AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төре әулетіндегі шоқынған жалғыз адам емеспін": Қазақстандық бойжеткен руының тарихы, негізгі заңдылықтары мен шежірелері туралы айтты

"Төре руы – ақсүйектер тобы, элита. Кез келген мемлекеттің өзегін әрқашан ақсүйектер құрайды. Еуропада және Шығыстың басқа елдерінде де солай". Қазақстанда туып-өсіп, қазір Санкт-Петербург қаласында тұрып жатқан Виктория Кайназарова осылай дейді. Өз руының шежіресін зерттеумен және көпшілікке жариялаумен айналысатын ол Stan.kz тілшісіне төре руының тарихы мен қазіргі уақытқа дейін өзгеріске ұшырамай жеткен заңдылықтары туралы айтты.

виктория торе

Жеке архивтен. Виктория Кайназарова анасымен бірге

– Виктория, алдымен өзіңіз жайлы, отбасыңыз жайлы толығырақ айтып берсеңіз. Қайда туып, қайда өстіңіз?   

– Мен 1994 жылы 8 сәуір күні Қазақстанда дүниеге келдім. Мен тегімді 1927 жылы большевиктер атып тастаған Кайназар атамның құрметіне алғанмын. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл фамилияны біздің әулеттің барлық үлкен балалары алады, ал кіші балаларға Ергешхан атаның тегі беріледі. Мен өмірге келген жылы анамның жасы 34-те, ал әкем 44 жаста болған. Өкінішке қарай, әке-шешем бала кезімде ажырасып кеткен.

Мен аяулы анам мен туыстарымның қолында өсіп, солардың тәрбиесін алдым. Бала кезімде анам мені жанынан бір елі қалдырмайтын. Бұл тіпті іскерлік кездесулер болсын немесе дипломатиялық қабылдаулар болсын. Анамның кіші сіңлісінің үлкен қызы менің кітап оқуға, орыс әдебиетіне деген сүйіспеншілігімді оятты.

Мен табиғатымнан сабырлы адаммын, мені тепе-теңдіктен шығару өте қиын. Адамдардың бойындағы отбасына деген адалдық пен құрметті жоғары бағалаймын. Егер біреу маған бір рет опасыздық жасаса, мен оны кешіремін, бірақ ол адамға қайта жақындамаймын және қайта сенбеймін. Аллаға шүкір, айналамда аяулы анам, туған-туыстарымнан бөлек, менімен бірге ыстықты да, суықты да бірге өткерген жандар бар. Олар қиналған сәтте мені қолдап, менің жеткен жетістіктерім үшін шын жүректен қуана алады.

– Сіз Санкт-Петербург қаласында жоғары білім алған екенсіз. Мамандығыңыз қандай? Тарихқа қатысы бар ма?

– Анамның айтуымен заң факультетіне түстім. Бірінші курстың басында бір ұстазым менің құқықтан гөрі тарихқа жақын екенімді байқап, тарих факультетіне оқуға ауысуымды ұсынды. Мен алғашында келісіп, кейін анамды ойладым. Өйткені ол менің заңгер мамандығын алып, заң факультетінде оқуымды қатты қалаған еді, анамның рұқсатынсыз басқа пәнге ауысуға батылым жетпеді. Ал мұғалімнің ұсынысы туралы анам мен туыстарыма айтқанымда, анам алдымен заң мамандығы бойынша оқуымды бітіріп, содан кейін ғана басқа мамандыққа тусуімді сұрады.

2016 жылдың аяғында Санкт-Петербургте тұрып, оқып жүрген досым Петербург мемлекеттік университетіне түсуге мүмкіндік бар екенін жазды. Ол үшін барлық құжаттарды жинап, эссе тақырыбын таңдап, ынталандыру хатын жазу қажет еді.

Мен дереу қажетті құжаттардың барлығын жинап, қабылдау комиссиясына жіберіп, нәтижесін күттім. 2017 жылдың шілде айында Мәскеудегі досымның арқасында мен Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде бюджеттік білім алу үшін конкурстық іріктеуден өткенімді білдім. 1724 жылы Ұлы Петрдің жарлығымен негізі қаланған университетке ешкімнің көмегінсіз өз күшіммен оқуға түскенімді білгенде қалай қуанғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 2017 жылдың күзінен бастап менің бақытты студенттік кезеңім басталды. 

– Бала кезіңізден қалап түскен оқуыңызға деген ынтаңыз бөлек болған шығар, иә?  

–  Әлбетте. Мен әсіресе тарих беттеріндегі қызықты оқиғаларды бірге оқитын достарыммен талқылайтыныма ерекше қуандым. Оқу жылының басында менен кандидаттық диссертациямды қандай тақырыпқа жазғым келеді деп сұрағанда,  Шыңғыс хан мен Романовтар арасындағы қарым-қатынас туралы жазғым келетінін айттым. Алайда екеуінің біреуін таңдау қажеттігі туындап, соңында Романовтар әулеті туралы диссертация жазуды жөн көрдім.

 



Тарих институтының магистратурасын бітірсем де әлі күнге дейін Бөкей хандығының тарихын зерттеп, құжат жинаумен айналысамын. Дипломдық жұмысымды мұрағат материалдарымен толықтыра отырып, кітап етіп шығарсам деген ойым да бар. Өздеріңіз түсінгендей, менің мамандығым тарихшы және Романовтар әулетінің ғана емес, Шыңғысхан әулетінің де тарихын зерттеуді жалғастыруды көздеп отырмын. Өйткені олар Қазақстанның ғана емес, Ресей мемлекетінің де тарихы мен дамуына үлес қосты.

виктория торе 3

Жеке архивтен, Виктория Кайназарова қатарластарымен бірге 

– Сізбен сұхбатқа келісер кезде алдымен отбасымның рұқсатын сұрайын дедіңіз. Соған қарағанда айтуға болмайтын отбасылық құпияларыңыз бар ма? Өз руыңыздың тарихын тереңінен зерттеу туралы ойға қалай келдіңіз? 

– Алдымен өз руым туралы айтайын. Руыма деген сүйіспеншіліктің артуына, жақсы көруіме анамның қосқан еңбегі орасан. Мен ес білгелі анам маған кімнің ұрпағы екенімді, бойымда кімнің қаны бар екенін ұмытпауды айтып отыратын. Бала кезімде мен мұны түсінбейтінмін, тек анамның тегі туралы шежірені оқу арқылы мен мұны ұқтым және бұл болашақ мамандығымның қандай болатынына да жол сілтеді.

Үнемі мен бірнәрсе жасамас бұрын яки бір шешім қабылдамас бұрын анамнан және отбасы мүшелерінен бата алып, рұқсатын сұраймын. Тәрбием сондай. Себебі мен үшін отбасымның абыройы мен бақыты бәрінен биік тұрады.

Құпияларға келер болсақ. Иә, құпия бар. Әр отбасының өз құпиясы болады және олар жайлы ешнәрсе айта алмаймыз, себебі ол – құпия.

– Ел арасында Төрелердің жүзге жатпайтыны айтылады. Бұл туралы не айта аласыз?

–Төрелер расымен де жүзге жатпайды. Жүздерге сондай-ақ қожа, сунақ пен төлеңгіттер кірмейді. Қалғандары жүзге бөлінеді. Әр рудың негізін қалаушысы болады, біздің руда ол – Шыңғыс хан. Біздің шығу тегіміздің өзі айқын. Біз онсыз да азбыз. Аз ғана румыз. Қазақ хандығы өмір сүрген кезеңде де төрелер қазақ мемлекетінің негізі болды.

виктория торе 4

Виктория Кайназарова мен анасы Шарифаханым. Нұр-Сұлтан қаласы, 2009 жыл.

– Төре руындағылар Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы екенін айттыңыз. Қазақ қоғамында да хандар тек төре сұлтандарынан сайланғанына тарих куә. Осыдан-ақ төре руына ерекше ықылас ежелден бөлінгенін аңғаруға болатын секілді. Бұл жайында не айта аласыз? 

– Еуропалықтар өз династияларымен қалай мақтанса, біз де өз әулетімізді солай мақтан етеміз. Менің анам Шарифа ханымның әкесі Ергешхан, Шыңғыс ханның екі үлкен ұлы: Жошы хан мен Шағатай ханның тікелей ұрпағы. Жүніс ханның қызы (Шағатай ханның үлкен ұлы – Мүтүген ханзада), Моғолстан хандығының билеушісі – сұлтан Нигар ханым Қазақ хандығының екінші негізін қалаушы Жәнібек ханның ұлы – Әдік сұлтанға үйленді, одан Чучук ханым дүниеге келген. Чучук ханым Моғолстан хандығының билеушісі – сұлтан Абд Рашид ханға тұрмысқа шығады. Осылайша Жошы хан мен Шағатай ханның ұрпақтары бір тізбекке келді. Осы тізбек арқылы анам екеуміз Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы болып саналамыз.

– Instagram желісіндегі жеке блогыңыз арқылы өз руыңыздың тарихымен бөлісіп отырасыз. Бұл парақшаны жүргізіп келе жатқаныңызға неше уақыт болды және мақсатыңыз қандай?

– Мен парақшамды 2013 жылдан бері жүргізіп келемін және оны төре руы туралы, төре руының жеткен жетістіктері туралы, тарихи кейіпкерлер мен қазіргі замандағы жаңалықтар туралы айту үшін жүргіземін.

Біздің қазіргі тарихымызда аты қашалып жазылған төрелер мен аты аңызға айналған тұлғалар өте көп. Мәселен, елтаңбаның авторы Шота-Аман Уәлиханов, көптеген төрелер өздерін барлық салада көрсете білді. Сонымен қоса патша Семион Бекболатұлы (Успен соборында патша болып сайланған және Тверьдің соңғы Ұлы князі болған) жалғыз Шыңғыс ханның ұрпағы, Қасым хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Әбілқайыр хан, Бөкей хан, Жәңгір хан, сұлтан Ғұбайдолла Шыңғысхан, Байзет Гирай сұлтан, Қырым Гирай сұлтан, Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Жәкішев (өзін тамаша басқарушы әрі менеджер етіп көрсеткен) секілді.



Жоғарыда айтқанымдай, менің басты мақсатым – қалың жұртшылыққа Шыңғыс ұрпақтарының тарихын баяндау арқылы халықтың тек моңғол империясының ғана емес, империя құрамында болған Қазақстанның тарихына деген қызығушылығын арттыру.

– Тек төре руы ғана сақтайтын ережелер бар ма?

– Алдымен шежірені жатқа білу, 7-ші ұрпаққа дейін ата-бабаңызды білу парыз, өйткені шежірені біздің отбасы ойлап тапқан. Бұл қазақ халқы үшін антивирустық бағдарлама сияқты. Салт-дәстүрді сақтау, халықпен үнемі тығыз байланыста болу дегендей. Өйткені төре руы – ақсүйектер тобы, элита. Кез келген мемлекеттің өзегін әрқашан ақсүйектер құрайды. Еуропада және Шығыстың басқа елдерінде де осылай. Ақсүйектік өзек – адамның омыртқасы іспетті, жұлынса – бұл мемлекеттіліктің үзілгені.

– Бізге жолдаған суреттеріңіздің ішінде сіздің шоқынған кезіңізді көруге болады. Сондай-ақ сіз атыңыз бен тегіңізді осы кезде алғаныңызды айттыңыз. Осы туралы айтып беріңізші.

– Мен христиан дінінің православ ілімінен тыныштық тапқандай болдым, сол себепті шоқындым. Бұл оқиға 2011 жылы 21 мамырда Санкт-Петербургтегі Қазан соборында өтті. Шоқыну рәсімінде анам Шарифаханым мен Ресей императорлық одағының Санкт-Петербург бөлімінің бастығы Борис Сергеевич Туровский басқарған Петербург императорлық монархистері болды.

Анамның әулетінің шежіресін жан-жақты зерттеп бастамас бұрын мен өзімді әулеттегі шоқынған жалғыз адам деп ойлайтынмын, бірақ кейін олай емес екені белгілі болды. Анамның руындағы көп туыстарымыз православ дініне өткен. Бұл жолды Бату ханның сүйікті немересі, Ростов ханшайымы Федора Сартаққызы бастап берді.

виктория торе 2

Виктория Кайназарованың Санкт-Петербургтегі Қазан соборындағы шоқыну сәті

– Ежелгі кезеңмен және қазіргі уақытпен салыстырып қарайтын болсақ, сіздің көзқарасыңыз бойынша төре руының басқа рулардан айырмашылығы қандай? 

– Жоғарыда айтқандарымның ешқайсысы менмендік немесе мақтаншақтық емес. Біздің руымыз осының бәрін негізге алды және біз ғана тектіліктің 500 жыл бойы өте қатыгез және табиғи жағдайда қалыптасқанын жақсы білеміз. Біз артық пайдаға, жемқорлыққа және абыройсыздыққа ұрынбаймыз. Біз ақсүйектерге, текті әулетке жатамыз, ал қалғандары мұны менмендік деп қабылдамауы қажет. Өйткені құдайдың алдында барлық адам тең, бірақ қоғамда теңдік ешқашан болған емес, болмайтынын да жақсы білеміз. Төре – саяси әрі басым бағыттағы ру. Айырмашылық жоқ. Яғни біз бармыз, болғанбыз және бола береміз. Артымызда әулеттің үлкен тарихы жатыр. Біздің рудың қазір биліктің басында болмағаны ешнәрсені білдірмейді. Тарихта біз бірнеше рет биліктен айырылғанымыз жазылған. Бұған қатысты бірнеше оқиға да болған. Бір ғана нәрсе анық, біздің отбасы ежелгі заманнан бері мемлекеттік деген ұғымды жоғары бағалаған.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр