Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан билігі көмектеспеді": Абзал Мырзаштың отбасы вундеркиндті АҚШ-қа оқуға жіберу үшін үйлерін сатқан

16 жастағы қазақстандық вундеркинд Абзал Мырзаш Қазақ Британ Техникалық университетінде IT мамандығы бойынша бакалаврды тәмамдады. Қазір ол АҚШ-тың Нотр-Дам университетіне компьютерлік ғылымдар мен инженерия мамандығына магистратураға қабылданған. Десек те, әкесінің айтуынша, ұлын шетелдік беделді ЖОО-да оқытуға байланысты бірқатар қиындықтар туындаған. Stan.kz тілшісі вундеркиндтің әкесінен бұл мәселе қалай шешілгенін сұрап білді. 

Дәуренбек Нысанов ұлының 15 жасында Гарвард университеті, Пенсильвания университеті, Массачусетс  технологиялық институты, Принстон университеті, Нотр-Дам университеті мен Йель университеті сынды әлемдік танымал оқу орындарына PhD-ге Computer Science мамандығы бойынша құжат жолдағанын айтады. Алайда Абзалдың кәмелет жасына толмауына байланысты бұл университеттер оны қабылдаудан бас тартқан. Өйткені АҚШ-та студенттер докторантураға 22-23 жастан бастап қабылданады екен. 

"Абзал ЖОО-ның профессорларымен хабарласып, өзінің қабілеттерін олардың әрқайсына жеке-жеке дәлелдеуіне тура келді. Олардың арасында тек Нотр-Дам университеті ұлымды магистратураға қабылдап, жас ерекшелігіне байланысты кейіннен екі семестрден соң докторантураға ауыстыру мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. Бірнеше бетпе-бет онлайн сұхбат пен хат-хабарламалардан кейін Нотр-Дам университетінен  шақырту алдық", – дейді Абзалдың әкесі. 

Бұған қоса, ол Абзал магистратурадағы оқуына кіріскен күннен бастап PhD бойынша компьютерлік ғылым саласында өз зерттеуін қатар алып жүруіне болатынын атап өтті.  Бұл өз кезегінде екі семестрден кейін Абзал докторантураға АҚШ-тың Ұлттық ғылым қорынының гранты бойынша тегін оқуға өтініш бере алады дегенді білдіреді екен. 

Дарынды қазақстандық баланың "Болашақ "бағдарламасына бакалавр дипломынсыз тапсыруға мүмкіндігі болмаған. Себебі Абзал дипломын байқау өтіп кеткеннен кейін бір-ақ алған. Ал келесі байқау тек осы жылдың қазанында ұйымдастырылады екен. Бұған қоса, "Болашақ" бойынша оқуға болатын ЖОО-ның тізімінде Нотр-Дам университеті болмаған. 

Вундеркиндтің әкесі ұлының ҚР президентінің әкімшілігіне хат жолдағанын да жеткізді. Десек те, олар баланың өтінішін білім және ғылым министрлігіне жөнелткен. Өз кезегінде министрлік Нотр-Дам университетіне оқуға жіберуге қаржылық көмек қарастырылмағанын мәлімдеген. Мұнымен қоса, Абзал "Самұрық-Қазына" қорынан да қолдау таппаған. 

"Қазақстандағы бірқатар беделі мықты ұйымдарға, қор өкілдерінен көмек сұрадық. Дегенмен олардың барлығы да көмек беруге қауқарсыз болып шықты. Атап айтсам, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Болат Өтемұратов қоры, BI Group холдингінің жетекшісі Айдын Рахымбаев, "Теңізшевройл" ұйымы, Ш. Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры, "KUSTO HELP" қоры грант қарастырылмағанын жеткізсе, Марғұлан Сейсембай, Арманжан Байтасов пен Бауыржан Оспановтан мүлдем жауап ала алмадық. Тұңғыш президент қорының өкілдері көмектесе алмайтындарын айтып, шорт кесті", – дейді ер азамат. 

Абзалдың әкесінің сөзінше, тығырықтан шығуға олардың досы көмек қолын созған. 

"Досыма үйімді сатып алуына ұсыныс жасап, Абзалдың оқуын төлеуге қаржы сертификатын беруін өтіндім. Ол банктен тікелей 120 мың доллар қаржыны АҚШ-тың Нотр-Дам университетінің магистратурасына аударатын болды. Үйімізді оның атына сатқанымызбен, ол өз үйімізде қанша уақыт керек болса, сонша уақыт тұра беруімізге болатынын айтты. Досым Абзалға тілегін айтып, ақ батасын берді", – дейді Абзалдың әкесі.

Мұндай қиындықтарға тап болған Абзалдың өз мемлекетінен көңілі қалмағанын айта кетті. 

"АҚШ-тағы оқуын тәмамдап, ғылыми дәреже алғаннан кейін Абзал еліне оралып, республикамызды көркейтуге атсалыспақ. Ол Қазақстанға тәжірибелі маман болып келеді, бұл жақта ол Алматыда және елордада екі зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл зауыттарда компьютер, смартфон, ноутбуктер мен робототехника, дрондар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары, нанороботтар құрастыру қолға алынбақ. Бұған қоса, Абзал ҚБТУ мен Назарбаев университетінің жанында ғылыми-зерттеу орталығын ашуды ойластыруда. Әрине, мұның барлығы қомақты қаражатты талап етеді. Сол себепті ол әлемдік ғылыми қоғамдастыққа танымал және беделді профессор атанып, Қазақстанға осылайша инвестиция тартып, Қазақстанның экономикасының дамуына өз үлесін қоспақ", – деген ол алдағы оқу жылын Абзал АҚШ-та бастайтынын тілге тиек етті. 

Еске салсақ, бұған дейін 16 жастағы қазақстандық АҚШ-тың ең жас магистранты  атанғаны айтылған еді. 

Талқылау