"Тезек теріп, мал бағып, қырда жалғыз тұратынымды көргендер аяп, ақша аударатын": Қарапайым ауылдың келіні қалай танымал болғанын айтты
Түркістан облысына келін болып түскен Насиба Тұрсынбаева өзін айдаладағы алғашқы блогермін деп атайды. 23 жастағы 4 баланың анасы от жағып, мал қарап, қырдағы жалғыз үйдің тіршілігін атқарып қана қоймай, кішігірім блогымен де Instagram желісінде көпке танылған. Алыс аймақта тұруым блогер болуға кедергі емес деген ол Stan.kz тілшісіне сұхбат берді.
– Насиба ханым, өзіңіз туралы айтып берсеңіз? Блогерлікке қашан бет бұрдыңыз?
– Өзімнің туған жерім Бозай елді мекені. Әжемнің тәрбиесін алып өскен қызбын. 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Қазір жасым 23-те, Аллаға шүкір, 4 перзентім бар. 2018 жылы екінші қызым дүниеге келді. Оңтүстіктің салты бойынша дүниеге келген ана мен бала 40 күн ешқайда шықпай күтінеді. Сол кезде бос жатпай телефонды ақтарып жатып, ішіндегі барлық жылтыраған әлемге қызығып қарайтынмын. Әлеуметтік желі арқылы табыс тауып, жетістікке жетіп жатқанын көрдім. Алайда менде ол уақытта интернет арқылы табыс табу, танылу деген ой болмаған еді. Қолымдағы құрылғымның да сапасы төмен болатын. Сөйтіп, уақыт өте келе өзіме ұнағандарын түсіріп жүріп, 2020 жылдан бастап блогерлікті шынымен қолға ала бастадым.
– Күнделікті өміріңізді видеоға түсіріп, жиі жариялайсыз. Видео түсіруге кім көмектеседі?
– Видеоны түсіруге маған ешкім көмектеспейді. Тұздың ыдысы, шәйдің ыдысы, қабырғалар мен терезе алдына қойып, жұмысымды жасай беремін. Биылдан бастап үлкен қызым кадрларды алыстан алу керек болса, түсіріп көмектеседі. Монтаждауға келсек, біраз курстарға қатыстым, үйреніп білуге тырыстым. Қолымдағы бар ақшамды үнемдеп жүріп білімге құйдым. Алайда, бір өкініштісі, мен қатысқан видео жасау сабақтарынан ештеңе ала алмадым. Сол себепті кейін өзім ізденуді қолға алдым. Ғаламтордан көріп қалған ерекше видеолар болса, соны зерттеп, түрлі бағдарламаларды қолдануды үйрендім. Тіпті кейін білгенімді оқырмандарыммен бөлісе жүріп табыс та таба бастадым.
– Отбасыңыз бұл бастамаңызға қандай көзқараста болды?
– Басында, әрине, түсініспеушіліктер туындады. Instagram-да 15 секундтық Stories-ке сол сәтте болып жатқан күнімізді салып отырамыз. Оны алыс-жақын туыстар көріп отбасыма жіберіп, күйеуім екеуміздің арамызда кикілжіңдер туындаған кездер болды. Алайда кейін мен оған бәрін түсіндірдім. Өзіме ұнайтын іс екенін, әр адамның жеке бір қызығушылығы болатынын, бұның жаман іс емес екенін айттым. Кейін ол да түсіністік танытты. Қазіргі менің түсіріп жүргендеріме отбасымның еті үйреніп кетті.
– Енеңізбен қарым-қатынасыңыз қандай?
– Келін болып түскен кезде менен қателіктер кетті. Келген жерімнің жағдайын түсінбей, алып-ұшып оқимын деп жастықпен қателескен кездерім болды. Соның салдарынан енемізбен арамыз суық болатын. Кейін бәрін түсініп, жағдайды қабылдағаннан кейін, барлығы өз орнына келді. Қазір енеммен жақсы қарым-қатынастамыз. Ол кісі мені түсінеді.
– Оқырмандарыңызбен байланысыңыз қалай?
– Мен өз парақшама күнделікті өмірімді еш бүкпесіз шынайы салып отырамын. Тезек теремін, от жағамын, малға қараймын. Соны көріп, тұрып жатқан жерімді көріп кейбір оқырмандарым нөмірімді тауып алып, өзіңе киім аларсың деп ақша салып жатады. Мен сол кезде қатты ренжідім. Ақшасын қайтарып жібергенмін сол кезде. Мен ешкімнен ештеңе сұрамаймын. Бұл видеоларды менің өмірім, қызығушылығым болғандықтан желіге саламын. Ештеңеден тарығып жүрген жоқпын, барыма шүкіршілік етемін. Алланың бергенімен өмір сүріп жатырмыз.
– 90 мыңнан аса оқырманыңыз бар, сізді көшеде танып жатқандар табыла ма?
– Әрине, базарларда, қала жаққа шыққан кездері менімен суретке түсетіндер бар. Емханада болған кезімде де танып, келгендер болды. Қуанамын, бір жағынан қысылып, қобалжитын кездерім де болады. Бірақ соңғы уақытта үйреніп қалдым. “Оқырманыңызбын” десе, кәдімгідей қуанып қаламын.
– Арман-мақсаттарыңыз жайлы айтып берсеңіз?
– Мен арман туралы посттарымда көп жазамын. Мақсатым – қазақ келіндерінің өміріне әсер ететін бір үлкен сілкініс алып келу. Бұйырса, оны әлі де нақтылау керек, дұрыстап жоспарлау керек. Бірақ түптің түбінде жаңа бір идея әкелсем бе деймін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттың толық нұсқасын ютуб арнамыздан тамашалай аласыздар:
Сұхбатты дайындаған: Гүлсезім Мұхатай, Нұрсұлтан Нұрманбек