Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сауд Арабиясының шынайы тарихи мұражайы іспеттес: Қазақстандықтар Жиддаға не үшін саяхаттауы тиіс?

Еңбек демалысына шығып не сергіп қайту үшін жылы жақта тынығуды жоспарласаңыз, тұзды теңіз бен құмды жағажай лебі мәдени мұрасымен астасқан Жидда сізді тәнті етері анық. Үнді мұхитымен жалғасып жатқан Қызыл теңіз жағалауында орналасқан Сауд Арабиясының портты қаласы туристерді қонақжайлығымен баурап алады екен. Сауд Арабиясының сұлу қаласына жолымыз түскен біз оны қалаға қонған бірінші күні-ақ аңғардық. Жыл он екі ай жылы ауа райы мен тіл үйірер теңіз тағамдары әр келушінің есінен кетпестей әсер қалдырады.  Осындай керемет қала жайлы материалымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

www.kayak.ae

Фотосурет: www.kayak.ae

Археологтардың айтуынша, Жидда қаласын біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырдың соңында Марибтен (Йемен қаласы) келген адамдар құрған. Жидда жүздеген жыл бойы балықшылардың шағын портты қаласы болған. Ал  647 жылы мұсылман халифаларының үшінші ұрпағы Усман ибн Аффан Меккеге теңіз арқылы келетін қажылардың негізгі қабылдау орнына айналдырған. Содан бері Жидда қаласы Қызыл теңіз жағалауындағы ең маңызды порт және сауда орталығы ретінде қарқынды дамып келеді. 

Жидда Сауд Арабиясының “экономикалық астанасы” атанып кеткен деседі. Ал негізінен “Джидда” сөзі араб тілінде “әже” дегенді білдіреді.  

Жиддадағы туристерді қызықтыратын бірінші нәрсе – қаланың аурасы және уақыттың баяулап қалғандай әсер етуі. Тар көшелер мен алаңдарда серуендеген адам мұнда ескі әлемнің тынысын сезінеді. Оның байлығы мен бірегейлігін бағалап көру үшін Жидданың әр бұрышын мұқият зерделеуіңіз керек.

Фотосурет: Stan.kz

Жидда халқы

Жидда – Сауд Арабиясының Эр-Риядтан кейінгі екінші үлкен қаласы. 2021 жылғы санақ бойынша қалада 5 миллионға жуық халық бар. Олардың 90%-дан астамы мұсылман-сүннитер. Қала тұрғындарының тек 45% -ы – Сауд Арабиясының нағыз тұрғындары. Қалғандары негізінен Мысыр, Филиппин, Пәкістан, Судан, Эфиопия, Үндістан және Бангладештен келген уақытша шетелдік жұмысшылар.

Фотосурет: pinterest.com

Климаты 

Жидданың жазы ыстық, қысы жылы, мүлдем қар түспейді. Демалушылар кез келген жыл мезгілінде теңіз жағалауындағы керемет атмосферада сергіп, қаланың мәдени байлығымен таныса алады. Алайда, демалуға қолайлы мезгілдер күздің басынан бастап, көктемге дейінгі уақыт. Себебі, жаздағы ауа-температурасы 50 градусқа дейін жетеді. 


Мәдениеті

Жидда – жай ғана қала емес, Сауд Арабиясының шынайы тарихи мұражайы іспеттес.  Оның сан ғасырдан бері атадан мұра болып келе жатқан бай өнері мен архитектурасы, салт-дәстүрі туралы мынадай ой-толғамдар жасауға болады:

  • Ислам және араб мәдениеті: 

Араб түбегіндегі ежелгі порттардың бірі болған Жидда ислам мен араб мәдениетінің таралуында шешуші рөл атқарды. Мұнда Африкадан бастап Азияға дейінгі аймақтармен мәдени-саудааралық байланыс қарқынды дамыған. 

  • Салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары: 

Жидда – ескі дәстүрлері қазіргі кезге дейін сақталып келе жатқан санаулы қалалардың бірі. Келушілер жергілікті халықтың салт-дәстүріне куә болып қана қоймай, той, Рамазан айын қарсы алу секілді ғұрыптарына қатыса алады. 

  • Музейі мен өнері:

Жиддада  бұл аймақтың өнері мен тарихын зерттеуге көмектесетін таңғажайып мұражайлар мен галереялар бар. Мысалы, ескі қалада орналасқан Абдулрахман Сахак мұражайы Сауд Арабиясының өнері мен мәдениетіне ерекше өң береді.  Сауд Арабиясының көрнекті суретшісі Абдурахман Сахараның атымен аталған бұл мұражай аймақтың өнері мен мәдениетінің байлығын көрсетеді. 

Фотосурет: Stan.kz

Тарихи орындары

  • Жидданың ескі қаласы – Әль-Балад. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар қатарына кіретін тарихи орын сәулетті ғимараттарымен көзге түседі. Ескі қалашықта шағын дүңгіршек базарлар, мұражайлар бар. Егер сіз Әль-Баладқа баруды жоспарласаңыз, арқаңызға сөмкеңізді асып алғаныңыз жөн. Өйткені, елдегі жақындарыңызға сыйлықтар алуға тамаша мүмкіндік туады. 

Фотосурет: visitsaudi.com

  • Аль-Рахма мешіті: Бұл мешіт Жидданың символдарының бірі саналады. Оның ерекшелігі теңіз үстінде салынған. Оны көбіне “жүзетін мешіт” деп атайды. Мешіттің іргетасы 1985 жылы қаланған екен.

Қазіргі заманғы көрнекті орындар

Жидда өткен мен бүгіннің тоғысқан жері бола отырып, туристерге заманауи сәулет туындылары мен ойын-сауық кешендерінің таңғажайып көрінісін ұсынады.

  • Ойын-сауық кешендері: Жиддадағы ойын-сауық орындары әртүрлі демалыс түрін ұсынады. Мәселен, Red Sea Mall – үлкен сауда және ойын-сауық орталығы. Мұнда дүкендер, мейрамханалар мен кинотеатрлар бар. Сондай-ақ Ethad Park сияқты кешендерде отбасыға арналған аттракциондар мен ойын-сауықтың түр-түрі бар.

Фотосурет: Stan.kz

  • Патша Фахд субұрқағы: Жерорта теңізінің климаты болғандықтан, Жиддада таңғажайып субұрқақтар мен көлдер бар. Патша Фахд субұрқағы – әлемдегі ең үлкен субұрқақтардың бірі және әсіресе кешкі уақытта түрлі түсті шамдармен жарықтандырылған кезде таңғалдырады. Оның биіктігі 312 метрге дейін жетеді (Астанадағы Абу-Даби Плаза биіктігімен шамалас). Ал Корниш аймағындағы жасанды аралдар демалып, теңіз көріністерін тамашалауға мүмкіндік береді.

Манди

Тағамдары

Мәдениет пен дәстүр күнделікті өмірге терең енген қалада туристер классикалық араб тағамдарынан дәм тата алады. Манди (күріш пен тауықтан жасалған тағам), Бирьяни (кеспе) және Хузи (қой етінен дайындалған тағам)- дәмдеуіштер мен дәстүрлі пісіру әдістерімен дайындалған тағамдардың кішкене бөлігі ғана. Мейрамханалар мен ресторандарда тамақтану құны Қазақстандағы бағамен шамалас. 

Сибас

Сондай-ақ мұнда теңіз балықтары жоғары танымалдылыққа ие. Солардың бірнеше түрінінің дәмін татып, бағалап көрдік. Теңіз балығы - Сибас. Қылтанағы аз балық түрі. 

 

Факих аквариумы

Жидда қаласында көруге тұрарлық жерлердің бірі – Факих акваруимы. Мұнда теңіз балықтарының 1200-ден астам түрі бар. Сондай-ақ сіз бұл жерден жыртқыш акуланы, сүйкімді пингвиндерді, сұлу итбалықтарды көре аласыз. Кіру ақысы бір адам үшін шамамен 5000 теңгені құрайды.

Қызыл теңізге катермен саяхат

Жиддаға келе тұрып, теңізге саяхаттамау үлкен қателік. Өйткені бұл саяхаттың жөні бөлек. Егер сіз отбасыңызбен не достарыңызбен келсеңіз, мұнда 1500-2500 риалға (200 мың теңгеден бастап) 6 сағат катер жалдауға болады. Ол бағаға сусындардың түр-түрі, жеміс-жидектер мен сэндвич, сондай-ақ шомылу және тағы басқа ойын түрлері кіреді. Қызық та шытырман оқиғаға толы теңізге саяхат ұмытылмас әсер қалдырары сөзсіз.

Егер теңізге катермен саяхаттауды жоспарласаңыз міндетті түрде паспортыңызды алып алыңыз. Себебі мұнда теңізге шығардан бұрын арнайы кедендік бақылаудан өту қажет. Сондай-ақ күннен қорғайтын креміңізді де ұмытпағаныңыз жөн.

Жиддадағы Қазақстанның бас консулдығы

Сапарымыздың барысында Жидда қаласындағы Қазақстан бас консулдығына соғып, бас консулмен сұхбаттасып қайттық. Бас консул қызметін Руслан Қоспанов атқарады. Руслан Қоспанов Жидда қаласындағы Қазақстан консулы қызметіне 2022 жылдың күзінде тағайындалған. Оның сөзінше, консулдық Жидда, Мекке, Медина, Таиф. Тувал, Янбу секілді қалалардағы Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғаумен айналысады. 

“Осында оқитын қазақстандық студенттердің құжаттарының мерзімі бітіп қалса, біздің көмегімізге жүгінеді. Біз оларға өтініштерін толтырып, Қазақстанға жіберуге көмектесеміз. Сондай-ақ осындағы азаматтарымыз балалы болып жатса, туу туралы куәілігін алуға көмектесеміз.” – дейді Руслан Қоспанов.

Оның айтуынша, бас консулдығына көбіне қажылық жасаушы қазақстандық азаматтар жүгінетін көрінеді.

“Көбісі қажылыққа келерде қасиетті мекен, мұнда ешқандай қылмыс жоқ деп ойлайды. Алайда, мұнда да ұрлық бар. Заттарыңызға сақ болмасаңыз, жоғалтып алуыңыз мүмкін. Бізде көбіне азаматтар сапар барысында заттарын жоғалтқанын айтып хабарласып жатады. Әрине ол уақытта біз жергілікті құқыққорғау органдарымен байланысамыз.” – дейді ол.

Бас консул – Руслан Қоспанов

Туристер үшін қауіпсіздік және кеңестер

Кез келген қалаға барған кезде туристердің қауіпсіздігі бірінші орында және Жидда кез келген басқа қала сияқты келушілерді қорғау үшін бірқатар шаралары қарастырады. Жиддада қауіпсіз әрі жайлы саяхаттауға көмектесетін бірнеше кеңес ұсынамыз:

  • Елдің талаптарына сәйкес киініңіз: Жергілікті дәстүрлер мен мәдениетке сәйкес қарапайым киінуге тырысыңыз. Әсіресе, қоғамдық орындар мен діни орындарға барған кезде әйелдерге арналған ұзын киім кию керек, ал ерлердің тым ашық киімдерден аулақ болғаны дұрыс.
  • Жергілікті әдет-ғұрыптарды құрметтеңіз: Жергілікті халықтың мәдени ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қараңыз. Дәстүрлерді құрметтеу жергілікті халықпен қарым-қатынасты жеңілдетеді. 
  • Діни орындарға құрметпен қарау: Жидда – исламның бай мұрасы бар қала. Мешіттерге және басқа да діни орындарға барған кезде оларға құрметпен қарап, кірер алдында аяқ киіміңізді шешіп, келушілерге арналған нұсқауларды ұстаныңыз.
  • Қоғамдық қауіпсіздікті қадағалаңыз: Кез келген қаладағы сияқты, жеке заттарыңызға сақ болыңыз. Ресми такси қызметін немесе танымал көлік қызметтерін пайдаланыңыз.
  • Қауіпсіз демалыс аймақтарын пайдаланыңыз: серуендеу және демалу үшін белгілі және қауіпсіз аймақтарды таңдаңыз. 
  • Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз: Егер сіз көлікті жалға алуды немесе такси ұстауды шешсеңіз, жол қозғалысы туралы заңдардан хабардар болыңыз. Жылдамдықты шектеу, қауіпсіздік белдіктерін тағу және абайлап жүргізу маңызды.
  • Араб тілін үйреніңіз: Көптеген жергілікті тұрғын мен компания қызметкері ағылшын тілінде сөйлесе де, кейбір араб сөз тіркестерін білу пайдалы болуы және жергілікті мәдениетке деген құрметіңізді көрсетуі мүмкін. Осы қарапайым кеңестерді орындау сізге Жиддада болуды жағымды әрі қауіпсіз етуге көмектеседі.

Сауд риалы

Жиддаға саяхат

  • Интернет және байланыс: Интернет бойынша сізде екі таңдау бар. Бірі өз операторыңызда қалып, роуминг қосу. Екіншісі жергілікті симкартаны сатып алу. Қонақ үй, сауда орталықтары және көптеген мейрамханаларда тегін вайфайлар бар. Дегенмен олардың кейбіріне қосылу үшін Сауд Арабиясының сим картасы болуы қажет. 
  • Виза және құжаттар: Сауд Арабиясына кіруге қажетті визалар мен құжаттардың бар екеніне көз жеткізіңіз. Талаптарды консулдықпен немесе бас консулдық веб-сайтынан тексеріңіз. Визаны https://visa.visitsaudi.com/ сайтынан ала аласыз. Визаның жарамдылық мерзімі – 1 жыл. 1 жыл ішінде сіз Сауд Арабиясында 90 күн бола аласыз. Құны 67 000 теңге шамасында. Визадан бөлек, сізге медициналық сақтандыру қағазы беріледі. Екі құжатты да қағаз түрінде шығарып алу маңызды. Толығырақ ақпаратты сілтеме арқылы біле аласыздар.
  • Жергілікті валюта және қаржы: Сауд Арабиясының ресми валютасы – риал деп аталады. Қазіргі есеппен 1 риал – 127,5 теңгеге тең. Бастапқы кететін шығындар үшін аз мөлшерде жергілікті валютаға қаражат айырбастап алған жөн. Көптеген орында несие карталарын қабылдайды, бірақ қажет болған кезде қолма-қол ақшаны алып жүрген дұрыс.
  • Транспорт: Жидда қаласында қоғамдық көліктер жоқтың қасы. Сондықтан жергілікті халық өз көлігін не такси қызметін пайдаланады. Kareem, Recab секілді ресми такси қосымшаларын орнатқаныңыз жөн. Такси құны ұзақтығына байланысты 3000 теңгеден бастап, 10 000 теңгеге дейін барады.

Жиддаға қалай баруға болады?

Бүгінде қазақстандықтар Air Astana әуе компаниясымен Жиддаға тікелей Алматыдан ұшып бара алады.  Әуе рейстері қазан айында сәрсенбі және жексенбі күндері орындалады. Ал 1 қарашадан бастап ұшу сәрсенбі және сенбі күндері, желтоқсаннан бастап қосымша дүйсенбі күндері жүзеге асырылмақ. 

Бұл бағыт бойынша 166 орны бар Airbus A321 LR жайлы әуе кемелері қатынайды. Ұшу ұзақтығы – 6 сағат 50 минут, қайтатын рейс ұзақтығы  5 сағат 45 минутқа созылады.

Қызмет құнынан басқа барлық төлемдерді қосқанда эконом-кластағы әуе билеттерінің ең төменгі құны 320 мың теңге, бизнес-класта 760 мың теңгеден асады. 

Бұл бағаға ұшақ бортында екі мезгіл тамақтану, түрлі сусындар және т.б тәттілер мен тіскебасарлар кіреді. Сондай-ақ, ұзақ сапар барысында ішіңіз пыспас үшін ұшақ бортында әртүрлі жанрдағы қазақша-орысша таңдаулы фильмдердің топтамасы ұсынылған.  Сонымен қатар, жолаушылардың ыңғайлылығы үшін құлаққап, ұйықтағанда көзіді жапқыш т.б сыйлыққа беріледі.

Жиддаға саяхат араб қаласының бай тарихымен, мәдениетімен және заманауи сән-салтанатымен танысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, ұмытылмас әсер қалдырары сөзсіз. 

Талқылау