Ғайбат айтып, сөз тасу үлкен күнә болғанымен оразаны толық бұзбайды – Алматы қаласының бас имамы
Көктемнің бірінші күнімен тұспа-тұс келетін Рамазан айында адамдарда әдетте, ораза байланысты көптеген сұрақтар туады. “Кімге ораза ұстауға болмайды? Қандай жағдайда ораза қабыл болмайды? Оразаны қандай мақсатта ұстамау керек?” деген сұрақтарға Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Дәділұлы жауап берді. Дін өкілі мұсылманның оразаны қандай ниетте ұстағаны маңызды дейді.
Фото: Azan.kz
Шаһардың бас имамы Оспан Дәділұлы Рамазан айында тамақтан тыйылу аздық етенін айтады. Ол ораза кезіндегі тыйымдарды есте ұстау керек дейді.
“Ораза тек ішіп-жеуден тыйылу емес. Мұсылман адамның бұл ғибадатты күллі денесімен орындағаны абзал. Яғни,
тілімен өсек айтпау, қолымен біреуге зиян тигізбеу, көзімен бөгде әйелге сұқтанып қарамау секілді кейде байқамай әдетке айналып кеткен жағымсыз істерден тыйылу керек. Рамазан айында құлшылыққа ден қойып, садақа беру, адамдарға жақсылық жасау және Құран оқу сынды ізгі амалдарды орындағаны абзал”, – дейді Оспан Дәділұлы.
Дін өкілінің айтуынша, ораза балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, жолаушы емес әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз. Яғни оның мұсылман болуы, балиғат жасына толуы, ақыл-есі дұрыс болуы, ораза ұстауға күші жетуі және тұрғылықты жерінде болуы шарт.
Сондай-ақ бас имам мұсылман адамның оразаны қандай мақсатта ұстағаны аса маңызды дейді. Кей адамдар бір оқпен екі қоян атамын деген оймен, артық салмақтан арылып, парызды да орындап жатады. Алайда дін өкілі мұның дұрыс ниетке жатпайтынын айтады.
“Оразаны тек арықтау үшін немесе денсаулығым жақсарсын деп, яки көппен бірге ұстау дұрыс емес. Әуелі ниетті түзеп, бір Алланың ризалығы және парыз болғандығы үшін ұстайды. Сонда Алланың разылығын да алады, денсаулығына да оң әсері тиеді. Кез-келген құлшылықтың қабыл болуы ниетке байланысты. Себебі Пайғамбарымыз хадисте: "Амалдардың барлығы ниетке байланысты" деген. Олай болса, біздің Рамазан айында жасаған құлшылықтарымыз да ниетімізге байланысты мың құлшылыққа пара-пар болмақ. Кім қандай ғибадат жасаса да, оны шын ықыласпен орындауы тиіс. Әйтпесе, жасаған құлшылықтан еш пайда
болмайды”, – дейді Оспан Дәділұлы.
Қандай жағдайда ұстаған ораза қабыл болмайды?
Бас имам “ораза ұстап, ауыз ашқан соң темекі шегіп, ораза кезінде балағат сөз айтып, ашуланып, біреуімен ұрсысса ораза қабыл бола ма?” деген сауалға жауап берді.
“Шариғатта біреудің сыртынан жамандап ғайбат айту, сөз тасу – үлкен күнә. Алайда оразаны бұзбайды. Хадисте: "Кімде-кім ораза ұстағанымен жаман әдеттерден тыйылмаса, оның оразасы бекер" десе, басқа бір риуаятта: "Ораза – тозақтың қалқаны. Ғайбат айту арқылы бұзбайынша ораза оны қорғайды" деген сияқты хадистердің мағынасын ғалымдар бір ауыздан ораза бұзады деп айтпаған. Бірақ оразаның сауабын кемітеді деп түсіндірген. Демек оразаның негізгі хикметі тек ішіп-жеуден ғана тыйылу емес. Сонымен қатар ғайбат, өсек, өтірік айту сияқты түрлі күнәлардан да тыйылу міндетті екендігін естен шығармаған жөн. Сондай-ақ күндіз темекі шегу де оразаны бұзады. Тіпті аузы ораза екенін біле тұра темекі шеккен жағдайда кәффарат ету (өтеу) керек болады”, – дейді ол.
Оспан Дәділұлының айтуынша, ауыз ашқан соң темекі тарту оразаны бұзбайды. Алайда оразасының сауабын кемітеді. Сол
секілді насыбай ату да оразаны бұзады дейді.
Дін өкілі сүре, дұға, намаз оқу білмейтін мұсылмандардың ораза ұстауына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, мұсылман адамның намаз оқи алмауы немесе сүре білмеуі оның ұстаған оразасына еш кедергі келтірмейді.
“Ораза – намаз секілді Исламның бес парызының бірі. Намаз бен ораза екеуі екі түрлі ғибадат. Сол себепті намаз оқымайтын адам ораза шарттарына сай ауыз бекітсе, оразасы қабыл болады. Ал намаз – ұлы ғибадат әрі ол өз алдына бөлек парыз”, – деді Алматының бас имамы.
Қандай жағдайда ораза бұзылады?
Оспан Дәділұлы оразаның бұзылып, оны өтеу керек сәттер болатынын айтады. Оның сөзінше, шариғатта оразаның басты шартының бірі – уақыт. Яғни ауыз бекіту және ауыз ашу уақыты. Ауыз бекіту таң намазы уақытының кіруімен басталып, күннің батуымен аяқталады. Ол төменде көрсетілген жағдайларда ораза бұзылады жәнен оның қазасын өтеу міндеттеледі дейді.
- Ораза екенін білетін адам дәрет алып жатқанда немесе басқа себептермен тамағынан байқаусызда судың кіріп кетуі;
- Ұйқыдағы адамға су ішкізу;
- Ауыр жұмыста жүріп науқастанып қалу жағдайында немесе сенімді мұсылман дәрігердің сөзіне сүйеніп, яки өз басынан өткізген тәжірбиесіне сүйене отырып, "денсаулығыма зиян тиеді" деп оразасын бұзу;
- Ұмытып бір нәрсе ішіп-жеген кезде "оразам бұзылды" деген оймен ішіп-жеуді жалғастыру;
- Түнде ниет ете алмай күндіз ниеттенген адамның бұған көңілі толмай ішіп-жеуі;
- Түнде оразаға ниет етіп, бірақ таңертең сапарға шығып, жолда оразасын бұзатын болса;
- Түнде ораза ұстауға ниет еткен жолаушының тұрғын болуға ниеттенгеннен кейін ас жеуі.
Сондай-ақ Нұр-Мүбарак университетінің түлегі, мешіт қызметкері Досбол Сәбитұлы “Былтырғы оразаның қарызын өтемей, алдағы Рамазан айында ауыз бекітуге бола ма?” деген сұраққа жауап берді.
“Бауырлар, әр жылы келетін оразаның бір-бірімен байланысы жоқ. Осыны ескерейік. Былтыр, оның алдыңғы жылы ораза ұстамасаңыз немесе қалып кеткен күндеріңіз болса, ол алдағы оразаға еш кедергі етпейді. Алдағы оразаны толық ұстап болғаннан кейін қалған уақытта әлгі қалып кеткен қарыз күндерді өтесеңіз болады. Өйткені Алла қарыз күндері өміріміздің соңына дейін өтеуге мүмкіндік беріп тұр. Бірақ біз қашан дүниеден өтетінімізді білмегендіктен қарыз оразаны барынша тез өтегеніміз дұрыс”, – дейді Досбол Сәбитұлы өзінің әлеуметтік желіде жариялаған видеосында.