Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында Жайық өзеніндегі су тағы да көтеріліп жатыр

Төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысында Жайық өзенінде су деңгейі көтеріліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінен

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 күннен бері өңірге су келіп жатыр.

"Қазгидромет" РМК-ның хабарлауынша, 12 мамыр күні сағат 09:00-дегі жағдайға сәйкес Жайық өзеніндегі судың деңгейі:

  • Атырау – 538 сантиметр. Тәулігіне + 5 сантиметр;
  • Индербор өңірі – 1033 сантиметр. Тәулігіне +7 сантиметр;
  • Махамбет ауданы – 955 сантиметр. Тәулігіне +16 сантиметр.

"Жайық-Индербор" және "Жайық-Махамбет" өлшеу станцияларында бұл көрсеткіш шекті деңгейден асып кетті.

"Атырау облысында тасқынға қарсы бөгеттер Жайық өзенінің арнасын ұстап тұр. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары тәулік бойы қорғаныс құрылымдарының жағдайын бақылап жатыр", – делінген хабарламада.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Жайық өзенімен Каспий теңізіне қарай төмен түсіп, қорғаныс бөгеттерін визуалды тексеруден өткізді.

Айта кетейік, осы күнге дейін республика бойынша 54 703 адам үйіне оралды. Эвакуациялау пунктерінде 5291 адам қалды, оның 2239-ы – балалар.

11134 тұрғын үй мен 3350 аула аумақтарынан су бұрылып, сорылды. 18,5 миллион текше метрден астам еріген су сорылып, 7,7 миллион қап пен 1,5 миллион тонна инертті материал төселді.

Талқылау