Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тамыз айында елімізде пәтер жалдау құны 15%-ға өседі – Сарапшылар

Сарапшылар тамызда елдегі пәтер жалдау құнының өсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда кейін қайта арзандауы мүмкін. Мамандар мұны студенттердің демалыстан оралуымен байланыстырды. Себебі жатақханалардағы орын барлығына жетпейтіні сөзсіз. Ал мегаполистерде баға бірден өсіп кетуі мүмкін екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

пәтер

Сарапшылардың сөзінше, тұрғын үйді жалдау құны экономикадағы жағдаймен тікелей байланысты. Бағаға азық-түлік, текстиль, қызмет құны мен коммуналдық қызмет құны да әсер етеді. Ал Қазақстанда мұның барлығы қымбаттағанын көруге болады. Сонымен қатар шет аймақтардан келетін студенттер тағы бар. Сондықтан сұраныстың артуын пәтер иелері де қолданып қалуға тырысады дейді. 

"Мен үшінші курсты аяқтадым, осы үш жылда пәтер жалдап тұрдым. Биыл да пәтердің бағасы шарықтап тұр. "Саяхат" маңындағы бір бөлмелі пәтердің өзі шамамен 150 мың теңге. 150 мыңға пәтер табылса, өзге қыздармен бірге тұрып, ақысын бөліп төлейсің", – дейді студенттердің бірі. 

"Қазір екі бөлмелі пәтерге 160 мың төлеймін. Ағам, әпкем үшеуміз тұрамыз. Бұған дейін 120 мың теңге болған, ал қазір сәл қымбатырақ", – деп қосты екінші студент. 

Көбіне пәтерді қосымша табыс көзіне айналдырған азаматтар жалға береді. Тек 20% ғана тіркеліп, заң бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер. Дегенмен бұл бағаны өсіруге еш кедергі келтірмейді екен. Алматы, Нұр-Сұлтан мен Атырауда пәтер жалдау бағасы 250-300 мың болса, өзге аймақтарда 80-150 мың теңге аралағында болады. 

"Бизнес-класстағы жылжымайтын мүлік қымбаттаған жоқ. Бағасы жарты миллионнан жоғары. Дағдарыс болса да құны төмендемейді. Қазір мен Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларын ғана айтып отырмын. Екінші және үшінші категориядағы пәтерлердің бағасы өзгереді. Яғни жалға берушілер үшін пәтер қосымша табыс көзі ретінде ғана, демек сөзсіз бағасын өзгертеді", – деді Қазақстан риэлторлары ассоциациясының президенті Александр Пак. 

Сонымен қатар мамандар бағаны қала бойынша салыстыруға болмайтынын айтады. Барлық жерде өздігінше қымбаттаған дейді. 

"Аймақтарда және Алматыда табыс әр түрлі. Аймақтарда да баға 30-40%-ға өсті. Әрине, Алматыдағыдай емес, дегенмен 30-40%-дық өсім бар. Аймақтар үшін бұл қымбат емес. Сондықтан аймақ тұрғындарының табысын салыстыру керек", – деп қосты Александр Пак. 

Қазір мегаполистерде пәтерге сұраныс артқан. Алматылық риэлторлар жалға алу бағасының өсуіне орналасқан орны, ауданы мен жағдайы әсер етеді дейді. Орталықта қымбат, ал шет аудандарда айтарлықтай арзан. Маңында білім беру және медицина нысандарының болуы да әсер етеді екен. 

"Әрине, шеткі аудандарда арзан. Қала орталағындағы барлық нысандардың бағасы жоғары. Екіншіден, экономикалық тұрғыдан орталықта орналасқан үйлер де қымбат. Көбіне жанында орналасқан нысандарға байланысты болады", – дейді Қазақстан риэлторлар ассоциациясы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко. 

Құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан қазір пәтер құны да шарықтап кеткен. Сондықтан жалға алу қол жетімді нұсқаға айналды дейді мамандар. Ипотеканы барлығы ала бермейді. Мұның да қауіпі бар. Егер экономикалық жағдай тұрақсыз болса, ипотекасын жаба алмайтын азаматтар саны күрт өсіп кетуі мүмкін. 

Талқылау