Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Polpharma Santo: SGLT2 ингибиторлары және заманауи диабет терапиясының даму үрдістері

Лещак

Фотода Лещак Чупряняк

Соңғы жылдары 2 типті қант диабетін емдеу тәсілі түбегейлі өзгерді. Бұрын негізгі мақсат қандағы глюкоза деңгейін бақылау болса, бүгінде емдеу стратегиясы анағұрлым кең ауқымды қамтиды. Яғни басты назар асқынулардың алдын алуға, науқастардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыруға бағытталып отыр.

Қазіргі таңда қант диабеті тек эндокриндік ауру ретінде ғана емес, жүрек-қан тамырлары және бүйрек жүйесіне айтарлықтай қауіп төндіретін дерт ретінде қарастырылады. Көптеген пациенттерде аурудың алғашқы белгілері ретінде жүрек жеткіліксіздігі мен созылмалы бүйрек ауруы байқалады. Дәл осы асқынулар науқастардың өміріне тікелей әсер етіп, өлім-жітім көрсеткішінің жоғарылауына себеп болады дейді дәрігерлер. 

Осыған байланысты заманауи медицинада емдеудің жаңа бағыттарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Солардың бірі – SGLT2 тежегіштері. Бұл дәрілер класы қант диабетін басқаруда кешенді әсерімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, олар қандағы глюкоза деңгейін төмендетумен қатар, дене салмағын азайтуға, артериялық қысымды тұрақтандыруға және жүрек пен бүйрек қызметін қорғауға ықпал етеді. 

Лещак Чупряняктың айтуынша, SGLT2 тежегіштерінің ішінде тиімділігі жоғары дапаглифлозин препаратына ерекше назар аударылып отыр. Яғни клиникалық зерттеулер оның тиімділігін дәлелдеген. Сонымен қатар препарат жүрек жеткіліксіздігіне байланысты ауруханаға жатқызу қаупін төмендетеді. Созылмалы бүйрек ауруының үдеуін баяулатады және жалпы өлім-жітім деңгейін азайтады.

"Қандағы глюкоза деңгейін ерте кезеңнен бастап тексеру өте маңызды. Қазір бізде тағы бір маңызды мүмкіндік бар. Егер диабетті ең бастапқы кезеңінде, қант деңгейі енді ғана көтеріле бастағанда анықтап, емдеуді ерте бастасақ, көптеген асқынулардың алдын алуға болады. Бұл жағдайда жүрекке де, бүйрекке де, қан тамырларына да, ми мен көзге де зиян келмейді. Адам қант диабетімен 20-30 жыл өмір сүрсе де, дер кезінде ем қабылдаса, қалыпты өмірге жақын жағдайда ұзақ өмір сүре алады. Ең бастысы – дәрі-дәрмекті тұрақты қабылдау. Сонда ағзада басқа ауыр зардаптардың алдын алуға болады. Сондықтан біз бұл туралы әлі талай айтамыз. Себебі адамдар диабет қаупі қай кезде туындайтынын және оны қалай ерте анықтап, дер кезінде емдеуге болатынын түсінуі керек", – деді Лещак Чупряняк.

Артық глюкозаны ағзадан зәр арқылы шығарады

Бұл препараттардың басты ерекшелігі – әсер ету механизмі. Олар артық глюкозаны ағзадан зәр арқылы шығарады (глюкозурия). Бұрын зәрде қанттың болуы теріс көрсеткіш саналса, қазіргі таңда бұл қалыпты құбылыс. Дәрігерлер мұны емнің тиімділігінің белгісі дейді.

SGLT2 ингибиторларының тиімділігі 2015 жылдан бастап ірі клиникалық зерттеулерде дәлелденді. Ал 2018 жылдан бастап халықаралық ұсынымдарға енгізілді. Бүгінде бұл препараттарды аурудың бастапқы кезеңінен қолдану ұсынылады.

"Бұл препараттардың сапасы жақсы болады деп күтпеген едік. Олар алғаш рет Еуропа мен Америкада қолданысқа енгізілгенде, әсері ерекше назар аудартты.  SGLT2 ингибиторларын қабылдаған кезде науқаста глюкозурия, яғни зәр арқылы глюкозаның бөлінуі байқалады. Ал бұған дейін диабетті емдеуде керісінше, глюкозурияны болдырмауға тырысатынбыз. Себебі қандағы қант деңгейі 10 ммоль/л-ден (шамамен 180 мг/дл) асқанда, зәрде қант пайда болады деп есептелетін. Сондықтан бұл тәсіл бастапқыда жаңа әрі күтпеген шешім ретінде қабылданды", – дейді Лещак Чупряняк.

Аталған препараттардың тағы бір маңызды артықшылығы, олардың қауіпсіздігі. SGLT2 ингибиторлары қандағы қантты тиімді төмендеткенімен, гипогликемия, яғни қант деңгейінің шамадан тыс төмендеу қаупін тудырмайды. Бұл пациенттер үшін аса маңызды факторлардың бірі болып саналады. 

"Қазіргі таңда, дәрігерлер қант диабетін емдеуде кешенді тәсілді жиі қолданады. Көп жағдайда терапия бірден бірнеше препаратты қатар тағайындаудан басталады. Атап айтқанда, метформин, SGLT2 ингибиторлары және ДПП-4 ингибиторлары біріктіріліп қолданылады. Мұндай тәсіл ауруды тиімді бақылауға алып, ұзақ мерзімді нәтижелерді жақсартуға мүмкіндік береді", – дейді Лещак Чупряняк.

Санто

Фотода Баян Мұсақызы

Дәрігерлердің айтуынша, пациенттердің көбі қант диабеті әбден асқынып кеткен кезде ғана көмекке жүгінеді.  Мәселен, диабеттік синдромымен немесе инфаркт алған уақытта ем іздейді.  Олар көбіне әлсіздікке тап болып, бірнеше келі салмақ жоғалтқанын айтады. Ал, “ДАРК” пациенттік ұйымының басшысы, Баян Мұсақызы Жұманованың айтуынша, соңғы онжылдықта қант диабетін емдеу тәсілдері айтарлықтай өзгерген. 

"Көбіне пациенттер дәрігерге көбіне асқынған жағдайда жүгінетін. Тамырлардың бітеліп қалуы, яғни, аяқ-қол ампутациясы немесе көру қабілетінен айырылу сияқты ауыр жағдайлар жиі кездесетін. Тіпті, Соқырлар қоғамындағы адамдардың жартысынан астамы диабет салдарынан көз жанарынан айырылғандар болған. Бүгінде мұндай күрделі асқынулардың саны айтарлықтай азайғаны байқалады. Осылай сараптама жасайтын болсақ. Қазіргі заманғы емдеу әдістері түбегейлі өзгерді. Инновациялық дәрі-дәрмектер тек қант деңгейін бақылап қана қоймай, жүрек-қан тамырлары жүйесіне оң әсер етеді, бүйрек қызметін қорғайды және артық салмақты азайтуға көмектеседі. Бұл әсіресе маңызды, себебі 2 типті қант диабеті жағдайларының шамамен 80%-ы семіздікпен байланысты. Сондықтан тәбетті төмендетіп, салмақты азайтатын препараттардың рөлі ерекше", – деді Баян Мұсақызы Жұманова. 

Қазақстандағы негізгі мәселелер

Бұрын қант диабеті диагнозы қойылған барлық азаматтарға, соның ішінде балаларға, ересектер мен қарттарға да емдеу тегін ұсынылатын. Ал биылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесіне байланысты жаңа талаптар енгізілді. Енді жұмыс істейтін азаматтар үшін сақтандыру жарналарын жұмыс беруші төлесе, жұмыссыз азаматтар сақтандыру пакетін өз қаражаты есебінен рәсімдеуі тиіс дейді мамандар.

"Жалпы, медициналық технологиялардың дамуы қант диабетімен өмір сүретін адамдардың өмір сапасын едәуір жақсартты. Дегенмен, жаңа сақтандыру жүйесіне бейімделу қажеттілігі де күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып отыр", – деді дәрігер эндокринолог.

Polpharma Santo дәрілерінің бағасы халықтың қалтасына қонымды. Әрі сапасы да жақсы, дейді Баян Мұсақызы Жұманова. 

"Біздің елге басқа жақтан келетін дәрілер, халықаралық жағдайға байланысты. Мәселен, қазір басқа елдерде соғыс болып жатса, яғни, халықаралық жағдайларға байланысты, ол елден дәрілерді шығара алмай қалсақ, өзіміздің елде осындай компаниялар қант диабетіне қарсы дәрі шығарса өте жақсы. Сондай-ақ, Polpharma Santo шығарып жатқан дәрілері бағасы жағынан да, халықтың қалтасына тиімді. Нақтырақ айтсақ, 50 пайыздан да жоғары арзан", – дейді Баян Мұсақызы Жұманова.  

Жалпы алғанда, SGLT2 ингибиторларын қабылдау болашақта түрлі асқынулардың алдын алады немесе оларды айтарлықтай кешіктіреді. Бұл үлкен жетістік. Сондай-ақ 2 типті қант диабетін емдеудің қазіргі тәсілі тек гликемиялық бақылаумен шектелмейді. Емдеу процесі кардиореналдық қауіптерді жан-жақты төмендетуге және аурудың ұзақ мерзімді нәтижелерін жақсартуға бағытталған. Бұл өз кезегінде пациенттердің өмір сапасын арттырып қана қоймай, олардың өмір сүру ұзақтығын да ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Назархан Уән
Дүйсенбі, 20 Сәуір, 2026 14:02