"Есік пен терезе сынған": Қызылордалықтар сауда орнындағы жеңілдік үшін бірін-бірі таптап кете жаздады (видео)
Қызылордада "Қорқыт" сауда үйіндегі аяқ киім дүкенінің иесі кез келген кроссовканы мың теңгеге сатып алуға болатын жеңілдік жариялаған. Нәтижесінде сауда орнына жиналған халық терезелерді сындырып, аяқ киімге таласып, соңы үлкен мәселеге айналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Кадрдан алынған скрин
Жеңілдік үшін келгендердің қатарында қарттар, ересектер, жасөспірімдер мен балалар да бар. Дүкен иесі Instagram парақшасына оқырман тарту мақсатында жеңілдік жариялаған. Алайда ол соңында мұндай жағдайға тап болатынын ойламаған. Осылайша ол акцияны шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған.
"Барлықтарыңыздан кешірім сұраймын. Халық өте көп жиналып, ажиотаж болды. Көптеген қаеліктер борын алды. Есік, терезе сынып, бәрі шашылып қалды. Адамдар қысылып үлгере алмай қалды. “Қорқыт” сауда орталығының басшылығы дүкенді 10:30-ға дейін жабу туралы шешім қабылдады. Біз шын ниетпен ең төменгі бағада бергіміз келген. Сіздерге алғысым шексіз бізді түсініп қолдау білдіріп жатқандарыңызға", — деді дүкен иесі.
Аталған жазбадан кейін желі қолданушылары түрлі пікір қалдырды.
"Адамдар қызық қой. Сонша дым көрмеген, жабайыланып. Сөз жоқ айтатын", "Дүкен иесіне халық енді жақсы қарайды деп ойламаймын", "Қызылорда десең өзіңе тиеді. Жабайыланып, өмірлерінде бірінші рет жеңілдік көргендей. BiAi болмаса жалаң аяқ қалатындай", "Аяқ асты келген клиентке беру керек деп ойлаймын. Өйткені уақытын бөліп сіздерді арнайы іздеп барады. Ал мына жерде сторис көріп барып жатыр деп ойлаймын көбісі. Негізі жасап жатқан жеңілдіктеріңе, ниеттеріңе рақмет!", "Қазақ кез келген жерде қазақтығын көрсетеді", - деді олар.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы сауда орталығында адамдар жеңілдік үшін бір-бірін таптап кете жаздағаны туралы жазған едік.