Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әскерге көшеден күштеп алып кетсе, сотқа беруге бола ма: Қорғаныс вице-министрі жауап берді

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамелетдинов жастарды әскерге көшеден алып кету жағдайларына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos.com

Журналистер вице-министрден әскерге шақырылғандарды көшеден күштеп алып кетуге қатысты қорғаныс министрлігінің ұстанымы қандай екенін сұрады. 

"Біз құқықтық мемлекет құру туралы айтып жатырмыз. Заң бар, әр азамат бұл заңды орындауға міндетті. Азамат салық төлемегенде жауапқа тартылады, бұл мәселені ешкім талқыламайды. Бұл жерде де қос стандарт болмауы керек. Заңның аты заң. Заң қатал, бірақ ол заң, сондықтан әрбір азамат орындауға міндетті", – деді вице-министр.


Әскерге шақырылушыларға арналған медициналық комиссияның жаңа ережелері: Не өзгереді


Сондай-ақ журналистер әскерге шақырылған азаматты медициналық тексерістен өту үшін шақырып, сол жерде дереу оның әскери қызметке жарамдылығы туралы қорытынды шығарып, әскерге алып кетудің қаншалықты заңды екені туралы сұрақ қойды. Сұлтан Камалетдинов әскерге шақырудың мұндай әдісін естімегенін атап өтті. 

"Сіздің не айтып тұрғаныңызды білмеймін. Бізде бір ғана құжат бар – әскерге шақыру қағазы. Сізде нақты дәлел бар ма? Нақты дәлелдерге жүгінейік", – деді министрдің орынбасары. 

Сұлтан Камалетдинов егер қазақстандықтар құзырлы органдардың қандайда бір әрекетін заңсыз деп санаса, сотқа жүгіне алатынын айтты.

Еске салсақ, бұған дейін қорғаныс министрлігі күзгі әскерге шақыру кезінде жастарды көшеден күштеп әкетпейтінін мәлімдеген еді. 

Талқылау