AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енді халықаралық нарыққа шығу ойымызда бар": Жас өнертапқыш Қазақстанда стартап құрып, оны қалай ілгерінді бизнеске айналдырғанын айтып берді

25 жастағы Қасым Қабылғали – елімізде IT саласы бойынша бірегей өнім жасап, оған инвесторлардың назарын аудара алған жас өнертапқыштардың бірі. Италияда білім алып, шетел тәжірибесін көріп қайтқан ол бүгінде Қазақстанда өз ісін дөңгелетіп келеді. Отандық нарықпен шектелмейміз деген жас кәсіпкер алдағы уақытта халықаралық аренаға шығуды жоспарлапты. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Қасым Қабылғали стартапқа қайдан инвестиция тартуға болатынын, жастарға қандай мүмкіндіктер бар екенін айтып берді. 

 – Қасым мырза, өзіңіз, жобаңыз жайлы айта кетсеңіз. 

 – Мен Алматы қаласында туып өстім. Стартаппен айналысып жүргенімізге 1 жылға таяу уақыт болып қалды. Жобамызды өткен жылы мамырда қолға алғанбыз. Бұл жұмысты  мектепте әрі университетте бірге оқыған, бірге Италияда тәжірибе алмасып келген досым Даниельмен бірге бастадым. Мен Джон Кабот университетінде бизнес әкімшілік бойынша, ол маркетинг бөлімінде шәкіртақы ұтып, бірге оқып қайттық. Сол елде компаниялардан тәжірибеден өтіп, стартап жүргізудің қыр-сырын, ол маркетинг саласын жетік меңгерді. Кейін әлемдегі пандемияға байланысты Алматыға оралдық. Міне елге келгеннен соң ойымызға түрлі жобалар келіп бәрі осылай басталды.

Біздің жобамыз – кез келген форматтағы іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды іздеу және жалға беру қызметі. Веб-сайтты пайдалана отырып тұтынушылар түсірілімдер, жиналыстар, семинарлар, спорт, демалыстары және мереке өткізуге арналған орындарды оңай тауып, жалға ала алады. 

 – Стартап идеясы қайдан келді? 

 – Идея өзіміз ұшыраған мәселелердің нәтижесінде туындады. Досым Даниель маркетинг бағытында жүргендіктен, көбіне түсірілімдерді жоспарлайтын. Ол техникалық заттарға, тауарларға жиі түсірілім жасайтын. Оған үлкенді кішілі компаниялардан ұсыныстар түсіп, арнайы жарнамалық түсірілімдер үшін фотостудия, бейне студиялар қажеттілігі туындайтын. Ондай жерлерді оңай әрі қолжетімді түрде іздегенде түрлі кедергілер болып, көп уақыт алатын. Көпшілік қоғам мұндай жағдайда керегін Instagram желісін ақтарып, кейін картадан іздеп, төлем жасағанда да, таныс емес шотқа ақша аудару арқылы тәуекелге баратын. Осылай жұмысқа қажетті жерлерді табу үшін 1 сағаттан көп уақыт кетіруге тура келетін. Кейін ойымызға неге осылардың барлығын бір жерге біріктіріп қарайтын ыңғайлы сайт жасамасқа деген идея келді. Адамдарға қажетті түрлі студиялар, тыныш жұмыс жасауға, спортпен айналысуға, фотосессия, бейнежазба, сұхбат өткізу, жиналыс, кездесулер мен келіссөздер жасауға болатын қолайлы бөлмелердің барлығын Алматы қаласы бойынша бір сайтқа біріктіріп сол жерден еш қиындықсыз жалға алуға болатын желі жасадық. Біздің бұл жобамыздың маңызы –қолданушылардың уақытын үнемдеу, оларға ыңғайлы жағдай жасауға сеп болуы. 

 – Жобаларыңызды қалай бастадыңыздар?

 – Қаңтар айында Даниель келіп, Алматыда жалға берілетін орындардың көп екенін, бірақ оның бәрін бір сайт арқылы таңдап, бағаларын салыстыра отырып, жалдау мүмкіндігінің жасалмағанын, жүйелік жоқ екенін айтты. Сол себепті соның барлығын қарастыратын сайт құруды ұсынды. Оның бастамасы менің көңілімнен шықты, сондықтан уақыт жоғалтпай бірден іске кірісіп кеттік. Бірінші кезекте сайтты құрастыруға көп көңіл бөлдік. Кейін мен қаладағы барлық фотостудия, орталықтарына барып келіссөздер жүргізіп, өзіміздің идеямызбен таныстырдым. Барған орталықтардың 90%-ына ойымыз ұнады. Кейіннен сайтқа фотостудиялардан бөлек мәжіліс залдарын қосуды ұйғардық. Себебі қалада жұмыс берушілердің көп бөлігіне жиналыс залдарын табу кішігірім мәселеге айналғаны бар. Осылайша мамырда сайтымызды іске қостық.  Алғашында біз 60-тан аса серіктестермен жұмыс істедік. Ешқандай қосымша жұмысшылардың көмегінсіз, екеуіміз ғана бастап кеттік. Бұл кезде мен италиялық стартап бойынша қашықтықтан жұмыс істеп жүрдім. Кейін өзіміздің жобамыз басталған соң ол жұмыстан бас тарттым. Даниель де өзінің жұмысынан толықтай шығып, бар зейінімізді осы стартапқа аудардық. Осылайша мамырдан тамыз айына дейін жұмыс істеп жүріп, тамызда “Shanyraq.vc” деп аталатын инвесторлық клубқа келдік. Мұнда біз секілді стартаперлерге қолдау көрсетіп, оларға қол ұшын созады. Айымыз оңынан туып, біздің жобамыз инвесторларға ұнады. Осылайша қаржылай қолдауға ие болып, жаңа командамен ісімізді әрі қарай дамыта түстік. 

 – Жобаларыңыз енді қалай дамып келеді? Стартапты құрастыруда қандай да бір кедергілерге тап болдыңыздар ма? 

 – Құрылғанымыздан бері қарқынды дамып келеміз. Осы уақыт аралығында 700-ден аса  серіктеспен келісімге келе алдық. Бұған дейін тек Алматы қаласында жұмыс істесек, қазір Қазақстанның 13 қаласы бойынша қызмет көрсетеміз.  

Барлық істің өзіне сай қиын да, қызық та тұстары болады. Ішкі жүйелерге байланысты кейде қиыныдықтар туындап жатады. Дегенмен бәрін еңсеруге тырысамыз. Сондықтан егер ұнатқан ісіңе сенсең, еш кедергі қиындық тудырмайды. Ал стартаптарда ең бастысы қиындықтарға мойымау, сонда ғана ісіңіз өрлейді. 

 – Қалай ойлайсыз, біздің елімізде стартап бастау қиын емес пе? Қазақстанда жас өнертапқыштарға қандай мүмкіндіктер қарастырылған? 

 – Меніңше, бүгінде  Қазақстанда стартаперлерге өз жобаларын жасауға, дамытуға жәрдемдесетін мүмкіндіктер жетерлік. Істеймін деген адамға барлық жағдай жасалған. Әсіресе, IT саласына көп көңіл бөлініп жатыр. Өнертапқыштарға тек мемлекет қана емес, жеке инвесторлар да үлкен қолдау көрсетеді. Соның арқасында Қазақстанда IT қарқынды дамып келе жатқан болашағы бар сала деп айтар едім. Бүгінгі таңда елімізде қарапайым жобадан үлкен ұйымға айналған стартаптар көп. Соған қарап жастардың елімізде түрлі игі жобалармен айналысуға шабыт алатынына сенімдімін. 

Бұдан бөлек Astana Hub халықаралық стартаптар технопаркін атап өткім келеді. Орталықтың арқасында елімізде инновациялық жобалар пайда болып, талантты жастардың топ жарып шығуы мүмкін болды. Мәселен, Astana Hub тұрақты түрде жас кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер секілді расымен де көмек болатын бірқатар шаралар ұсынады. Естуімше, Astana Hub жас өнертапқыштарға даму бағдарламалары бойынша оқып, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Мәселен, трекерлер, инкубация және акселерация мектептерінде бизнесті дамыту және инвестиция тарту бойынша қажетті білім алуға болады. 

Сонымен қатар, "GVA Alatau Fund" бірлескен қазақстандық-американдық венчурлік қоры жайлы айтуға болады. Бүгінгі күнге дейін аталмыш қор Қазақстанда алғаш рет "Стартап Қазақстан" акселерация халықаралық бағдарламасы аясында 100-ге жуық стартап-жобаны қаржыландырған деседі.

– Алдағы уақытта тағы қандай жоспарларыңыз бар? 

 – Қазір біздің жобамыз даму үстінде. Барлық Қазақстан қалалары бойынша қолжетімді. Жоспар туралы айтатын болсақ, біз бұл жылы халықаралық нарыққа шығуды көздеп отырмыз. Бірінші кезекте Біріккен Араб Әмірліктерінде, оның ішінде Дубай қаласында бастап көрмекпіз. Оның үстіне жақында біз Дубайда өтетін ең үлкен IT конференцияларының біріне шақырту алдық. Арабтар біздің жобамызға қызығушылық танытып, өз елдеріне де осындай платформалардың қажет екенін айтып жатыр. Міне, сондықтан біз Қазақстан атынан әлемдік аренаға шығып, жаңа жетістіктерге жетуді мақсат етеміз. 

 –  Стартап бастауға талаптанған бастамашыл жастарға қандай кеңес айтасыз?

 – Стартап бастар кезде Airbnb немесе Booking.com секілді алып компаниялармен теңесемін, сайтымызды немесе қосымшаны аса тамаша жасаймын деп тырысып бағудың қажет жоқ. Себебі барлық алыптар да алғаш құрылғанда қарапайым сервис болған. Тіпті, Google, Amazon сайттарының ең алғашқы құрылған кездегі жайы мен қазіргі жағдайын салыстырсаңыз, айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан стартап құру кезінде оның пайдаланушының ыңғайына орай жасалғанына назар аударыңыз. Егер сіздің өніміңіз пайдаланушылардың мәселелерін шешсе, демек бұл істің болашағы айқын. Бірден керемет өнімді әзірлеуге уақыт пен көп ақша жұмсамай, қарапайым дүниеден бастаған жөн. Осылайша сіз жобаңызға алғашқы клиент жинап, оны әрі қарай дамытуға жағдай жасайсыз. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр