Велосипедпен құдықтың бетон қақпағына соғылған жасөспірім омыртқасын зақымдады

Алматы облысында 16 жастағы жасөспірім велосипедтен құлап, ауыр жарақат алды. Мектеп оқушысы жылдам келе жатып, шығып тұрған құдық қақпағына соғылған. Оның жақ сүйегі мен омыртқасы зақымданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарақат алған баланың отбасы бұл оқиға акиматтың кемшілігінен болды деп отыр.
“Қазір ұлым тамақ та жей алмайды, орнынан тұра алмайды, тіпті дұрыс су да іше алмайды. Ол ауыр халде. Омыртқасы жарақаттанған, денесінде сау жер жоқ. Акимат қайда қараған? Мұнда қанша бала жүред?! Бұл учаскені қалай қабылдап алған? Құдық қақпағының қаншалықты шығып тұрғанын қараңыздар. Түнде мүлде көрінбейді”, – дейді баланың анасы Жанар Айтжанова.
Оқиға Қаскелең қаласынан шығар жолда болған. Туыстарының айтуынша, 16 жастағы Дамир кешкі уақытта үйіне велосипедпен қайтып келе жатып, бетон қақпақпен уақытша жабылған құдық люгін байқамай қалған. Соған соғылған жасөспірім бірнеше метрге ұшып кетіп, бетімен жерге құлаған. Қазір ол ауруханада жатыр.
Алайда шенеуніктер анасының айтқанымен келіспейді. Әкімдіктегілердің мәліметінше, құдықтың қақпағы бұған дейін ұрланған. Адамдар ішіне түсіп кетпеуі үшін оны уақытша бетон плитамен жапқан.
Сонымен қатар олардың айтуынша, бұл нысан үшін әкімдік емес, су шаруашылығы комитеті мен жұмыс жүргізген мердігер ұйым жауапты.
“Қауіпсіздік мақсатында біз құдықты уақытша бетон плитамен жаптық. Біз мұны әкімдіктің қателігі деп есептемейміз. Жұмыстардың тапсырыс берушісі – су шаруашылығы комитеті. Тиісті мекемелерге хаттар жолданды. Жарақат алған жасөспірімге қатысты жағдай қарастырылып жатыр, аудан басшылығымен бірге отбасына қандай көмек көрсетуге болатынын шешеміз”, – деді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Толепберген.