Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"50 пайызын төледік": Сүрілетін тұрғын үйден пәтер алған алматылықтардың төбесінен жай түсті

Алматыда құрылысы аяқталмаған жаңа тұрғын үй сүрілмек. Сот құрылысшының заңсыз түрде үй тұрғызғанын анықтап, осындай шешімге келді. Ал тұрғын үйге ақша құйып, пәтер сатып алғандар төбелерінен жай түскендей күй кешіп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап. 

"Жайсан" тұрғын үй кешеніне жақын маңда тұратын тұрғындар жаппай шағымданған. Олардың айтуынша, құрылыс басталған соң, олардың үйлерінде жарықшақтар пайда болып, судың өшірілуі жиілеген. Тұрғын үйді тексерген шенеуніктер құрылысшының заңсыз әрекет еткенін анықтаған. Сот "Жайсан" тұрғын үйін сүру туралы шешім шығарды. Ал құрылыс компаниясы бұл шешіммен келіспей отыр. 

Тұрғын үйге қарама-қарсы бетте тұратын Асқар Жұмағалидің айтуынша, 2021 жылдың жазында құрылысшылар үйдің қазаншұңқырын қазған соң, оның үйінде жарықшалар пайда болған. Отбасы құрылысшыға шағымданғанда ол шығынды өтеп беруге уәде берген, бірақ сөзінде тұрмаған. Ал биыл көктемде жоспарланған балалар алаңының орнында тағы бір қазаншұңқыр пайда болған. Сонда жергілікті тұрғындар бір шикіліктің барын сезіп, әкімдік пен сотқа жүгінген. Құрылыстың заңсыз жүріп жатқаны сол кезде анықталған. 

"Ақжар" тұрғындарының айтуынша, мөлтек ауданда кәріз жүйесімен қиындықтар бар, су жиі өшіріледі. Адамдар бұған да құрылысшы компания кінәлі ме деп күдіктенеді. 

"Бұл құрылыс біздің суымызды ұрлап отыр? Қандай негізде ол халықтың суын тартып алып, үй салып жатыр?" - дейді ашынған тұрғындар. 

Ал құрылысшы айтылғанның бәрін жоққа шығарып отыр. Айтуынша, ол тек "өзінің" суының қолдануда. Дәлел ретінде тұрғын-үй аумағында орналасқан жеке саңылауын келтірді. Құрылыс компаниясы директорының пікірінше, сот шешімді де негізсіз шығарған. 

"Ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Басқанбаева төрағалық етіп отырған арнайы мамандандырылған сот біз ұсынған фактілердің бірде бірін ескермеді. Бізде барлық құрылыс құжаттары бар. Сот тек біржақты қараған", - дейді "Маяк ЛТД" ЖШС филиалының директоры Марат Тарғұлов. 

Көршілердің айтуынша, тұрғын үй құрылысы 2019 жылы басталып, кейін уақытша тоқтаған. Араға екі жыл салып, қайта жанданған. Қазіргі уақытта құрылыс нысаны жартылай дайын. "Жайсан" тұрғын үй кешенінің аумағы - 2,7 гектар. Құрылысшының айтуынша, олар төрт қабатты сегіз үй тұрғызуды жоспарлаған. Бүгінге дейін олардың төртеуі тұрғызылып үлгерді. Бірақ соттың шешімімен, бұл үйлер енді сүрілуі керек. Ал тұрғын үйден пәтер аламыз деп ақша құйған сатып алушылар не істерін білмей дал болып отыр. 

"Біз үй ақысының 50 пайызын төледік. Осы жылдың соңында құрылыс аяқталады, кейін пәтерлеріңді аласыңдар деген. Бүгін үйдің сүрілетіні жайлы хабарды естідік. Әрі қарай не болатынын, не істейтінімізді білмеймін. Сотқа береміз. Ақшаны қайтарсын, басқа ештеңе керек емес", - дейді Раушан Шәріпова. 



Қала құрылысын бақылау бөлімінің хабарлауынша, тексеріс барысында құрылысшының қаланы жоспарлау және урбанистика басқармасымен келісілген жоба эскизі жоқ болып гыққан. Одан бөлек те заңбұзушылықтар анықталған. 

"Тексеріс кезінде жобалы-сметалы құжаттардың сараптамадан өтпегені, эскизді жобаны мақұлдаусыз құрылыстың жалғасып жатқаны анықталды. Осы орайда әкімшілік шаралар қолданылды. Кеткен ағаттықтарды жөндеу үшін ескерту жасалды. Алайда тапсырыс беруші оны орындамады. Осы ретте басқарма арнайы ауданаралық экономикалық сотқа жүгінді. Сот аталған нысанды сүру өтінішін мақұлдады", - дейді Алматы қ. Әуезов және Наурызбай аудандары бойынша қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Медет Рабаев. 

Соттың үкімі он күн ішінде күшіне енбек. Содан кейін үйді сүру жұмыстары басталмақ. Ал құрылыс компаниясы аппеляцияға беруге ниетті. 

Бұған дейін Алматыда заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешенінің сүрілетінін жазған едік. 

Талқылау