәйкесінше дүниетанымның әркімде әртүрлі болатынын көрсетеді. Ал олар бір-бірімен қақтығыспай қоймайды”, – дейді психолог.

Отбасын қалай сақтауға болады?

Сарапшы отбасыны сақтау үшін ерлі-зайыптылар қарым-қатынасқа мән беру керектігін айтады. Оған өз деңгейінде көңіл бөлінбесе ерлі-зайыптылар бір-біріне суиды дейді.

“Қарым-қатынас өз кезегінде өлі дүние емес, қолға ұсталатын материал емес, ол – тірі нәрсе. Қарым-қатынас тірі ағза секілді оған әрдайым көңіл бөлуді, оны күтуді, қарауды талап етеді. Қарым-қатынасты өлтірудің төте жолы – оған көңіл бөлмеу. Көңіл суып кетсе, оны қайтару қиын. Оны сақтау негізінде жауапкершілік, міндеттер, құрметтеу, сыйластық деген нәрселер пайда болады”, – дейді Ақан Мергенбай.

Маман Қазақстанда отбасылық психологтар сұранысқа ие болмауының да бірнеше себептерін атады. Алайда психолог жұптарға туындаған мәселесін маман көмегіне жүгінуге кеңес береді.

“Біріншіден, біздің қазақи менталитетте үй ішіндегі мәселелерді сыртқа шығармау деген түсінік бар. Себебі, үйдегі нәрселерді айту – табу. Отбасы бұл адамның интимді ортасы, жанды жері. Адам жанды жерін біреуге ашып көрсетуді қаламайды әрі бұл ұят саналады. Белгілі бір дәрежеде бұл дұрыс. Алайда нақты бір мәселені ерлі-зайыптылар өз араларында орынды шеше алмаған жағдайда маманның қызметіне жүгінгені жөн. Яғни үй ішінде мәселе туындаса, оны көпшілікке айтпай маманмен шешу керек. 

Екінші себеп, стереотип. Біраз адамның түсінігінде "психологқа тек психтар барады" деген қызық стеориотип қалыптасқан. Сол сияқты бұл сала мамандарының қоғамдағы белгілі бір нақты проблемаларды шешу жолында қауқарсыздық танытқан кездері болды. Қазір белгілі бір проблемаларды шеше алатын нақты кәсіби мамандардың шоғыры пайда болып келеді. Қоғам өзінің проблемасын маманы шеше алғанын көрген жағдайда психологтар сұранысқа ие болады”, – дейді отбасылық сарапшы.

Талқылау