Ауыл жастарында қандай мүмкіндіктер бар? Ауылдан шыққандар өздерінің артықшылықтары жайлы айтты
Жетістікке жетудің арнайы рецебі жоқ. Ол үшін барлық мүмкіндік берілетін қалада тұру да міндетті емес. Stan.kz редакциясына сұхбат берген ауылдан шыққан кәсіпкерлер мен жетістікке жеткен қазақ азаматтары - мансап жолында ештеңе кедергі болмайтынын дәлелдегендер. Қалада тұрмай-ақ, ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткендер жастарға, соның ішінде ауыл-аймақта тұратын жас буынға кеңестерін айтты.
Ауыл тұрғындары қолдана алатын мүмкіндіктер: 7 маңызды кеңес
- Интернетті жаңа пайдалы қабілеттерді дамытуға қолдану
Жаһандық заманда қажетті ақпараттың барлығын интернеттен табуға болады. Онлайн курстар арқылы бүгінде жастар түрлі қабілеттерін арттырып, түрлі мамандық меңгеруге мүмкіндіктері бар. Бағдарламалаудан бастап ағылшын тілін үйрену, графикалық дизайнерлік курсын оқу және басқа да қабілеттер енді оңай қолжетімді.
"Елбасы медалінің" иегерлері заңда белгіленген тәртіппен білім беру гранттарын беру кезінде артықшылыққа ие болады. 2020 жылы іске қосылған "Елбасы медалі" - жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Ол 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған. Осы жоба арқылы жастар уақытын тиімді пайдалануды, алдына мақсат қоюға, жүйелі түрде оларға жетуге машықтанады, салауатты өмір салтын ұстанып, өз-өздерін дамытуға мүмкіндік алады.
- ЖОО-ға грантқа түсу үшін ауыл квотасын пайдалану
Мамандықтардың арнаулы тізбесіне гранттардың 30% -ы ауыл түлектеріне беріледі. Барлық бөлінген гранттар санының 70 пайызы жалпы конкурс бойынша берілсе, қалған 30 пайыз грант тек ауыл жастарының арасындағы конкурсқа бөлінеді.
- "Болашақ" грантын иеленуде артықшылыққа ие болу
Ауыл жастары "Болашақ" грантын иеленіп магистратура дәрежесін шетелдік ЖОО-да оқуға мүмкіндік алады. Соңғы үш жылда ауылда тұрғандар және онда екі жыл жұмыс істегендерде "Болашақ" грантын жеңіп алуда артықшылық бар. (Ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін үміткерлерге шетелдік жоғары оқу орындарына бірден өз бетінше түсудің қажеті жоқ). Шетелде магистратура оқуда оларға тілдік тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі (Басқа үміткерлерде мұндай мүмкіндік қарастырылмаған).
- Ауылдық ҮЕҰ мен белсенді азаматтар мемлекет тарапынан бөлінетін түрлі грантқа үміткер бола алады
Мәселен, биыл Ақтөбе облысында гранттар 5 бағыт бойынша бөлінеді: "Ауыл халқының цифрлық сауаттылығы", "Ауыл халқының қаржылық сауаттылығы", "Білім беру саласында шет тілдерін білу деңгейін арттыру", "Денсаулық сақтау саласында шет тілдерін білу деңгейін арттыру", "Дене шынықтыру және спорт саласында шет тілдерін білу деңгейін арттыру". Азаматтық бастамалар мақсатында ауылда 500 мың теңгеден 60 шағын грант бөлу жоспарлануда.
- "Бастау бизнес" бағдарламасы бойынша оқу және грант алу мүмкіндігі
"Бастау бизнес" бағдарламасы түлектері жыл өткен сайын көбейіп жатқанын көріп отырмыз. Егер идея, өнімділік және кәсіпкерлік талант болса, онда сізде де мүмкіндік бар.
- Кәсіпті өрлетуге арналған несие алу
«Даму-Аймақтар» - шағын және орта бизнестің басымдық берілген аймақтық жобаларын қаржыландыру бағдарламасы да ауыл-аймақтардағы азаматтардың кәсібіне басымдық береді. Аталған бағдарлама 2008 жылдан бастап жұмыс істейді.
Ал "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ агро-өнеркәсіп саласы бойынша кәсіп ашқандарға қаржылай көмек көрсетеді. Аталған бағдарлама ауыл шаруашылығының барлық бағаттарын қамтиды. Бұл бағдарлама аясында төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен несие алуға болады. Қазақстанда ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету қоры жұмыс істейді, ол ауыл тұрғындарына екінші деңгейлі банктерге қарағанда пайызы төмен бірқатар несие өнімдерін ұсынады. Кәсіпкерлік қызметті дамытуға, жануарлар мен құстарды өсірумен айналысуға несие алуға болады. "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының филиалдары барлық облыс орталықтарында", сондай-ақ. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте жұмыс істейді.
ҚР Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесинова жастар мәселесімен айналысатын ұйымдар, елімізде ауыл жастарына арналған қандай жобалар бар, олардың мүмкіндіктері қандай осы мәселелерді шешу қажеттігін айтады.
"Ауыл жастарына арналған жобалар мен жасалып жатқан жағдай қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр. Осыны да қадағалау керек. Содан соң ғана ауыл жастарына не жетіспейді және одан әрі не істеу керектігі анықталады. Ал ауыл жастарына айтарым, өздеріне берілген мүмкіндікті сәтті пайдалануға кеңес беремін. Мысалы, бүгінде адамның білім алуы үшін де, өзін-өзі жетілдіріп дамыту үшін де интернеттің көмегі зор. Жастар өздерін үнемі жан-жақты жетілдіріп отыру керек. Яғни интернеттен дұрыс өзінің өсіп, дамуына қажет ақпаратты алған жөн", - дейді ол.
Лаура Демесинова ауыл жастарына шағын да болса өз кәсібін ашуға кеңес береді.
"Ол үшін қазір түрлі бағыттағы онлайн курстар мен дәрістер бар. Айтар болсақ, біз «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қатысуымен түрлі тақырыпта дәріс өткіздік. Ауыл жастарының тағы бір және басты мүмкіндігі ол өзі қалаған мамандығы бойынша оқуға түсу. Бүгінде жастардың елімізде қалаған мамандығына түсу және оның меңгеріп шығу мүмкіндігі бар", - дейді Демесинова.
Ауыл жастары оқумен қатар, мал бағып, аула тазалаумен айналысуға мәжбүр
Суретші Қанат Нұртазин "100 Жаңа есім" жобасының жеңімпазы, Nickelodeon мен Disney халықаралық компанияларымен біріге жұмыс істеп жүрген қазақстандық азамат. Ол жапырақ, шеге, газет, алма, тосап, банан, раушан, гипс, кофе мен қауын бетіне түрлі сурет салады. Қанат Нұртазин өзінің жетістікке жету жолымен бөлісіп, жастарға кеңестерін айтты.
Халықаралық бизнес менеджмент саласында бакалавр дәрежесін Куала Лумпурда Asia Pacific University of Technology and Innovation-да бітірдім. Қазір Назарбаев Университетінде Дайындық мектебінде аға менеджер ретінде жұмыс істеймін. Қабылдау тестін ұйымдастыруға, мектептің маркетингіне жауап беремін. Көкшетаудың Степняк ауылында туыс өстім.
Меніңше, жетістіктің нақты рецебі жоқ. Көбінесе, менің жолым болды деп ойлаймын, қазір әлеуметтік желі арқылы өзіңе көңіл аудара аласың. Басты кеңес - мойымау және қол қусырып қалмау. Өз-өзіңді дамытудан талмау, сынды дұрыс қабылдап, әрдайым жаттығудан жалықпау.
Ауыл жастары оқумен қатар, тұрмыстық шаруаларды да атқаруға жауапты. Оның ішінде мал бағу, ауланы тазалау және тағы басқа жұмыстар бар. Қала балаларының ауыл жастарының алдындағы артықшылығы - ақпаратқа, басқа ресурстарға қолжетімді болуы. Сондықтан болар, ауылдағы жастардың шығармашылық пен өз-өзін дамытуға уақыты жетпейді. Ауыл және қала жастарына берілетін мүмкіндіктер арасы жер мен көктей. Бұл - проблеманың тек бір бөлігі. Білім беру саласы мен техникалық саласына инфрақұрылым қажет және оны кешенді түрде енгізу керек.
Ауылдың балалары қара жұмысқа икемді болады
26 жастағы Жұма Дархан Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданы Ысқақ-Ыбырау ауылында дүниеге келген. Бүгінде өзінің құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын "Қиыршық"зауыты бар.
Мектепті ауылда бітіріп, Петропавл қаласында мемлекеттік универсиетте Есеп және аудит мамандығын тәмамдадым. 2016 жылдан бастап Қиыршық тас зауытын іске қостық. 2019 жылы "Даму-аймақтар" қаржыландыру бағдарламасы аясында байқау жарияланып, грант ұтып алып, кәсібіме инвестиция құйдым. Соңғы 5 жыл бойы зауыт жол, үй құрылысына қажетті заттарды дайындаумен айналысады.
Қазіргі жастарға айтар кеңесім, әр істі экономикалық сараптамадан өткізе білу керек. Бұл дегеніміз есептеу, санау, қалай дұрыс болатынын, пайда алудың жолдарын басынан бастап меңгеру қажет.
Жастарды ауылға тарту үшін жол, су, газ проблемасын шешу керек. Көшеде емес, үй ішінде су, басқа да тұрғылықты жағдай жасалса, тұрғындар қаладағыдай өмір сүрер еді.
Ауылдың балалары қара жұмысқа икемді болады. Ал қалада тұратын жастардың білімі жақсы болып есептеледі. Ауылдағы мектептерде жақсы кадрлар дайындаса, жастар сапалы білім алар еді деп ойлаймын. Спорттық кешендер, мәдениет үйлерін қайта жандандыру керек деп есептеймін. Сол кезде ауыл мен қаланың айырмашылығы қатты білінбейтін еді. Ауылда тұрғанымның үлкен пайдасы әрі мүмкіндігі - жеке шаруа қожалығымен айналысу. Ауыл азаматының қала азаматына қарағнада жеке кәсіп ашуына мүмкіндігі көбірек деп ойлаймын, себебі қалада қаржы жағынан қиындықтар көп. Ал ауылда өзін-өзі сынап көрсе болады.
Ауылдағы күйбең тіршілік еңбек етуге үйретті
Қабжамитов Қанат Махметұлы Павлодар облысының тумасы. Павлодар қаласының жанындағы Жаңа-ауыл атты ауылда отбасылық шағын кәсібі бар. Бүгінде 4 бие байлап, қымыз сатумен айналысады.
Ата-анам бұл кәсіпті 2000-жылдардың басында бастаған еді, содан болар, біз бала кезден бастап қымыздың қалай жасалатынын көзбен көріп, қолмен жасап өстік. Екі жыл бойы біріншіден, ата-анама қолғабыс болу ниетімен, екіншіден, халыққа пайдасы бар өнім болғандықтан осы кәсіп түріне мойынымды бұрдым. Ұлттық сусынның құндылығын жаңғырту, мемлекеттік стандарттар бойынша қымыз өндіру, "Қымызхана" қоғамдық тамақтану орны мен саумал терапия кабинетін ашу мақсатында "Бизнестің жол картасы-2020 "бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсібімді қаржыландыруға мүмкіндік алдым. Сондай-ақ, кәсіпкер "Даму" қорының несие бойынша кепілдендіру түріндегі қолдауын пайдаландым.
Әрине қала мен кішігірім шалғай ауылдың мүмкіндіктері тепе-тең емес. Қалада өзін-өзі дамытуға арналған түрлі тренингтер мен пайдалы семинарлар, мәдени, спорт сауықтыру кешендерінің т.б. саны көбірек, жалпы қозғалыс динамикасы жоғары.
Сонда да көптеген ауыл жастары қала жастарынан кем өмір сүріп отырған жоқ. Интернет бар, ел, әлем жаңалықтарынан құлағдар. Ауылдағы күндегі күйбең тіршілік еңбек етуге үйретті. Кәсіпті бастауда салық төлеу процесстерінде қиындықтар болды. Себебі жеке бухгалтер жоқ, басында өзім білмегендіктен, біраз қаржылық сауаттылықта қателіктер кетті. Ауыл балалары қол еңбегін бала кезден бастап білгендіктен, кейін қарсы келген ауыртпалықтарды жеңілірек еңсереді.