Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сахнаны аяғымен былғап, аузымен ластаған әншілерді атаққа жолатпаған жөн": Актер Бекжан Тұрыс "Халық әртісіне" кім лайық екенін айтты

Халыққа “Ақылбай” ақсақалдың образымен танымал Бекжан Тұрыс мереке қарсаңында атаққа лайық адамның есімін айтты. Ол желідегі парақшасына жазба жариялап, халыққа үндеу тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Соңғы уақытта актер қоғамдағы түрлі келеңсіз оқиғаларға да бейжай қарамай, пікір білдіріп жүр. Бұл жолы өнер иесі халық арасына кеңінен тараған “Фариза қыз”, “Желтоқсан желі” әндерінің авторы Әбиірбек Тінәлиевтің есімі елеусіз қалғанына қапалы. Актердың жазбасын сол қалпында жариялауды жөн көрдік.   

“Қазақстанның Халық әртісі атағы қайта берілетін болды” деген әңгіме шыққанда Әбиірбек Тінәлиевтің бейнесі көлбең ете қалғаны рас. Өнер – табиғат. Ол да көктейді. Бүршік атады. Ол баптағанға байланысты. Бағбанның пейіліне, күтушінің көңіліне тәуелді. Ұлы өнерді жасайтындар да солай, елінің ескергенін, еңбегінің еленгенін қалайды. Бірақ өздігінен өзеуреп алға ентелемейді. Ешқашан… Мен оның әндерінің “шаң басқан архивтерде” қалмайтынын білем, өйткені жылда желтоқсан айының бір күнінде “Желтоқсан желі” әр қазақтың ішіне “кіріп” бойын жылытып, рух сыйлап өтеді. Сахналардан көрінбей-ақ, қалың көрерменнің алдына шықпай-ақ ӘН болып оралады. 37 жылдан бері солай! Ендеше, “Қазақстанның Халық әртісі” деген атаққа Әбиірбек Тінәлиев лайық. Ондай киелі атаққа сахнаны аяғымен былғап, аузымен әбден ластап өнердің қадірін кетіріп, құтын қашырғандарды жолатпаған жөн. Беті жылтырап экраннан түспейтіндерді емес, тасада қалған Әбиірбектей дарындардың шығармашылығын бағалап, марапаттайық. Талантсыздарды тұсауламасақ, жылқы мен есектің қатар тұрғаны көрер көзге де сүйкімсіз көрінетіні белгілі. Ендігі жерде өнер адамдары соған абай болуымыз керек. Арсыздарға бәрібір болғанымен, арлы адамдар биікке ұмтылатын да кез жетті. Ессіздер алға шығып, естілер кейін қалған кезеңді артқа тастар уақыт келді ғой деп ойлаймын”, – деп реніш білдірді. 

Жазбаның астына актердің әріптестерінен бастап, шәкірттері де, өнер адамдары да жарыса пікір жазып жатыр. Тәуелсіздік алған жылдарда-ақ “Халық әртісін” алған Мақпал Жүнісова: ”Әбиірбек ағаның әнін 32 жылдан бері айтып келемін. Әлем қазақтарының өзі сазгердің “Фаризасын” сұрайды. Халық болып ағамызға атақ беруін талап етейік!” – деп қолдады.  

Естеріңізге салсақ “Құрмет” орденін алған Әли Оқаповтың басы дауға қалып, бүкіл атақтарынан бас тартқанын жазған болатынбыз.  

Талқылау