Ақмола облысында сотталған мұғалімдер мектепте сабақ беріп келген
Ақмола облысының прокуратурасы облыстағы мектептерде кешенді тексерулер жүргізу барасында өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepick.com
Прокуратураның мәліметінше, тексеру басталғаннан бері қауіпсіздік пен құрылыс саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзудың 200-ден астам фактісі анықталған.
"Мектептерде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар жұмыс істеп келген. Ауылдық мектептердің бірінің жертөлесінде оқушылардың өмірі мен денсаулығына ықтимал қауіп төндіретін әскери қаруды қолдану арқылы оқу-жаттығу атыстары жүргізілген. Жоғары сынып оқушыларының кішілерді қорлау фактілері де тіркелді. 40 мектепте мұғалімдердің біліктілік талаптарына сай келмейтіні анықталды", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ кейбір мектептерде жалған қызметкерлерге жалақы аударылып отырған. Ал шын мәнінде бұл аұшаларды мектеп әкімшілігі алғаны белгілі болды.
"Бүгінгі таңда білім беру саласында қадағалау актілері бойынша 41 тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды, жымқыру, құжаттарды қолдан жасау және басқа да фактілер бойынша 19 сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды", – делінген Ақмола облысы прокуратурасының хабарламасында.