Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Данияр: Бай командалар Жайдарманға 3-4 миллионмен келетін, біз базардағы апаларымыз жинап берген 2000 мың теңгемен келетінбіз

Жайдарманшы Данияр Бекжанов Нұрлан Қоянбаевпен таныстығы, ескі достары мен қазіргі жаңа достардың айырмашылығы, аштықта жүріп Жайдарман ойнаған шақтарын еске алды. Актер жаны нәзік, уайымшыл екенін айтады. Ол әрбір ауыр сынның өзін соққы деп қабылдаған жан. 

Бұл туралы әзілкеш Нұрмахан Мұқанұлымен болған сұхбатта айтты. 

Данияр Бекжанов Жайдарман арқылы көпке көз таныс. Өзіндік стилі, образы мен көрермені бар. Бүгінде желі арқылы да көрермен жинап үлгерген. Арзан әзіл емес, сапалы контент жинауды мақсат етеді. Санада есейген сайын қыз тәрбиесі, қарындас тәрбиесі, әйел тәрбиесі, қазақ мәдениет деген түсініктер қалыптаса бастаған. Мұны желіде ғана емес, өмірде де ұстануға тырысады.

“Мен өзі ерекше уайымшыл, жаным жараланғыш адаммын. Сынның өзін ауыр қабылдаймын. “Түнгі студиға” келгенде Дәулет Бижановтың орнын баса алмадым. Біреудің орнына келген әрдайым қиын ғой. Дәулет өзі ерекше жүргізуші. Мен басқамын. Көрермен мені бірден қабылдамады. “Түрі жаман, даусы ащы, Дәулетті қайтарыңдар”деген пікірлерді оқыдым. Содан бірден екінші бағдарламасына түскім келмей қалды. Нұрлан Қоянбаевқа сол өтінішімді айттым. “Егер дәл осы жолы күреспесең, саған ешқашан мүкіндік берілмеуі мүмкін” деді. “Саған өзіңнен басқа ешкімнің жаны ашымайды. Сенің көзіңде от бар. Сен алып кете аласың. Сосын саған айтар кеңесім, ешқашан комменттерді оқыма” деді. Мен сол кісінің айтқанын тыңдадым. Солай, үшінші, төртінші бағдарлама болды. Көрермен де үйрене бастады. Нұрлан ағаны бұрыннан үлгі тұтатын едік қой. Ал бірге жұмыс істеген соң тіпті жақсы көріп кеттім. Ол бәрімен жастарша сөйлеседі. Күліп сөйлеседі. Әзіл айтады. Сені қолдайды. Ол кісіге алғыс айтамын”, – деді әзілкеш.


Жайдарманшы Данияр Бекжанов: Чемпион атанған соң ауылға барып жұмыссыз қалдым, күйзеліске түсіп кеттім


Данияр Бекжанов Жайдарманда аштықта жүріп өнер көрсеткенін айтады. Аштықта бірге болған достар, аштықта ішкен тамақтың дәмін еш ұмытпайды. Ақшасыз жүрген шақта қалтасынан жырып берген аналардың еңбегін үнемі айтып жүреді. 

“Бізге кәсіпкерлер, бизнес ледилер бәрі көмектесті. Демеуші болатын. Тіпті базардағы апалар да қалтасын жырып 5000 теңге, 2000 теңге беріп жіберетін. Біз солардың ақшасымен келген кездер болды. Ал бай команданың балалары, Атыраудан келген балалар 3-4 миллионмен келетін. Соларға қарап таңғалушы едік. Бірақ базардағы апалар үміт артып еді, соларды ренжітіп алмайық деп ойландық. Ғалым Махамбетов басқа да достарды әрдайым бағалаймын. Олармен жеген бір майонездің өзі ыстық. Біз аштықта жүріп ойнадық. Бүгінгі өнерде жүргеніміз сол 2000 теңге берген, бізге көмектескен әрбір адамның арқасы. Мен олардың еңбегін еш ұмытпаймын”, –деді әзілкеш. 

“Аға мен қарындас туралы вайндарым шықты. Мұнда қаралыммен қатар тәрбие беру мақсатым болды. Бір күліп, жоқ болып кететін емес, мәні бар дүниелер жасағым келеді. Вайнға жоламай, тартынып, ауылда қалғаным да сол болатын. Қазір көрерменнің деңгейі әлдеқайда өскен. Оны пікірлерден білуге болады. Кейде көрермен менен мықты ойлайды. Менің жай түсіре салған видеомнан ол “сен мына нәрсені айтып тұрсың ғой” деп менің ойыма келген нәрсені айтып тұрады”, – деді жайдарманшы. 

Данияр Бекжанов отбасылы. Бір қыздың әкесі. Ата-анасы Аралда тұрады. Туған жерінде Қазақстан көретін ауқымды сериал түсіру әзілкештің ендігі арманы. 

Талқылау