Бішкекте қылмыс әлемінің "авторитеті" Камчы Көлбаев өлтірілді
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті криминалдық авторитет Камчы Көлбаевтың (Камчыбек Асанбек) өлтірілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gknb.gov.kg
4 қазан күні Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында Камчыбек Асанбектің "Блондер паб" мейрамханасында отырғанын анықтаған.
Камчы Көлбаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің талаптарын елемей, қарулы қарсылық көрсеткен. Қарсылыққа жауап ретінде арнайы жасақ сарбаздары оқ жаудырды. Атыс нәтижесінде Камчыбек Асанбек қаза тапты, дәрігерлер оның оқ жарақатынан қайтыс болғанын растады.
"Бұл фактіге байланысты Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің "Ұйымдасқан қылмыстық топ құру", "Заңсыз қару айналымы", "Кісі өлтіруге оқталу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел тергеу амалдары жүргізілуде", – делінген ресми хабарламада.
Еске салсақ, Камчы Көлбаев Қазақстанда трансұлттық қылмыстық ұйым құрды деген күдікке ілінген болатын. Алайда, қылмыс 2007-2009 жылдары жасалғандықтан, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен.