“Тұңғыш немерем еді”: Оралда үстіне футбол қақпасы құлап кеткен 11 жасар бала ажал құшты
Оралда футбол қақпасы 11 жасар баланың үстіне құлап кеткен. Бала алған жарақатынан қайтыс болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап.
Оқиға 27 шілде күні кешкісін қала алаңдарының бірінде болған. Бала сол маңдағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрған.
Баланың әжесі сол күні немересі достарымен бірге футбол алаңына баруға өтініш айтқанын еске алады. Арада он бес минут өткенде бала тұратын пәтердің домофонында қоңырау келіп түседі. Ойын алаңындағы балалар қайғылы оқиға туралы хабар жеткізеді.
“Біз бірден оған жүгіріп бардық, жердің бәрі қан еді. Бар үмітімізді жедел жәрдемге артып күттік, уақыт тоқтап қалғандай көрінді. Дәрігерлер келген кезде бала есінен танып қалған еді. Алғашқы көмек көрсетті. Баламыздың жүріп кеткенін ауруханада бір-ақ айтты”, – дейді әжесі.
Әйелдің айтуынша, футбол қақпасы бекітілмеген, жай ғана металл тірекке дәнекерленген. 28 шілде күні шенеуніктер келіп, отбасынан кешірім сұраған. Мамандар алаңға екінші қақпаны орнатқан, ал баланың үстіне құлаған қақпаны алып кеткен.
“Маған өте ауыр! Менің тұңғыш немерем. Ол жақында ғана 11-ге толған еді, жүрегімнің жартысын жұлып әкеткендей күйдемін. Өз-өзімізге келу өте қиын болып жатыр. Әңгімелескенді жақсы көретін мейірімді бала еді. Түр-келбеті әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Менің қайғымның орнын кім толтырып бере алады? Қаладағы осындай алаңдарды жауапкершілікке алғанын қалаймын, неге сонша немқұрайлы қарайды?” – деп жалғады қыршыннан қиылған баланың әжесі.
- Атырауда 9 жастағы бала күйік шалып, қаза тапты
- Қазақстанда жыл басынан бері жол апатынан 33 бала қайтыс болды
Сондай-ақ әйел аймақтағы барлық камералардың жұмыс істемейтінін жеткізді. Отбасы баланың өміріндегі соңғы сәттерін қалай қалпына келтіруді білмей отыр.
Баланың ағасы болған оқиға жайлы ауыр күрсініспен еске алады. Ол оқиға орнына баланы жедел жәрдем алып кеткен кезде келген. Ер адам дереу ауруханаға барып, жарты сағаттан кейін оған жиенінің қайтыс болғаны туралы хабарлаған.
“Неге бізде барлығы осылай? Қайғылы оқиға орын алмай, ешкім қозғалмайды. Неге қақпаны адам өлімінен кейін ғана бекітіп жатыр? Бұл жерде алаң толған балалар, әр кеш сайын жиналады. Камералар неге жұмыс істемейді? Қақпалар неге берік емес, тіректердің қаншалықты тар екенін қараңыз, олар кеңірек болуы керек. Тепе-теңдікті сақтауы керек, олар болса теңселіп тұр. Балалардың қауіпсіздігіне кім жауап береді. Жергілікті тұрғындар өткен жылы да осындай оқиға болғанын айтады, ол кезде қақпа баланың арқасына түскен екен. Бұл енді ойнайтын нәрсе емес қой”, – дейді азамат.
Ағасының айтуынша, бала үздік оқушы болған, спортпен шұғылданған, төрт жыл бокспен айналысқан.
- "Кез келген әскери киінген адам дұшпан сияқты көрінеді": Тәртіпсіздіктер кезінде 4 жасар қызынан айырылған әке бүлдіршіннің қазасы жайлы айтты
- Теміртауда төбелестің салдарынан 12 жасар бала қаза болды
“Мен оған жұмыстан келгеннен кейін бокс шлемін сатып әперемін деп едім, бірақ үлгере алмай қалдым. Оның артында қарындасы мен бір жасқа толған інісі қалды. Ол үйдің үлкені еді, жұмыстарға көмектесіп, балалармен ойнайтын. Өте жауапты еді. Барлығы оның ақ жүрегі мен тәрбиесіне тәнті болатын. Өмірінің соңғы күндерінде балалардың туған күніне барып, өте көңілді жүрді. Кешкісін үйге келіп, ата-анасына алаңға баруға сұранды”, – деп қосты ер адам.
Қазір бала қайтыс болған жерге гүлдер мен ойыншықтар әкеліп қойып жатыр. БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі баланың алған жарақаты өте ауыр болғанын мәлімдеді.
“Бала ашық ми-бассүйек жарақатын алған. Сағат 22.10-да қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Жағдайы ауыр деп бағаланды. Дәрігерлердің қанша тырысқанына қарамастан, ол алған жарақатынан жарты сағаттан кейін қайтыс болды”, – деп түсіндірді ведомство өкілі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның оқыс оқиға ретінде тіркелгенін атап өтті. Баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Қайғылы оқиға болған спорт алаңы кімнің балансында екенін Орал қаласының әкімдігі кейінірек хабарлауға уәде берді.