Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз": Депутат шетелден әкелінетін автокөліктердің кедендік сетка бағасын төмендетуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев шетелден кіргізілетін көліктерге қойылатын шектеулерге қатысты мәселелерді айтып берді. Депутат сырттан әкелінетін автокөліктерге кедендік баж салықтарының бағасын төмендетуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Мәжіліс отырысында мәселені баяндаған Нартай Сәрсенғалиев қазақстандықтар көлікті Қырғызстан арқылы екі есе арзанға кіргізіп жүргенін, салдарынан ел бюджеті қыруар ақшадан қағылып отырғанын айтты. Депутат алдымен статистикалық мәліметтерді келтірді. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда 4 миллион жеңіл автокөлік, 454 мың жүк көлігі мен 95 мың автобус бар. Темір тұлпардың талқаны шықпай жүріп беретін уақыты ең көп дегенде 10 жылды құрайды. 

Ал Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің 49 пайызының зауыттан шыққанына 20 жылдан асса, 21 пайызына 10 жыл болған. Сондай-ақ депутат жаңа деп саналатын 3 жылға дейінгі жеңіл автокөліктердің үлесі елімізде 6 пайыз ғана деген дерек келтірді.

“Қазақта: "Шабатын көлік күй тілейді" дейтін бар. Бірақ 4 миллион жеңіл автокөліктің тең жартысының тас жолға табаны тигеніне 20 жыл толған болса одан қандай күй сұраймыз? Үйсіз, күйсіз жүрген азаматтарымыз ең болмағанда дұрыс көлік мінгісі-ақ келеді. Бірақ оған ақылға сыймайтын кедергілер қойылған”, – деді депутат.

Депутат атап өткендей, Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу үшін бірнеше төлем жасау керек.

“Бірінші, көлік бағасының 12 пайызын құрайтын қосымша құн салығын төлеу керек. Екінші, автокөлік бағасының 15 пайызына тең мемлекеттік баж төлеу керек. Үшінші, сәйкестендіру сертификатын төлеу керек. Яки,шетелден қандай автокөлік әкелсеңде олардың Қазақстандағы диллерлерінен сертификат алу шарт, оның құны 60 мың теңгеден 140 мың теңгеге дейін. Төртінші, кедендік алым төлеу керек, шамамен 20 700 теңге. Бесінші, автокөліктің қозғалқышының көлеміне қарай утилалым төлеу шарт. Ол 258 750 теңгеден басталып қымбаттай береді. Қозғалтқыш көлемі 3-тен асса, 1 983 750 теңге төлеу керек біздің азамат. Оған қоса шамамен 350 000 теңге акциз төлеу қажет”, – деді өз баяндамасында.

Нартай Сәрсенғалиев сондай-ақ көліктің шығарылған жылына қарай төлем барын айтты.

"Первичка дейді. Егер Қазақстанға әкелінген көліктің шығарылғанына 3 жылдан асса, тағы 1,8 миллион теңге төлеу керек. Оған СВХ мен порттың және брокерлердің ақшасын қосыңыз. Осынша міндетті төлемнің салдарынан шетелдегі сапалы автокөлікті Қазақстан азаматтары әкеліп міне алмайды. Азаматтарымыз міндеттемелерді төлемейміз деп отырған жоқ, бірақ басты проблема – кедендік сетка. Яғни ол құжатта Қазақстанға кіретін барлық автокөліктердің ең төменгі бағасы белгіленген.

Бір ғана мысал, Қазақстандағы су жаңа Hyundai Elantra-ның құны ресми сайтта 11 миллион теңгеден басталады. Ал шетелде сол автокөлікті кемінде екі есе арзанға алуға болады. Бірақ кедендік сеткада аталған көліктің бағасы 13 800 доллар деп бекітілген. Сіз оны шетелден 10 000 долларға сатып алсаңыз да, Қазақстанға тек 13 800 доллар деген бағамен кіреді және барлық салықтық және міндетті төлемдер осы бағадан есептеледі. Ең сорақысы, таусылмайтын төлемнен арылу үшін шетелден алған автокөліктерін алдымен Қырғызстанға әкеліп тіркейді. Ол жақтағы төлем бізден 2 есе аз екен. Сосын Қазақстанға кіргізеді. Осылайша біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз. 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Қырғыз еліне 41 мың автокөлік кірген. Кейін соның біраз бөлігі біздің елге өткен делінеді ашық дерекөзде. Осылайша Қазақстан азаматтарын жақсы көлік міну құқығынан қағып және қазынаға түсуі тиіс қыруар қаражаттан да қағылып отыр", – деді ол.

Мәселелерді тізіп шыққан депутат өзіне келіп жатқан хаттарды айтып, жұрттың талаптарын жария етті. 

"Біріншісі, Қазақстанға келіп жатқан автокөліктердің шекті құны бекітілген кедендік сетканың бағасын төмендету. Екіншісі, алғашқы тіркеу бағасын түсіру. Қазір Қазақстанға жеткізілетін көліктердің шыққанына 3 жылдан асса, оған 1,8 млн теңге төлеу міндеттеледі. Осы мерзімді 7 жылға дейін созу. Үшіншісі, утильалым бағасын төмендету. Тіпті үкімет мырзалық қылса, алып тастау", –  деп сөзін қортындылады депутат. 

Талқылау