Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Томирис" кітабының авторы Нұрсұлтан мен Әлия Назарбаевтарды сотқа берді: Орымбетов талап еткен 50 миллион теңгесін алды ма?

“Томирис" кітабының авторы Ержан Орымбетов Алматы қалалық сотына шағым түсіріп, авторлық құқықты бұзғаны үшін Нұрсұлтан мен Әлия Назарбаевтардан 50 миллион теңге өндіруді талап еткен еді. Дегенмен сот шағым бергеннен кейін бір ай өткен соң сот қылмыстық істі қозғаудан бас тартқан. Жазушының өзі Stan.kz тілшісіне жағдайдың мән-жайын айтып берді. 

Фото: Stan.kz коллажы

"Томирис" фильмі 2019 жылдың қыркүйек айында қалың көрерменге жол тартқан еді. 6 500 000 доллар, яғни 3 миллиард теңге жұмсаған кинотуындыны белгілі режиссер Ақан Сатаев түсірген. Сценарийін жазған Темір Жақсылықов. Ал продюсерлік еткен Әлия Назарбаева.

Ержан Орымбетов 2013 жылы "Томирис" кітабын жазғанын және оны фильм түсіру үшін Нұрсұлтан Назарбаев пен мәдениет және спорт министрлігіне ұсынғанын айтады.

Жазушының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көмекшісі арқылы кітап үшін алғысын жеткізген. Алайда экс-президент фильм түсіріліміне қолдау жасамаған көрінеді. 

"2017 жылы 10 қыркүйек... Аяқ-астынан Әлия Назарбаеваның "Томирис" фильмін түсіріп, продюсерлік ететіні белгілі болды. 2017 жылы 26 сәуірде президент Нұрсұлтан Назарбаев режиссер Ақан Сатаевпен кездесіп, "Томирис" фильмінің сценариі бойынша ұсынысын берді", – деді жазушы.

Әлия Назарбаева мен "Қазақфильм" АҚ арасында сценарий әзірлеуге арналған келісімшарт 

Бұдан өзге Назарбаевтар кездесу барысында тарихи сәттерді түсіруге қатысты көзқарасын білдіріп, отандық кинематографияның келешектегі дамуы туралы ойларын ортаға салған.

"Айта кетейін, фильмді түсірушілердің ешқайсысы мені шақырған да, сөйлескен де жоқ. Осылайша, "Томирис" фильмі менің қатысуымсыз түсірілді және оның тұсаукесері 2019 жылдың қыркүйегінде өтті", – деді Ержан Орымбетов.

Ержан Орымбетов фильмнің тұсауы кесіле сала, оның плагиат екеніне көзі жеткен. 

"Фильмді көргенде бірден плагиат екенін түсіндім. Киноның сюжеті, ондаған көріністері мен диалогтары менің келісімімсіз сөзбе-сөз кітабымнан көшірілген. Бұдан кейін бірден фильмді түсіруші мен тапсырыс берушіге авторлық құқығым бұзылғаны туралы хаттар жаздым. Мәдениет және спорт министрлігі мен "Қазақфильм" АҚ-ның бірлескен жауабында кітап пен фильмдегі сәйкес келетін тұстар аз және кездейсоқ екені айтылған", – дейді автор.

Жазушы министрліктің жауабы шындыққа жанаспайды деп отыр.

Фотоколлаж Ержан Орымбетовтің жеке архивінен

"Мәселен, менің кітабымдағы ерекше сөз тіркесі "Хватит слов!” фильмде үш рет айтылған. Ал шығармамдағы Кирдің сақ тайпаларына арналған "Я сотру их с лица земли" деген жеке сөйлем фильмде екі рет қолданылған. Жұмысымнан көшірілген мұндай тіркестердің легі көп. Олардың бәрі қосымшада ұсынылған. Сонымен қатар Спаргапистің ұлы 3 жасында ат үстінде отырғаны және 4 жасында садақ тартқаны туралы кітабымнан алынған. Мұндай көріністің үшеуі фильмде көрсетілген", – деп атап өтті автор.

Жазушы "Томирис" фильмінде кітабынан 56 көрініс пен сюжет көшірілгенін тілге тиек етті. Ержан Орымбетов бірінші арызын Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотына жазған. 

"Бірақ сот өкілдері жауапкер қай қалаға тіркелсе, сол жердегі құзырлы органға шағымданыңыз деп арызымды қайтарды. Сөйтіп Астана азаматтық сотына 2023 жылдың 19 қыркүйегінде арыз бердім. Міне, 4 ай өтті. Әлі сот өкілдерінен хабар жоқ", – деді "Томирис" кітабының авторы.

Ержан Орымбетов соттан жауапкерлерден талапкердің пайдасына моральдық және материалдық залалды өндіріп алуды сұраған. Оның талап еткен сомасы – 50 миллион теңге. 

Алайда іс қозғалмай, талапкерден Назарбаевтардың тұрғылықты жері мен ЖСН (ИИН) беруін сұралған. Сөйтіп іс тоқтап тұрғандықтан, жазушы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, сот үкімді созбаққа салғанын жеткізеді. Ең қызығы, судья жазушыға арызданғаны үшін мемлекеттік баж салығын (1,5 миллион теңге) төлеуді талап еткен.

"Заң бойынша авторлық құқығы бұзылған адам баж салығынан босатылады. Бұдан кейін моральдық шығын туралы арызымды қайтадан алып, тек материалдық шығын өтеу керек екенін сұрадым", – деді қаламгер.

Фильм жарыққа шыққаннан кейін жазушы бірнеше басылымға плагиат туралы мәлімет берген. Автордың сұхбаты ақпарат бетіне шыға сала, сол күні үйіне полицейлер келген.

"Тағы шу шығарсам, 5 жыл түрмеде отыратынымды түсіндім. Бірақ мен плагиат туралы жазуды және айтуды тоқтатқан жоқпын. Содан кейін қоқан-лоқы көрсету басталды”, – деді жазушы.

Айтуынша, көлігінің дөңгелектері кесілген және пошта жәшігі сынған. 



Ержан Орымбетов 2021 жылы "Канн" фестивалінің сыйлығын жеңіп алған Иран режиссеры Асгар Фархадиді мысалға алды. Оның айтуынша, режиссер өзінің бұрынғы студенті Азада Масихзададан "Батыр" фильмінің идеясын ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған. Бұған қоса, Иран сотының шешімімен режиссер фильмді кинотеатрларда немесе желіде көрсетуден түскен барлық қаражатты студентіне беруге міндеттеген.

"Мен жалғыз өзім бәріне қарсы не істей аламын? Адамның бәрі заң алдында тең болуы керек қой", – деді Ержан Орымбетов.

Еске сала кетейік, экс-мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тарихи драма кассадан небәрі 480 миллион теңге жинағанын мәлімдеді.

Талқылау