"Полиция қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасау": Антикор Шерзат Полаттың әкесіне қатысты істің қай баппен тергеліп жатқанын айтты
Ішкі істер министрлігі қаза тапқан Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық істің қандай айыппен тергеліп жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: видеодан скрин
Министрліктің мәліметінше, Қаржаубай Нұрымов қоғамдық орында құқыққа қайшы әрекеттер жасаған. Сондықтан оны ұстау туралы шешім қабылданған.
"Қазір полиция қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасау қаупі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне одан әрі тергеу үшін жіберілді", - деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ, аймақ прокуратурасы Нұрымовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жіберілгенін жеткізді. Алайда полиция қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық фактісі туралы істі неге Антикордың қарайтыны нақтыланбады.
Бұл ретте бұған дейін облыстық полиция департаменті Нұрымовқа қатысты қылмыстық істі бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтіру фактісі бойынша бастағанын мәлімдеген болатын.
"10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында орын алған құқыққа қайшы әрекеттер нәтижесінде автомобиль иесіне материалдық залал келтірілгені анықталды. Бұл әкімшілік жауапкершілік шегінен едәуір асып, іс-әрекеттің қылмыстық саралануына әкеліп соқты", - делінген департамент хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң Шерзаттың ашынған әкесі журналистердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов “бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды.