Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақша жината береді: Түркістандық келіншектер күйеулерімізді жазықсыз соттады деп шағымданды

Күйеулеріміз басшыларының жөн-жосықсыз ақша жинағанына қарсы шығамыз деп, қудалауға ұшырады деген түркістандық келіншектер әділдік іздейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Төрт баланың әкесі Талғат Ержітов Түркістан локоматив падалану депосында 14 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Тек басшысының орынбасары қит етсе, ақша жинауды әдетке айналдырған соң, оған қарсы шығамын деп темір торға тоғытылыпты. Ержігітовтың жары күйеуімді ешқандай дәлелсіз соттап жіберді дейді. 

"Еш дәлелсіз соттады. Қалалық соттың отырысы тым ұзақ болды. Бес ай тергеуде болды, төрт ай сот болды. Ақтап шығарды. Бірақ облыстық сотта істі екі апта ғана қарады. Екі аптадан кейін соттатып жіберді. Барлығы тез болды. Бұл жерде жемқорлық бар деп ойлаймын", - дейді Бағила Ержігітова. 

Талғат Ержігітовпен бірге Маратбек Төребаев және Бауыржан Сыздықов та алты жылға бас бостандығынан айырылған. Оларға мекеме басшысы Мыңғали Абылаевтан қорқытып, ақша талап еткен деген айып тағылған. Бірақ сотталғандардың жұбайлары мұның шындыққа жанаспайтынын айтады. Керісінше Мыңғали Абылаев деподағы түрлі даулардан миым тыныш болсын деп, шындықты айтқан жұмысшыларға ақшаны өзі ұсынды дейді.

"Үш жігіттің де ешқандай кінәсі жоқ. Әйтеуір торға түсірудің амалы. Торға түсіріп алды, болды. Олар шындықты айтты, бірақ басшылыққа жақпады", - дейді сотталғандардың бірінің жары Ұлжалғас Сатимова.

Сол кезде депоның түрмеге жабылған үш жұмысшысымен бірге тағы елу бес адам бас көтерген екен. Қазіргі уақытта олардың бірнешеуінің қызметі төмендетілсе, тіпті бес алты адам жұмыстан қуылыпты. 

"Қарсы шыққан елу бес баланы шетінен құртып жатыр", - дейді Түркістан локоматив пайдалану депосының жұмысшысы Мақсат Жұматаев.

Ал Мыңғали Абылаев оқиғаның мүлдем басқаша өрбігенін, қызметкерлері ақша талап етіп, бопсалағанын жеткізді.

"Алдымен миллион сұрады. Сосын тағы да екі миллион сұрады. Сіз сол ақшаны бермесеңіз, қол қойып, сізді жұмыстан құртамыз деді", - дейді Мыңғали Абылаев. 

Алайда сотталғандардың жұбайлары бұл жерде әділетсіздік болғанын айтады. 


Талқылау