Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жәбірленушіге 40 миллион теңге өтемақы төледім": Қайрат Түнтеков осыдан 10 жыл бұрынғы істі болған кезін есіне алды

Жол апатына түсіп, істі болып өнерден көрінбей кеткен Қайрат Түнтеков сол сәтті есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Подкастан скриншот

Өнер иесі "Qazaq Airan" Youtube-жобасына берген сұхбатында 2012 жылы болған оқиғаны бүкпесіз баяндап берді. 

“Осыдан 12 жыл бұрынғы оқиға. Қазір күліп айтамын. Бірақ сол кезде өте қиын болған. Сот жәбірленушіге 40 миллион теңгенің айналасында өтеуімді міндеттеді. Бұл сол уақытта өте көп ақша еді. Халық шулап кетті, ал журналистер одан қатты көтерілді. Әңгіме арасында сөз болып жатқан “хайпты” сол кезде жасадым-ау. Қарыздан құтылу үшін 4-5 жылдай жүрдім. Бүгінде толық өтедім деп айта аламын. Ол жылдар да оңай болған жоқ. Маған көмектескен өнер адамдарына, ата-анама, жақындарыма алғысым шексіз”, – деді әнші. 



Эстрада жұлдызының айтуынша, жол апатына қатысты жаңалықтан гөрі ақылға қонымсыз өсек көп болған көрінеді. 

“40 күн қамауда отырдым. Ол сөздің өзі жаман естіледі. Сол кезде маған қатты ауыр тиген еді, ал қазір көріп отырмыз ғой, өнер адамдарының арасында да түрлі жағдай болып жатыр. Оларға қарайсың да, "ауыр тие ме, тимей ме?" деп ойлап қаласың. Еркекпіз, әр еркектің басынан неше түрлі жағдай өтеді. Дегенмен қазіргі жастарға айтарым, абайлап жүріңіздер, сақ болыңыздар! Одан кейін танымал болғасын түрлі өсек, жалған ақпарат артыңнан қалмайды. Сол кезде мені мас болған деп жерден алып, жерге салды. Бірақ мүмкін мен ішпеген шығармын? Көрдіңіздер ме, өсек деген – өте ауыр дүние. Мүмкін шынымен ішімдік ұрттаған шығармын, мүмкін сау болып, көктайғақта жолды көрмей қалған шығармын, бұл туралы менен басқа ешкім білмейді. Халық оны көзбен көргендей етіп таратады", – деді Қайрат Түнтеков. 

Айта кетейік, 10 жыл бұрын құжатсыз рөлге отырып, аса ауыр жол апатына ұшыраған Қайрат Түнтеков сол оқиғадан кейін 40 күн қамауда отырды. 40 мың доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. 

Еске салайық, Қайрат Түнтеков өзін Димаш Құдайбергенмен салыстыратындарға жауап берген еді. 

Талқылау