Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дефис пен сызықшаның айырмашылығы

Жазуда дефис пен сызықшаны көбі шатастырады. Бұл екі тыныс белгінің бір бірінен айырмашылығы қандай? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты сөз етеміз.

Дефис пен сызықшаның сыртқы формасындағы айырмашылықты айтар болсақ, дефис – қысқа (-), сызықша – ұзын (–).

Дефистің қай кезде қойылатынын өткен мақаламызда жаздық. Ол көбінде қос сөздердің арасына (бала-шаға), күрделі сөздердің арасына (инженер-технолог), сөз тасымалданғанда, реттік сан есімдер цифрмен берілсе (3-қатар), -ақ, -ау, -мыс,  -ды демеуліктері тіркескен жағдайда: барады-мыс т.б. жағдайларда қойылады. Дефис қойылған кезде екі жағынан бос орын тастамай жазылады.

Сонымен қатар, дефис орфографиялық, сызықша пунктуациялық таңбаға жатады. Сондықтан дефис келген жерде кідіріс жасалмайды. Бұл – оның сызықшадан ажыратылатын басты белгісі. Екіншіден, дефис сызықша секілді сөйлемнің мазмұнына еш әсер етпейді.

Енді сызықшаның қойылу орындарына тоқталайық. Ғалым Рабиға Сыздықова сызықшаны мына жағдайларды қойылатынын көрсетеді:

1. Сызықша бастауышпен баяндауыштың арасына қойылады.

2. Сызықша бірыңғай мүшелерден кейін келген жалпылауыш сөздің алдынан қойылады.

3. Алдында жалпылауыш сөзі бар бірыңғай мүшелерден кейін сөйлем  аяқталмаса, ең соңғы бірыңғай мүшеден соң сызықша қойылады.

4. Диалог төл сөздің алды-артынан (егер төл сөзден кейін автор сөзі тұрса), тырнақшаға алынған төл сөздің артынан сызықша қойылады.

5. Сызықша жалғаулықсыз салаластардың арасына қойылады.

6. Оңашаланған айқындауыш мүшелер-ің екі жағынан сызықша қойылады.

7. Бірыңғай сұраулы мүшелерді немесе сұраулы сөйлемдерді жинақтап тұратын әйтеуір деген сөз түсіп қалған жерге сызықша қойылады:

Ісінгендіктен бе, таяқтан әлсірегендіктен бе ― денесі зілдей ауыр екен. (С.М.)

8. Оңашаланған айқындауыштың алдынан сызықша қойылады.

9. Сонда, сонша, сондай, соншалық, сол, мынау, мынадай деген сөздерге аяқталған тіркестерден кейін жеке сөйлем тұрса, бұл сөздерден кейін сызықша қойылады.

10. Мекен, уақыт, сын шектестігін білдіретін сөздердің арасына сызықша қойылады.

Назерке Мұса
Сәрсенбі, 12 Мамыр, 2021 15:18
Талқылау