Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкесін жарымжан етіп, баланы зағип қылды": Ақмола облысында бір отбасыны көлікпен қаққан адам жазасыз жүр

Ақмола облысында бүтін бір отбасын көлікпен қағып, баланың денсаулығына зақым келтіпген адам жазасын алмай, емін-еркін жүр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” арнасына сілтеме жасап.

Оқиға 2020 жылы Ақмола облысы Қараөткел ауылында болған. 16 жастағы бозбала әкесінің көлігін алып, қатты жылдамдықпен бұрылыста рөлге ие бола алмай, жолдың шетінде келе жатқан отбасыны қағып кеткен. Соның кесірінен отағасының аяғы езіліп, мүгедек болып қалған. Ал кішкентай қыз зағипке айналды.

Бірнеше жанды жазым еткен жігітке сот үкімі шықты. Кінәлілер барлық шығынды көтереміз деп уәде еткенімен, кейін жоқ болды. Айыпталушы тарап заңнан жалтарып, әскерге кетуді жоспарлап жүр. Жары мен баласының жағдайына қынжылған ана кінәлілерден көмек сұраса да, өтемақы ала алмаған.

"Бұған қалай қарап отырам. Босағаларының алдына барып, медициналық анықтаманы көрсеттім. “Сіздерде де бала бар ғой, баламның өміріне жауаптысыздар. Көмектесіңіздерші" деп өтіндім. Қызыма мүгедектігі бар туралы анықтама алғым келмеді, өйткені болашағына әсер етеді ғой. Жағдайда түсіндіріп, жәрдем сұрағанымды, қағазды лақтыра салды. "Ақша жоқ, не істейміз, немізді береміз?!" деп қоя берді", - дейді зәбір көрген отбасының анасы Дана Маханова.

Отағасының аяқ сүйегі езіліп кеткен. Үш айлық Сәния басынан қатты соққы алып, көру қабілетінен айырылды. Қазір ол үш жаста. Соққының кесірінен бүлдіршін әлі күнге дейін басы ауырып, түнімен жылайды екен.

Жарымжан болған ер адам жол апатына түскен кезін еске алды.

"Көлік соққаннан кейін қызым қолымнан ұшып кеткен, жерде жатыр. Сол кезде "балам" деп айқайға салдым. Бір аяқпен секіріп барып, қызымды көтеріп алдым. Көрші аға шыққанын көрдім де, соған қызымды ұстаттым. Әйеліме секіріп бардым, сол кезде ауруды сезіне бастадым. Аяғымнан толықтай қан кетті”, – деді Ерасыл Беріков

Кінәлі жігіт қазір 19-да. Әскерге кетуге дайындалып жүр.

"Ол көлікті рұқсатсыз алды. Көліктен ақау шығып, ие бола алмай қалған. Осылайша адамдарды қақты. Тіпті тәжірибелі жүргізуші мұндай жағдайда абдырап, қайғылы оқиғаға жол берер еді. Анда-мында жұмыс істегенімен, бізге бір тиын бермейді. Мен үй шаруасындамын, күйеуімнің де тұрақты жұмысы жоқ. Сол үшін қазір төлейтін ақшамыз да, үйіміз де жоқ", – деді кінәлінің анасы Юлия Клин.

Сот шешімі бір жыл бұрын шықты. Айыпталушы тарап жәбірленушілерге жеті миллион теңге төлеуі тиіс еді. Заң бойынша екі айда талап орындауы керек. Бірақ шешімге бір жыл өтсе де, дау бітер емес.

"Мұндай жағдайда қылмысқа тартылуы тиіс. Нақты мерзім бар, мерзімнен асып кетсе, жалтарған боп саналады. Материал 430 бап "Төлемнен жалтару" бойынша полицияға жіберілді. Кінәлінің жұмысқа тұруы бойынша хабарламалар жібергенбіз. Соған қарамастан жұмысқа тұрмағандықтан, іс қозғалады”, – деп түсіндірді жеке сот орындаушы Ерлан Балғанбаев.

Сот орындаушының айтуынша, жауапты тарап “жұмыс іздеудеміз, қаржы жинап жүрміз” деп созып келген. Алайда екі күнде полиция бұл істі қарайды.

Талқылау