Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жертөлелер мен паркингтер апат кезінде бункер болуға жарай ма – Ескі паналау орындары моншаға айналған

 

 

қауіпсіз жертөле
Фото: © Pixabay/mauriciodonascimento

Қазақстандағы жерасты паналау нысандарының бүгінгі жай-күйі алаңдатарлық. Инженер-урбанист Марат Балгереев қолданыстағы жертөлелер мен паркингтердің басым бөлігі төтенше жағдайда халықты қорғауға дайын емес екенін айтады. Осы тұста мемлекет жаңа стандарт енгізгенімен, оның іс жүзінде қалай орындалатыны және ескі нысандардың тағдыры қандай болатыны әзірге ашық сұрақ. Stan.kz тілшісі осы мәселені зерттеп, Қазақстандағы ахуалды шетел тәжірибесімен салыстырып көрді.

 

Стандарттың орындалуын кім және қалай бақылайды?

Қазақстанда төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғауға арналған жертөлелерді, паркингтерді және басқа да жер асты нысандарын бейімдеуге қатысты жаңа ұлттық стандарт (ҚР СТ 4016-2025) қабылданды. Құжат 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгенімен, бұл туралы сауда және интеграция министрлігі тек 7 сәуірде ғана хабарлаған.

Қазақстанда да жертөле, паркинг секілді нысандарды азаматтық қорғаныс құрылыстары ретінде бейімдеуге болады. Аталған стандартты төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырысы бойынша ҚазСтандарт әзірлеген. Құжатты бірнеше ведомство келісіп бекіткен, олардың қатарында төтенше жағдайлар министрлігі, қорғаныс министрлігі, экология және табиғи ресурстар министрлігі және энергетика министрлігіне қарасты атомдық және энергетикалық қадағалау комитеті және атом энергиясы агенттігі бар.

Алайда осы тізімде тұрғын үй қорының нақты жағдайына жауапты өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жоқ. Дәл осы ведомство елдегі көпқабатты үйлердің 80 пайызы 1991 жылға дейін салынғанын, ал әрбір үшінші үй күрделі жөндеуді қажет ететінін ресми түрде мәлімдеген. Яғни, паналау орны ретінде қарастырылып отырған жертөлелердің өзі физикалық тұрғыдан талапқа сай болмауы мүмкін.

Тағы бір маңызды сұрақ стандарттың орындалуын кім және қалай бақылайды? Осы мәселе бойынша Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігіне хабарласқанымызда, ведомство нақты түсініктеме беруден бас тартты. Ал сауда және интеграция министрлігі өкілдері стандарттың іске асырылуы мен талаптарының сақталуын төтенше жағдайлар министрлігі қадағалайтынын айтып, жауапкершілікті соларға жүктеді.

Халықты жинап, қауіпсіз аймаққа (бұл жағдайда, бәлкім, ашық далаға) шығару үшін эвакуациялық пункттер белгіленгені айтылғанымен, олардың нақты орналасуы мен бағыттары жөнінде ресми органдар тарапынан мардымды ақпарат берілмеген. Төтенше жағдайлар министрлігі үнсіз қалған соң, мәліметті редакция 2ГИС қосымшасынан іздеп көрді.

Қалалардағы қауіпсіз орындар
Фото: 2ГИС

Қосымшадағы деректерге сенсек, Алматының өзінде – 402, Астанада – 131, ал Шымкентте – 172, Атырауда – 151 қауіпсіз орын белгіленген. Ал шағын қалаларда, мысалы, Петропавлда – 68, Павлодарда "эвакуациялық пункт" деп іздегенде бар болғаны 25 нысан шығады. Оның басым бөлігі мектептер, мәдениет үйлері, вокзалдар мен автобус парктері. Осы жағдай төтенше сәтте халықты жүйелі әрі қауіпсіз түрде көшіру мәселесі толық жолға қойылмағанын аңғартады.

“Жерасты кеңістігі өте аз игерілген, шамамен 1-2% ғана”

Осыдан соң паналау орны туралы шешімнің қаншалықты тиімді екені қоғамда түрлі пікір туғызды. Белгілі инженер-урбанист Марат Балгереев бастамаға қатысты өз кәсіби көзқарасын білдірді.

"Мәселе тек төтенше жағдайлармен шектелмейді, оны кеңірек қарастыру қажет. Қалаларда бос кеңістіктің тапшылығы бар, сондықтан жерасты кеңістігін пайдалану заңды шешім. Бірақ бүгінде, мысалы, Алматыда жерасты кеңістігі өте аз игерілген, шамамен 1-2% ғана. Сондықтан жаңа стандарт аясында енді салынатын жерасты нысандары міндетті түрде өмір сүруге қажет жүйелермен жабдықталуға тиіс. Бұл оларды табиғи немесе техногендік апат кезінде адамдар ұзақ уақыт паналай алатын орынға айналдыруға мүмкіндік береді”, – деді сарапшы Марат Балгереев.

Қазіргі жерасты паркингтерін паналау орны ретінде пайдалануға бола ма деген сұраққа сарапшы біржақты жауап бермеді. Оның сөзінше, қаулы бұрыннан бар паркингтерге емес, жаңа салынатын жерасты нысандарына қатысты.

"Енді жобаланатын құрылыстар бастапқыдан-ақ паналау орны ретінде бейімделуі керек. Ал қазіргі паркингтерді қайта жабдықтау көп жағдайда тиімсіз, әрі қымбат және өзін ақтамайды. Сонымен қатар жерасты паркингі мен бомба панасы екеуін шатастыруға болмайды. Паркинг күнделікті пайдаланылатын нысан, ал бомба паналары төтенше жағдайға арналған, ұзақ уақыт пайдаланылмай тұратын арнайы құрылыстар. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде салынған паналардың басым бөлігі іс жүзінде қолданылмаған", – дейді сарапшы.

"Бұрынғы паналау орнында қазір монша жұмыс істейді"

Инженер-урбанист Марат Балгереев Кеңес дәуірінде салынған бомба паналарының қазіргі жағдайы да қоғамда сұрақ тудырып отырғанын айтады. Маманның сөзінше, олардың бүгінгі тағдыры мүлде басқа арнаға бұрылған.

"Қазір бұрынғы бомба паналарының басым бөлігі жекеменшікке сатылып кеткен. Мысалы, Гоголь көшесі мен Наурызбай батыр көшесі қиылысындағы пананың орнында қазір монша жұмыс істейді. Тағы бір бомба панасы бұрынғы темекі фабрикасының аумағында болған. Қазір ол нысанның өзі жоқ, үстіне жаңа ғимарат салынған. Ал жертөлесі киноиндустрия үшін пайдаланылып жатыр. Ол жер толықтай қайта жабдықталып, дерлік шағын "Голливудқа" айналған, фильмдер түсіріледі. Жалпы мұндай нысандардың көбі бизнес мақсатта пайдаланылып жатыр", – деді сарапшы Марат Балгереев.

Фото: Stan.kz | google.maps

Сарапшының айтуынша, Алматы қаласындағы Жамбыл көшесі, 84-үйдің тұрғындары үшін қайда паналауымыз керек деген өзекті мәселе. Себебі жертөледе жарық жоқ, құрылыс қалдықтары үйіліп жатыр, егеуқұйрықтар көбейген, әрі ауа жетіспейді. Бұл орын әлдеқашан жекенің меншігіне өтіп кеткен, ал пәтер иелері жертөлені қайтару бойынша сотта жеңіліп қалған.

Фото: Stan.kz | google.maps

Сол сияқты Алматыдағы Чайкина көшесі, 3а мекенжайындағы кең жертөле де тұрғындарға толық қолжетімді емес. Күндіз онда тұрмайтын иесі есігін құлыптап қояды, ал түнде бұл орын бар мен компьютерлік клуб ретінде жұмыс істейді. Маманның сөзінше, бомба паналарына қойылатын талаптарды бүгінгі жағдаймен тікелей байланыстыру дұрыс емес. Өйткені қазіргі қауіптер мен басымдықтар өзгерген.

Фото: Stan.kz | google.maps

"Бомба паналарын тек қазіргі жағдаймен байланыстырып қарастыру – қате. Себебі соғысқа дайындық сияқты әсер қалдырады. Кеңес Одағы кезінде мұндай нысандар атомдық қауіпке қарсы салынды, себебі ол кезде Кеңес Одағы мен АҚШ арасында қақтығыс болуы мүмкін деген түсінік болды. Ал Қазақстан бейбіт саясат ұстанады. Сондықтан бүгінгі “паналау орындары” соғысқа емес, техногендік және табиғи төтенше жағдайларға, яғни жер сілкінісі, су тасқыны, өрт сияқты апаттарға арналған", – деп түсіндірді Марат Балгереев.

Дегенмен маман соғыс немесе төтенше жағдай кезінде халық қайда паналайды деген сұрақ жиі көтерілетінін де еске салды. Марат Балгереев осы тұрғыда метрополитендердің рөліне ерекше тоқталды.

"Метро туралы арнайы қаулы болмаса да, ол – бастапқыдан-ақ паналау мүмкіндігі қарастырылған нысан. Мұндай тәжірибе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен белгілі. Адамдар Лондон метрополитені мен Мәскеу метрополитені ішінде паналаған. Метро көп адамды қабылдай алады, бірақ ең маңыздысы өмір сүруге қажет жүйелер. Егер адамдар бірнеше күнге қалса, онда су, санитарлық жағдай, азық-түлік және медициналық көмек толық қамтамасыз етілуге тиіс. Әсіресе желдету жүйесі өте сенімді болуы керек", – деді сарапшы.

Фото: Урбанист Марат Балгереевтің жеке архивінен

Инженер-урбанист Марат Балгереев қауіпсіздік мәселесінде тек инфрақұрылым емес, халықтың дайындық деңгейі де шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда "бізді бұл айналып өтеді" деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, қауіпсіздікке қомақты қаржы қажет, ал Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің қымбат болуы сейсмикалық қауіптің жоғары болуымен байланысты. Сарапшы қорғаныс жүйелерінің әлсіздігі көбіне жауапсыздықтан емес, қаржы тапшылығынан туындайтынын жеткізді. Сондықтан, ең маңыздысы, адамдардың төтенше жағдайда қайда барып, қалай әрекет ету керегін нақты білуі дейді ол.

Қазақстанда жеке бункер салуға бола ма және ол заңды түрде қалай рәсімделеді деген сұраққа инженер-урбанист Марат Балгереев түсініктеме берді.

"Техникалық тұрғыдан жеке бункер салуға болады, ешқандай тікелей тыйым жоқ. Алайда негізгі мәселе оны заңды түрде тіркеу кезінде туындайды. Себебі Қазақстан заңнамасында “жеке қорғаныс құрылысы” деген нақты санат қарастырылмаған. Сондықтан сіз салған нысан іс жүзінде бомба панасы қызметін атқарса да, құжат жүзінде ол жертөле, қойма немесе шаруашылыққа арналған орын ретінде ғана тіркеледі. Ал өндірістік немесе қоғамдық қорғаныс нысандары үшін белгілі бір талаптар бар, бірақ жеке деңгейде бұл мәселе толық реттелмеген", – деді сарапшы.

Марат Балгереев жерасты кеңістігін тиімді пайдалануға инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, электр, су, жылу және кәріз желілері көбіне ретсіз орналасқандықтан, апат кезінде оларды жөндеу үшін жерді қайта-қайта қазуға тура келеді. Ал дамыған қалаларда барлық коммуникация арнайы жерасты туннельдеріне біріктіріліп, мұндай кеңістіктер қажет жағдайда паналау орны ретінде де пайдаланылады. Сарапшы Алматыдағы жерасты инфрақұрылымын дамыту әрекеттері бұрын да болғанын, алайда олар толық жүзеге аспағанын еске салды.

"Еске салайын, 1989 жылы Алматы қаласының Самал ықшамауданында өтпелі канал салу бастамасы болды. Онда барлық коммуникация бір туннельге жинақталуға тиіс еді. Бірақ қажет технологиялар мен жабдықтар болмағандықтан, жоба толық іске аспады. Қазір мұндай деңгейдегі технология тек метро құрылысында қолданылды. Арнайы қазу құрылғылары мен мамандар Новосібір қаласынан тартылды. Ал Шағабудинов көшесі мен Төле би көшесі қиылысындағы жерасты өткелі инфрақұрылымды алдын ала жоспарламаудың мысалы. Қазір ол жерде гүл сататын дүкен бар. Себебі өткел тым терең орналасқан, шамамен 3 метр тереңдікке кеткен. Барлық коммуникациялардың астынан өту үшін солай жасауға тура келген. Соның салдарынан ол ыңғайсыз болып, халық пайдаланбай қойған. Сондықтан кез келген құрылысты бастамас бұрын инфрақұрылымды дамыту қажет екенін көрсетеді", – деп түйіндеді Марат Балгереев.

Сонымен қатар маман жерасты паркингтерінің дамуы мен олардың тереңдігі нақты талаптардан гөрі экономикалық және техникалық мүмкіндіктерге тәуелді екенін де атап өтті.

"Қазақстанда жерасты кеңістігін игеру бойынша нақты нормативтер әлі толық қалыптаспаған. Сол себепті паркингтердің тереңдігі әр жобада әртүрлі, көбіне 3-5 деңгеймен шектеліп қалады. Ал, мысалы, Жапония елінде 10 деңгейге дейін жетеді. Ол енді логистика мен технологияға байланысты. Сонымен қатар тереңдеген сайын желдету мәселесі күрделене түседі. Жалпы, жерасты құрылыстарының дамуы жер бағасына тікелей байланысты. Жер қымбаттаған сайын құрылыс төменге немесе жоғарыға қарай жылжиды. Әсіресе Алматы қаласында осы үрдіс күшейе түседі", – деп түсіндірді Марат Балгереев.

Басқа елдерде жағдай қалай?

Енді әлем елдеріндегі бункерлердің жай-күйіне қысқаша шолу жасап көрейік. Қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беретін мемлекеттерде жерасты паналары төтенше жағдайға арналған орын ғана емес, толыққанды өмір сүруге бейімделген кешен ретінде қарастырылады. Солардың бірі – Ұлыбритания. Мәселен, Лондон қаласының оңтүстігіндегі шағын көшелердің бірінің астында кезінде ауқымды бомба панасы орналасқан. Бүгінде бұл нысан мүлде басқа мақсатқа қызмет етіп отыр — ол жерасты қалалық фермаға айналып, жергілікті дүкендерді органикалық өніммен қамтамасыз етеді. Ал Баллимина қалашығында ядролық соққыға арналған бункер Қырғи-қабақ соғыстың соңында, 1990 жылы ашылған. Паналау орны 235 адамды қабылдай алады. Ішінде асүй, ортақ жатын бөлме және зарарсыздандыруға арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Қазір бункер сатылымға қойылған. Бағасы — 575 мың фунт стерлинг (362 миллион теңге) шамасында.

братания бункер
Фото: Getty Images

Ал Израиль елінде бомба паналары өткеннің қалдығы емес, бүгіннің нақты қажеттілігіне айналған. Үздіксіз қауіп-қатер жағдайында бұл нысандар халықтың өмірін қорғаудың маңызды тетігі ретінде қарастырылады. Мәселен, Сдерот қаласында бомба паналары тұрғындардың күнделікті тіршілігінің бір бөлігіне айналған. Қауіп дабылы берілген сәтте адамдар санаулы секундтардың ішінде паналарға жетуге мәжбүр. Ал Беэр-Шева қаласында жергілікті тұрғындар жақын маңға жасалған зымыран соққыларынан қорғану үшін жерасты паналарына жедел жасырынуға дағдыланған. Сол сияқты Нетивот қаласында да бомба паналары қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі саналады.

израиль бункер
Фото: Getty Images

АҚШ-та ядролық, химиялық немесе жарылыс қаупінен қорғануға арналған паналар салу жеке бизнеске айналған. Мұндай нысандар сырт көзге қарапайым, тіпті тұрғын үйге ұқсамайтын құрылыс ретінде көрінуі мүмкін. Мәселен, Монтебелло қаласында (Калифорния штаты) жер астына көмілген құбыр тәрізді бункерлер бар. Сыртынан қарағанда қарапайым болғанымен, ішкі жағдайы айтарлықтай жайлы. Паналарда төсек-орын, асүй, су ағатын дәретхана, тіпті каминге дейін қарастырылған. Яғни, мұндай орындар ұзақ уақыт автономды өмір сүруге бейімделген. Мәліметтерге сенсек, тапсырыс берушінің талғамына қарай мұндай пананың бағасы шамамен 75 мың доллар (шамамен 47 миллион теңге) немесе одан да қымбат болуы мүмкін.

АҚШ бункер
Фото: Getty Images

Канада елінде де бункер салу тек мемлекеттік деңгейде емес, жеке бастама ретінде де жүзеге асып жатыр. Соның жарқын мысалы Онтарио провинциясының тұрғыны Брюс Бич. Ол соңғы жарты ғасыр бойы “Екінші кеме” (Second Ark) деп аталатын ауқымды жерасты панасын салып келеді. Құрылыста 42 мектеп автобусы пайдаланылған. Бункердің жалпы аумағы 900 шаршы метрден асады және 50-ден астам бөлмеден тұрады. Мұндай паналау орнында ұзақ уақыт өмір сүруге барлық жағдай қарастырылған. Тіпті әйелдерге арналған жеке жуыну бөлмелері де бар.

канада бункер
Фото: Getty Images

Қытай елінде табиғи апаттарға дайындық ерекше бағытта дамып келеді. Мәселен, Хэбэй провинциясының фермері Лю Циюань жер сілкінісі мен цунами жағдайында аман қалуға арналған шар тәрізді қорғаныс капсулаларын ойлап тапқан. Ол осындай жеті капсула құрастырған. Бұл құрылғылар су бетінде қалқып тұра алады және ішіндегі адамдарды сыртқы қауіптен қорғайды. Өнертапқыш өз туындысын “Нұхтың кемесі” деп атайды. Капсуланың ішінде тіршілік етуге қажет жағдайлар қарастырылған, яғни тек паналау орны емес, уақытша өмір сүруге бейімделген кеңістік. Сонымен қатар Чэнду қаласының тұрғындары бомба паналарын төтенше жағдай үшін ғана емес, тұрмыстық мақсатта да пайдаланып жүр. Аптап ыстық күндері адамдар жерасты паналарына түсіп, салқындап демалады.

қытай бункер
Фото: Getty Images

Украинаның шығысындағы соғыс басталғаннан кейін Донбасс тұрғындары үшін бомба паналарының дайындығы аса өзекті мәселеге айналды. Мәселен, 2017 жылдың ақпан айында снарядтар жер үстіндегі үйлерін қиратып кеткен соң, Донецк қаласының тұрғындары жерасты паналарына көшуге мәжбүр болды.

украина бункер
Фото: Getty Images

2024 жылы Жапония астанасы Токио қаласында билік ракеталық шабуыл қаупіне байланысты жерасты паналарын салу туралы шешім қабылдады. Жоба бойынша паналар Минато ауданындағы Адзабу-Дзюбан станциясы метро станциясында орналастырылады. Ол үшін станцияны қайта жаңғыртып, адамдарды уақытша орналастыруға бейімдеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар билік жер астында орналасқан көпдеңгейлі автотұрақтардың бір бөлігін де паналау орны ретінде пайдалануды қарастыруда. Паналар су, азық-түлік қоры, желдету жүйесі, төтенше жағдайда жарық беретін қуат көздері және байланыс құралдарымен жабдықталады. Сарапшылардың пікірінше, шешім аймақтағы геосаяси шиеленістің күшеюіне, әсіресе Солтүстік Кореяның зымыран сынақтары мен Тайвань төңірегіндегі жағдайға байланысты қабылданған.

жапония бункер
Фото: elektrovesti.net

 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 09:00