Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ірі қара мал да өле бастаған": Батыс Қазақстан облысында киіктер тас кенеден қырылып жатыр

Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Ордасы, Жәнібек, Казталовка, Жаңақала сынды аудандардағы киік саны биыл тағы екі есеге көбейген. Алайда киіктерде тас кене қаптап, шетінен қырылып жатыр. Онымен қоймай, енді жылқы мен сиырға да шауып, шаруаларды әуре-сарсаңға түсіруде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі  Azattyq ruhy порталына сілтеме жасап. 

Кененің тым көбейіп кетуінен киіктер ғана емес, ірі қара мал да өле бастаған. Ал жылда киіктің қаптауынан онсыз да жапа шегіп келе жатқан шаруалар биыл тас кенеден құтылудың жолын таппай отыр. 

"Киік көбейгелі тас кене де қаптады. Қадалған жерінен қан сорып, жарылғанша түспейді. Міне, киіктің пайдасы. Босқа өліп жатыр. Былтыр ресми санақ бойынша төлдегенге дейін біз жақтағы киіктің саны 820 мың еді. Төлдеген соң олар кемі екі есеге көбейді. Әдетте маңына жолатпайтын даланың ақбөкені жүруден қалып, өліп жатыр. Тас кенеден біз де әбден зардап шегіп, қиналып отырмыз",  – деді Исатай Сейсенғалиев.

Айтуынша, жайылымдағы мыңғырған малға жабысқан тас кене ауылға да қаптаған. Шаруалар онсыз да көктемнен көтерем болып әрең шыққан мал қан сорғыш тас кенені көтере алмай жатқанын айтады. Кейбір шаруалар өрісте жүруден қалған ірі қараны қорада қамап ұстауға мәжбүр. Өйткені далада бірге жайылып жүрген киіктегі тас кене малға тез жұғады.

"Кенеден тазартудың жолы малды күбілеу. Мен арнайы күбілейтін орын салып алдым. Жылқы мен сиырды дәріленген суға түсіреміз. Бірнеше мың малды дәрілеу ауыр, әрі оның шығыны да аз емес. Міне, киіктер осылай таскенеден өліп жатыр. Малға да зияны тиіп, шаруалар қиналып жатыр. Қазір мен өрістегі жылқыларды күбілеп жатырмын. Мемлекет әлі күнге киіктің мәселесін шеше алмай келеді. Оның зиянын батыстағы шаруалар тартып отыр. Жақсыбай ауылы,  Казталовка аудандарының шаруалары тас кенеден қиындық көріп келеді",  –  деді қожалықтың иесі.

Жуырда киік төлдеп,  құралайын өргізеді. Шаруаларлың болжауынша, биыл олардың саны кемі 2,5 миллионға жетеді. Төлдейтін кезде ақбөкен ауыл маңында апталап өреді. Адамдар ақбөкенмен бірге тас кене де ауылға қаптап кете ме деп алаңдап отыр.

Талқылау