"Денесінде жарақат жоқ": Марқұм Шерзаттың анасы жолдасы Қаржаубай Нұрымовпен кездескенін айтты
Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева күйеуі Қаржаубай Нұрымовтың жағдайы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Гүлбара Бишімбиева 15 тәулікке қамалған Қаржаубай Нұрымовпен кездесіп, жағдайын біліп қайтқан. Қазір Қаржаубайдың жағдайы жақсы дейді ол.
“Бүгін мен адвокаттармен Қонаевқа Қаржаубайды көруге келдім. Заңды түрде бізге кездесуге рұқсат берді. Адвокатпен ішке кіріп, Қаржаубайды өз көзіммен көрдім. Жағдайы жақсы, денесінде жарақат жоқ. Үйден ыстық тамақ, жылы киім алып келдім. Менің көзімше киімдерін ауыстырып, жағдайының жақсы екенін айтты. Алаңдағандықтан, көруге рұқсат сұраған едік. Өз көзіммен көрдім, Қаржаубайда барлығы жақсы”, – дейді Гүлбара Бишімбаева.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң 10 желтоқсанда Шерзаттың ашынған әкесі журналисттердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды.